Жемқорлыққа жол жоқ
Сыбайлас жемқорлық заман ағысымен бірге өсіп – өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті сұрақтардың бірі болып табылады. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны айқын.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықа қарсы іс қимылды барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс.
Мемлекеттік органдардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттілігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.
Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттілігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, жалған жауап беру, лауазымды адамның сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.
Мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа құқық бұзушылыққа бой алдырмайтындай үлкен күшпен сенім қажет. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек.
Әрине сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, жеке кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дерт болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға тарату жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке біз болып, сіз болып атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосқанымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.
«Дүние-байлық неге керек, денсаулығың болмаса, төрелігің неге керек, халықтың көңілі толмаса»,– деген нақыл шынында да, біз әділ төрелік жасап, сыбайлас жемқорлықпен күрескенде ғана халық сеніміне ие боламыз. Сондықтан сыбайлас жемқорлық пен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.
А.Маханбеталиев,
Сырдария аудандық қазынашылық басқармасының бас маман-бас қазынашысы
Пікір 1