Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » РЕАНИМАТОЛОГ

РЕАНИМАТОЛОГ

Кент тұрғыны Ербол Жансымақов осыдан бір жыл бұрын болған оқиғаны еш ұмытпайтыны анық. Бүгінде үш жасқа жеткен егіз ұлы Әліби мен Әлішер ауырғанда жанын қоярға жер таппады. Енді ғана өмір есігін ашқан екі ұлды өмірімнің жалғасы деп қуанғанда аяқасты ауруханаға түсіп, қабағын мұң шалды. Бауыр еті балалары үшін жанын шүберекке түйіп, дәрігерден жылы сөз күтті...
Таңғы сағат 4-тің шамасы. Егіздің бірі Әліби аудандық аурухананың реанимация бөлім­шесіне ес-түссіз күй­де түсті. Жүрегі ғана соғып тұр. Өзі екі жастағы бүлдіршін. Сәті түскенде, түнгі кезекшілікте белгілі реаниматолог Руслан Арғынбаев екен. Шұғыл көмек көрсетуге кірісіп кетті. Алдымен, ес-түссіз жатқан сәбидің диаг­нозын анықтады. Білікті маман бөбек­тің қант мөлшері түсіп, тыныс алу жо­лы бұ­зылып, сусызданудың ауыр жағдайы екенін бірден білді. Содан ем-дом шарасын бастап кетті. Бірден жаса­н­ды өкпе демалысы аппаратына қосып, сәбидің еркін тыныстауына жол ашты.
Бұл кезде Ерекең өзін қоярға жер таппай жүрген болатын. Таң атып келе жатқан тұста аурухана алдын күзетіп, баласы үшін алаңдаулы. Бө­лімше жаққа қайта-қайта барып, жү­гіріп жүрген мейірбикелерді көріп, одан бетер түңілгендей. Ақыры, сәбиін «облыс орталығына алып кете­мін» деді. Ерболға білікті дәрігер Рус­лан Абдуллаұлы басу айтты. Екі ара­лық бір сағаттық жол. Сәби ес-түссіз. Қанша дегенмен медициналық аппаратпен жеткізгенімен оған да сенім жоқ. Қа­лаға жеткенде тағы да уақыт жоғал­туы ықтимал. Сондықтан сенім артып, ем шарасын жасауға мүмкіндік беруді сұрады. Русланның тәжірибелі маман екенін Ербол жақсы біледі. Артық сөз айтпады, бірден келісе кетті.
Ата-ана сенім артқан соң дәрігер сәби өмірін алып қалудың бар шарасын жасап бақты. Дәл сол жағдайда бүл­діршін миының ісіп кетуіне жол бермеу керек. Ол үшін қант мөлшерін көтеру қажет. Жоғалтқан сұйықтық орнын толтыру да міндетті. Бұларды қалыпқа келтірмесе еш үміт жоқ...
Сәбиге ересектерге салғандай көп мөлшерде дәрі-дәрмек беруге болмай­ды. Бәрі белгілі мөлшермен. Оны реа­ни­матолог нақты біледі. Баланың сал­мағына сәйкес, дене қызуы, тыныс алуы­на байланысты мөлшерлеп, есеп­теп отырып екпелер жасайды. Сол таңғы қарбаластан Р.Арғынбаев тәулік бойы сәби қасынан бір елі кетпеді.Көрер жарығы бар екен. Жаратқан жар болып және тәжірибелі дәрігердің біліктілігінің ар­қа­сында ес-түссіз күй­дегі Әліби есін жинап, келер күнгі таңғы 6-дан өте ап­параттан алынды. Өздігінен тыныс алып, қалыпты жағдайға келді. Ал үш күннен кейін егіз ұл өз үйінде, ата-анасының құшағында болды.
– Осындай ауыр жағдайға тап бол­ғанда көпшілік аудан дәрігерлеріне се­німсіздік танытады. Бірден «қалаға алып кетеміз» деп байбалам салады. Науқастың жағдайына мән бермейді. Екі аралықта небір жағдай орын алуы мүмкін ғой. Ал Ербол артық сөз айтпады. Бірден сенім білдірді. Сондай үлкен сенім­нің арқасында біздің қолымыз жүр­ді, зор жауапкершілікпен жұмыс атқар­дық, – дейді Руслан Абдуллаұлы.
Қос ұлдың әкесі Ерболдың білікті дәрігерге алғысы шексіз. «Әлі күнге алдын кесіп өтпеймін» дейді ризалық көңілмен.
Ес-түссіз жағдайдағы бала өміріне араша болып, өмірге қайта әкелген дәрігерге риза болмай көр! Біз адам жанының арашашысы болып жүрген реаниматологтың бір ғана оқиғасын келтірдік. Ал он сегіз жылдық еңбек өтілінде дәрігердің қолынан осындай шипа көрген қанша адам бар екен, ә?!

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ

15 маусым 2019 ж. 873 0