Колледж студенттеріне диплом табысталды
Аудан орталығындағы Сырдария аграрлы-техникалық колледж – жастарға техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орны. Колледждің негізі қаланған 1969 жылдан бері 9 мыңнан аса жұмысшы кадрлар даярланған.
Алғашқы жылдары ауданның құрылыс мекемелеріне арнап тас қалаушы, сылақшы, бояушы, пеш салушы, ағаш ұстасы мамандықтары бойынша жұмысшы мамандар даярланса, кейінгі жылдары механизатор мамандары шықты. «СПТУ-88» деп аталған училищенің ғимараты бұрынғы орында 1976 жылға дейін болып, осы жылы Тереңөзек кенті орталығындағы типтік үлгіде салынған училище корпусына көшеді. 2009 жылы оқу орны №10 кәсіптік лицей болып қайта құрылады. Ал 2012 жылы Сырдария аграрлы-техникалық колледжі болып өзгерді.
Ұлттық бірыңғай деректер қоры бойынша 2022-2023 оқу жылында колледжде 162 студент 6 мамандық бойынша білім алып келеді. Нақты айтқанда, ферма шаруашылығы мамандығы бойынша – 34, дәнекерлеу ісі мамандығы бойынша – 61, тамақтандыруды ұйымдастыруды мамандығы бойынша – 14, ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану мамандығы бойынша – 23, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу мамандығы бойынша – 21, токарлық іс – 9 білім алушы бар.
Биылғы оқу жылында 37 студент оқу бітірді. «Фермер шаруашылығы» мамандығымен білім алған 19 студенттің топ жетекшісі – Рахима Райымқұлова, өндірістік оқу шебері – Бақытбек Ахметов. Ал «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығын меңгерген 18 студенттің топ жетекшісі – Александр Федотов, өндірістік оқу шебері – Алтын Қожақова.
Жақында студенттердің колледжді бітіруіне орай «Сәт сапар, жас түлек!» атты диплом табыстау жиыны өтті. Жиынға колледж директоры Дархан Қожахметов, директордың оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Шынар Баяханова қатысып, бітірушілерге салтанататты түрде құжаттарын тапсырды. Колледж бітірушілердің атынан Салтанат Жұмабаева, ата-аналар тарапынан Нұргүл Бекмаханова сөз сөйлеп, кәсіби бағдар, мамандық берген ұстаздарға алғыс айтты.
Ауыл шаруашылық өндірісінің шебері және киім конструкторы біліктілігін алған студенттер алдағы уақытта жұмыспен қамтылмақ.
Айта кету керек, колледж жоспарына сәйкес 2023-2024 оқу жылына 3 мамандық бойынша 75 студент қабылдау жоспарланған. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығын механикаландыруға – 25, дәнекерлеу ісіне – 25, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеуге – 25 студент қабылданады.
Бибісара ЖАНӘЛІ