Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘРКІМНІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ ӨЗ ҚОЛЫНДА

ӘРКІМНІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ ӨЗ ҚОЛЫНДА


Қай жерің ауырса, жаның сол жерде деп жатамыз. Ал сондай сырқаттанған сәтте жедел жанымыздан табылатын ақ халатты абзал жандар екені анық. Науқастанғанда денсаулық сақшылары дереу көмек көрсетіп, ем-дом шараларын жүргізеді. Сырқаттың сырын анықтап, аяқтан нық тұруға жағдай жасайды. Сол себепті де адам жанының арашашысы болған медицина қызметкерлеріне халқымыз ежелден құрметпен қарайды.
Ауданда халық ықыласына бөленген дәрігерлер қатары көп десек, солардың бірі – жас маман Бағлан Мұхтаров. Аудан орталығындағы заманауи талаптарға сай жұмыс жасап келе жатқан емханада қызмет істейтін Бағлан – отбасылық дәрігер. Ол бұл мамандықты бала кезден армандаған. Адам денсаулығының жанашыры болуға талпынып, жастайынан осы сала маманы атануға бел байлайды. Кенттегі №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектепті ойдағыдай бітірісімен 2007 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнында «Жалпы медициналық» факультетте 7 жыл білім алған. Әрине, адам жанының бағбаны болу оңай емес. Өйткені, біреу сыртқаттанғанда оның сырын анықтап, тиісті ем шараларын жүргізу үшін жан-жақты білімді игеру керек, аталған саланың қыр-сырын меңгеру қажет. Оқу орнын бітіргеннен кейін де түрлі аурулардың алдын алу, шипасын табуға үнемі ізденісте болу шарт. Міне, осындай медицина саласының ауыртпалығын білген жас маман университетті тәмамдаған соң 2014 жылы облыс орталығындағы №4 емханада еңбек жолын бастайды. Отбасылық дәрігер ретінде қала тұрғындарына өз көмегін көрсетіп, білген-түйгенін тәжірибеде қолданады. Осы жерде жүріп тәжірибелі мамандардан да біраз нәрсені үйренеді. Аталған емханада екі жыл қызмет жасаған ақ халатты абзал жан 2016 жылдың қазан айынан бастап ауданға қызметке келген. Содан бері ол өзіне жүктелген 4 аймақтың отбасылық дәрігері ретінде міндетін абыроймен атқарып келеді. Бұл аймаққа Абай, Б.Момышұлы, А.Әлиакбаров, Ы.Жақаев, А.Тоқмағанбетов және 1 мамыр көшесі жатады десек, осындағы кішкентай сәбиден бастап, егде жастағы қарияға дейінгі жандардың денсаулығын бақылайды. Олардың уақытылы ем алып, науқастардың ауруын асқындырмауына, дер кезінде көмек көрсетуге жұмыс жасайды. Әсіресе, созылмалы аурумен ауырған науқастарды емдеуге күш салады. Жас маманмен тілдескенімізде осыларды тізбектеп берді.
– Бүгінгі таңда қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Елімізде денсаулық сақтау саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүміндіктер жасалуда. Отбасылық дәрігер ретінде осы мүмкіндіктерді пайдаланып, өз міндетімді атқарудамын. Халықтың уақытылы скринингтік тексеруден өтуін қадағалап, салауатты өмір салтын ұстануға насихат жұмысын жүргіземін. Жоспар бойынша науқастардың үйіне барып, ем-дом жасаймын, емханада қабылдау жүргізіп, дәрі-дәрмек тағайындаймын. Мұның бәрі тұрғындар денсаулығын жақсарту мақсатындағы менің негізгі міндетім, - дейді жас дәрігер.
Өз мамандығын мақтаныш санайтын медицина қызметкері отбасында бес ағайындының үлкені. Әкесі Ерлан Мұхтаров пен анасы Гүлжан Әбдіғаппарова – аудан орталығында отбасылық бизнесті дамытып отырған кәсіпкерлер. Бағланнан кейінгі інілері Мағжан мен Қалдан да ата-анаға қолғабыс етіп, кәсіпті өрбітуде. Ал отбасылық бизнестен гөрі отбасылық дәрігер болуды қалаған Бағлан Мұхтаров сапалы медициналық қызмет көрсетуде үнемі ізденісте жүреді. Сондай-ақ, тұрғындарға уақытылы тексерістен өтіп, берілген дәрілерді қабылдап, емдеу шараларынан қашпау керектігін әркез ескертіп жүреді. Өйткені, «Әркімнің денсаулығы өз қолында» дейді ақ халатты абзал жан.

Е.БЕРКІНБАЕВ


19 маусым 2018 ж. 1 722 0