Кәсіптік білім – сапалы жұмыс көзі
Елімізде соңғы уақытта жұмысшы мамандарға сұраныс көлемі артқан. соған сәйкес Кәсіптік білім беру мәселесіне басымдық беру арқылы «әмбебап» мамандарды даярлауға көп көңіл бөлінуде. бүгінде «тігінші», «аспаз», «фермер», «дәнекерлеуші», «тас қалаушы» секілді қоғамға қажетті маман иелерінсіз ел дамуының негізгі салаларын елестету мүмкін емес.
Заман талабына сай жұмыс істеуге машықтанған кәсіп иелерін даярлайтын арнаулы оқу орындарының мәртебесін көтеру қажет екені белгілі. Бұл бағытта Президенттің пәрменімен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Үкіметтің тапсырмасы бойынша облыстарда нақты жұмыстар атқарылуда.
Сырдария аграрлы-техникалық колледжінен жыл сайын жүздеген түлек үлкен өмірге қанат қағады. Аталған білім ошағы 2020-2021 жаңа оқу жылын 162 білім алушымен бастады. Қазіргі таңда колледж оқытушылары 5 мамандық бойынша кәсіби маман даярлау үстінде. Атап айтар болсақ, «Ферма шаруашылығы», «Ауыл шаруашылық өндірісіндегі тракторшы-машинист», «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану», «Тас қалаушы», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Киім конструкторы», «Дәнекерлеу ісі», «Тамақтандыруды ұйымдастыру» бойынша оқытушылар жас мамандарды даярлауда.
Студенттерге сапалы білім, саналы тәрбие беру бағытында колледжде 38 инженер-педагог жұмыс жасайды. Елдегі ахуалға байланысты оқытушылар қашықтан оқытуды жүзеге асыратын электронды «Сollege smart nation» платформасы арқылы білім алушыларға сабақ беруде. Карантин талаптарына сәйкес жұмыс форматы өзгертілгенімен білім беру сапасы төмендемеген. Керісінше, жаңа жүйелер қолданылып, студенттерге кәсіптік білім қашықтан берілуде.
Ауылшаруашылық саласы бойынша білім алушы жастар аудан аумағындағы шаруашылықтарда тағылымдамадан өтеді. Олар өз мамандықтары бойынша тәжірибе жинақтап, алдыңғы буын аға-апаларынан ақыл кеңес алады. Оқу мен тәжірибені ұштастырулары үшін студенттерге барлық мүмкіндік жасалған. Тек білімге құштар болып, ізденісті серік етуден жалықпаса болғаны. Қалған мүмкінідіктің барлығын мемлекеттік қолдау аясында колледж ұйымдастыруда. Бұл ата-аналар үшін де тиімді. Атап өту керек, тағылымдамадан өткен шаруашылықтардың сұранысына сәйкес тұрақты жұмысқа орналасқан колледж түлектері көп. Олар бүгінде аграрлы ауданның дамуына жаңаша серпін беріп, колледж қабырғасында алған білімдерін шаруашылықтардың өркендеуіне жұмсауда.
Кәсіптік білім беруде дәнекерлеушілерді даярлау асқан жауаптылықты қажет етеді. Қауіптілігі жоғары мамандық иелеріне жүктелетін міндет ауқымды екені айтпасақ та түсінікті. Бұл мамандықта бірінші кезекте қауіпсіздікке баса мән беріледі.
– Сырдария аграрлы-техникалық колледжінде «Дәнеркелеуші» мамандығы бойынша білім алдым. Заманауи кәсіптік білімді оқыту тәжірибелеріне сүйенетін ұстаздар бізге ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар берді. Теория мен тәжірибені қатар ұштастырған білікті ұстаздардан қалаған мамандықтың қыр-сырын меңгердік. Қазіргі таңда «дәнеркелеуші» мамандығы бойынша қызмет атқарудамын. Күрделі саланы игеруге мол мүмкіндік туғызған оқытушыларға алғысым шексіз. Қай кезде де білім ошағында қалыптасқан саналы білімім мен мол тәжірибемді жұмыс барасында жүзеге асыратын боламын. Бүгінде маман ретінде өмірден өз орнымды таптым десем де болады, – дейді А.Тоқмағамбетов ауылының тумасы, колледж түлегі Жандос Сансызбаев.
Ал тігіншілік кәсіптің негізгі бағытын ұстанған мамандар арасында бәсекелестік жоғары екенін атап өтуіміз қажет. Бір сөзбен айтқанда, халық тігіншілер мен ісмерлердің заттарын көп тұтынады.
– Бүгінде кәсіптік білім беру жұмыстарын ұйымдастыруға басымдық берілуде. Осы ретте, аудандағы мектеп бітіруші түлектерге Сырдария аграрлы-техникалық колледжі мол мүмкіндіктер ұсынуда. Қазіргі таңда колледждің аймақтың білім беру саласында өзіндік орны бар. Оқытушыларымыз да жаңа заман талабына сай жұмыс жүргізуде. Студенттер теория мен тәжірибені ұштастырып, кәсіби маман атану жолында жарқын жетістіктерге ұмтылуда. Біз оқуда озат студенттерді қолдауға әркез дайынбыз. Оларға жасалған қолдау мен мүмкіндік болашақ үшін аса маңызды. Арнайы мамандықты игерген сырдариялық жастардың арасында үлкен кәсіпорындарда жұмыс жасап жатқандар көп. Олар сапалы кәсіптік білім берген колледждегі оқытушыларға әркез алғыс айтады, – дейді колледж директоры Дархан Қожахметов.
Атап өту керек, экономикасы тұрақты мемлекет тұрғындардың баспана мәселесін шешу мақсатында құрылыс саласын дамытуға басымдық береді. Бұл ретте «Тас қалаушы» мамандығы құрылыстың негізгі қозғаушы күші болып табылады. Сапалы әрі сенімді баспана салуда тас қалаушылардың кәсіби білімі айрықша маңызға ие. Сырдария аграрлы-техникалық колледжінің оқытушылары болашақтың іргетасын қалайтын мамандарды тәрбиелеуде деп айтуға толық негіз бар.
Балтабай ОРДАБЕКОВ