Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіс емдейтін тәжірибелі дәрігер

Тіс емдейтін тәжірибелі дәрігер

Дана халқымызда «Тісі ауырғанның көңілін сұрамайды» деген тәмсіл бар. Иә, адамның тісі дуылдап ауырғанда өзін қоярға жер таппай қалатындай күйде болады. Мұндайда дереу тіс дәрігеріне жетіп баратынымыз рас. Ал, тіс ауруы мазаңды қашырып тұрғанда бірден ем-дом шарасын жасай кететін тіс дәрігерлерінен айналып-ақ кетесің. Ауданда олардың қатары жетерлік десек, стоматолог дәрігер Жасұлан Әлжановтың орны бөлек.

Бұл салада Жәкеңнің тәжірибелі маман екені шүбәсіз. Өйткені тісі ауырып келген науқастарды емдеп жүргеніне 30 жылға жуық уақыт болған. Осы уақыт аралығында сырдариялықтардың біразы Жасұлан Сәбитұлының алдына келіп, ем қабылдағаны анық.

Жәкең – жергілікті жердің азаматы. Әкесі Сәбит Әлжанов – саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнаған қырағы полицей. Бүгінде отставкадағы подполковник. Ал анасы Бекзада Тілеуімбетова – медицина саласының ардагері. Аудандық ауруханада ұзақ жыл бойына фельдшер-нарколог қызметін атқарған. Халыққа қызмет ете білген отбасында 6 ұл тәрбиеленіп өскен. Ағайындылар Ғабит, Нұрлан, Ерлан, Жасұлан, Ержан және Бауыржан әке мен ана үмітін ақтап, әртүрлі салада жемісті еңбек етуде. Ағайындылардың ішінде Жәкең медицина саласын таңдап, стоматолог дәрігер болған.

Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан соң өз арманына қол жеткізу үшін Қарағанды мемлекеттік медициналық институтқа оқуға түскен. Бұл елімізде Азаттықтың арайлы таңы атқан жыл еді. Содан 5 жыл «Стоматология» факультетінде жоғары білім алып, тіс емдеудің түрлі тәсілдерін меңгереді. Орталық Қазақстаннан жоғары білім алып келген жас маман 1996 жылы аудандық емханада стоматолог дәрігер болып еңбек жолын бастайды. Міне, содан бергі уақытта аталған салада тәжірибе жинақтап, білікті маман атанып, аудан халқына қызмет етіп келеді.

– Тіс күтіміне көңіл бөліп, мұқият тазалап, үнемі назарда ұстаудың бүкіл ағза саулығына әсері зор. Ал, ауыз қуысының тазалығы ас қорыту жүйесінің қалыпты қызметін қамтамасыз етеді. Әрі қардай ақ маржан тіс көркіңе көрік үстеп, ажарыңды аша түседі. Сол себепті де әркім тістің сау болуына ерекше күтім жасағаны дұрыс. Кей адамдардың тіске немқұрайлы қарауы денсаулығына кері әсерін тигізіп жатады. Сондайда біз қажетті емдеу шарасын жасаймыз. Қазір тісті емдеудің жаңа технологиялары қалыптасып үлгерді. Сондықтан уақыт талабына сай біліктілікті жетілдіріп отырамын. Ресей, Франция елінің профессорларымен тәжірибе алмасып, сертификат алдым. Тіс емдеудің жаңа тәсілдері тұрғындарға қолайлы жағдай туғызудың алғышарттары екені белгілі, – дейді тәжірибелі дәрігер.

Аудандық емханада Жәкеңе арнайы келетін науқастар жетерлік. Бі­лікті стоматолог оларға тісіне емдеу, жұлу, эндодантия қызметтерін көрсетеді.

– Жасұлан Сәбитұлымен ұзақ жылдар бірге қызмет етіп келеміз. Өз ісінің білікті маманы. Науқастардың тісін емдеуде кәсібилік танытады. Тісі ауырып келген жанның барлық анатомиялық ерекшеліктеріне сәйкес тіс формасын қалыптастырып, емін толық жүргізеді. Сол арқылы алғысқа бөленіп келеді, – дейді әріптесі Байтабын Рүстемов.

Әріптесі айтқандай, сырдариялықтардың алғысына бөленіп келе жатқан стоматолог дәрігер қызмет барысында «Аманат» партиясының, облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хатымен мара­патталған.

Стоматологтар арасында «Адамның тісі кішкене түтікше секілді. Бір шеті ауыз қуысында тұрса, екінші ұшы жүрекпен жалғасады» деген теңеу бар. Демек, адамға стоматологиялық көмекті дер кезінде көрсетудің маңызы зор. Яғни, тіс ауруының алдын алуға, ауру сипатын дер кезінде анықтауға рентген түсірілімінің маңызы айтпаса да түсінікті. Ол арқылы қай тістің сау, қайсысы тіс жегіден зардап шеккенін, қайсысын емдеп, жұлу керектігін нақты білуге болатынын айтады тәжірибелі маман.

– Кез келген тіс ауруы тамақты жеткілікті шайнамаудан басталады. Себебі ауыз қуысында қалған қалдықтар микробқа айналып, эмальды бұзады. Дұрыс шайналмаған тамақ асқазан жұмысын ауырлатады. Ауру асқынған кезде жүрекке жетеді. Бүйрек, бауырдың қызметін бүлдіреді. Сөйтіп, тіс жегі пайда болады. Бұған жол бермес үшін үнемі тіске мән беру керек – дейді білікті дәрігер.

Тәуелсіздік жылдары шаңырақ көтерген Жасұлан Әлжанов жары Лунара Шахметовамен 3 ұл тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Диас – қазіргі таңда аудандық спорт клубының директоры, екінші ұлы Аслан аудандық полиция бөлімінің қылмыстық іздестіру бөлімшесінде кинолог болып қызмет атқарады. Ал кенжесі Тамырлан келер жылы мектепті бітіреді.

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде Жәкең секілді тәжірибелі маман кейіпкеріміз болды. Өйткені, білікті маманның ат­қа­рып жатқан қызметі кейінгі жас мамандарға үлгі болмақ. Ал тиісті ем-домын қабылдаған тұрғындар қай кезде ризашылығын білдіруден шаршамайтыны айқын.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
17 маусым 2023 ж. 512 0