Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТІСІҢ АУЫРМАСЫН, БАЛАҚАЙ!

ТІСІҢ АУЫРМАСЫН, БАЛАҚАЙ!


Бала кезімізде «Тіс ауырса, іш ауырса мамам дәрі береді», деп тақпақ айтатын едік. Қазір баланың тісі ауырса, жаныңды қоярға жер таппайсың. Қандай дәрі көмектеседі екен деп безектеп, қолда бар дәрі-дәрмекті пайдаланып, әбігерге түсесің. Мұндай жағдайда тіс дәрігеріне жүгіну қажет екенін білсек те, уақыт өте тістің ауырғаны қойған соң бұл жайды ұмытып та кетесің.
Негізінен, тіс ауруын тудыратын оның қандай да бір дертке шалдығуымен байланыстырады. Көбі­не кездесетіні тіс кариесі. Ас-ауқаттан соң ауыз қуысын сумен шайып, ас қалдықтарынан тазарту осы аурудың алдын алады. Ал, тіс күтімінің ең негізгісі оның дұрыс тазалануында. Жақында «Colgate» компаниясы ауданның мектептерінде «Өмір бойы жарқыраған күлкі» тақырыбымен акция өткізді. Оны ұйымдастырушылар аудандық емхананың стоматолог-дәрігерлері бастауыш сыныптарының оқушыларына тіс пастасы мен тіс щеткасын таратты.
– Биыл екінші мәрте акцияны өткізіп жатқан компанияға ризашы­лығымызды білдіреміз. Балаларға тіс щеткасын дұрыс пайдалануды үйретеміз. Негізінен екі айда бір рет тіс щеткасын ауыстырып тұрған жөн. Пайдаланған щетканы дұрыстап жуып қою керек, – дейді стоматолог дәрігер Б.Рүстемов.
Шын мәнінде, қазір тісі сау баланы кездестіру қиын. Мұны дұрыс тамақтанбаумен де байланыстырады мамандар. Құрамында мөлшер­ден тыс тәттілер бар сусындар да тіс кариесіне әкеледі. Бірде таныс келіншек кездесіп, кішкентай қызының тісіне алаңдайтынын айтып, тіс ауруының алдын алуға дәрігерден кеңес сұрағанын айтты. Дәрігер барлық ережені түсіндіріп, кеңесін береді. Нәтижесінде қазір қызының тісі түп-түгел, ешқандай тіс дертіне шалдықпаған. Осындай жауапкершілігі мол ананы көріп, таңқалысымды жасыра алмадым. Бұл, әрине, көпке үлгі боларлықтай іс. Ең бастысы баланың тәттіге құмарлығы болғанымен, ауыз қуысын әр тамақтанудан соң тазалауын ата-анасы қадағаласа, балаңыздың тісі сап-сау болады.

Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ
10 сәуір 2018 ж. 1 966 0