Қоғам болып күрескенде ғана төтеп береміз
Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті сұрақтардың бірі болып табылады. Осы ретте Тереңөзек кенті әкімдігі тарапынан жемқорлықты болдырмау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын жемқорлық қылмыстары саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны айқын. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимылды барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Деректер көрсеткендей, қызмет өкілеттілігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, жалған жауап беру, лауазымды адамның сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады. Осындай келеңсіз құбылыстармен күрес жүргізу – тек сот және құқық қорғау мемлекеттік органдардың міндеті ғана емес, әрбір ұлтжанды азаматтардың парызы. Мұндай ауыр дертті тек мемлекет және құқық қызметкерлерінің күшімен жеңе алмаймыз. Жемқорлықтың алдын бүкіл халық болып қолға алсақ қана тоқтатуға болады. Сол себептен барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзыретінің шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге міндетті.
Бүгінде барлық мекемелерде сенім телефондары жұмыс жасайды. Мемлекеттік органдардың қызметшілері халыққа мемлекеттік қызметтерді электронды түрде қол жетімділігі жөнінде кеңінен насихаттауда. Бұл да белгілі бір дәрежеде сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың жолы.
Мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа құқық бұзушылыққа бой алдырмайтындай үлкен күш пен сенім қажет. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек.Ертеңгі болашағы үшін алаңдайтын әрбір саналы азамат жемқорлықты ауыздықтау ісінде өз үлесін қосқаны абзал.
Қорыта келе, жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты, үздіксіз, ашық және әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Қоғам болып күрескенде ғана сыбайлас жемқорлыққа төтеп бере аламыз.
Индира БАКИРОВА,
Тереңөзек кенті әкімі
аппаратының бас маманы
Тереңөзек кенті әкімі
аппаратының бас маманы