Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіс емханасы тұрғындарға тегін қызмет көрсетеді

Тіс емханасы тұрғындарға тегін қызмет көрсетеді

Әлемдегі халықтың басым бөлігі ұдайы жүгінетін медицинаның бір­ден-бір саласына стоматология жат­ады. Қазіргі уақытта тістен келетін қауіптің алдын алудың жолы көп. Білімі мен біліктілігі жоғары тіс ма­манын іздейтін көпшілік ден­саулығына аса көңіл бөлетіні рас. Бұл ретте, тереңөзектік жеке кәсіпкер Әсел Әнуарова өткен жылдың қараша айынан бастап, аудан орталығынан тіс емханасын ашты. Бүгінде жергілікті тұрғындарға заманауи үлгіде қызмет көрсетуді көздейтін орта­лықтың келушісі көп.

Осы уақытқа дейін 300-ден аса адамның тісін емдеп жазған емханада 2 дәрігер жұмыс жасайды. Апта бойы үзіліссіз жанына шипа іздеген жандар дәрігер кеңесіне жүгіне алады. Тіске күрделі ем-дом жүргізетін кәсіби мамандар бірнеше заманауи аппаратты жетік меңгерген. Айта кетейік, жаңа жылдан бас­тап, тіс емханасы жекелеген адамдарға тегін қызмет көрсетуді қолға алған. Мәселен, тіс емханасынан 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, ҰОС ардагерлері, зейнеткерлер, І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектер, «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иелері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, мүгедек балаға немесе бала кезінен І топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін кісілер ақысыз қызмет алуға мүмкіндік алады.

– Қырық мыңға жуық аудан халқына арналған тіс емханасын ашуды жолдасым Азамат екеуміз көптен жоспарлап жүрген болатынбыз. Кез келген адам тіске күтім жасауды ұмыт қалдырып жатады. Уақыт өте, тісі қатты ауырған жандар сапалы тіс емдейтін дәрігерді іздейтіні анық. Өз кезегінде біздің емханада білікті дәрігерлер Жандос Төлегенов пен Гүлжайна Бақытханқызы тісі ауырған кісілерді емдеп жазуда. Әсілінде, тісті емдеу барысында ескерілетін өзіндік қағидасы бар. Гигиеналық тазалықты сақтау – бірінші орынға қойылады. Сонымен бірге дәрігерлердің дұрыс диагноз қоюға ықпал жасайтын соңғы үлгідегі аппаратпен қамтамасыз етудің рөлі зор. Біз ем-дом жасауға қажетті дәрі-дәрмек пен арнайы құрылғыларды Астана, Алматы қалаларынан алдыртамыз. Дертіне шипа іздеген жандарға қолайлы орта қалыптастыруға барымызды саламыз. Айта кетейік, емханада тістер орналасқан ауыз қуыстарын түсіретін рентген аппараты жұмыс жасайды, – дейді жеке кәсіпкер Әсел Әнуарова.

Бір адамның тісінің қаншалықты зақымдалуына байланысты ем-дом шарасы 4-5 тәулікке созылады екен. Расында, білікті дәрігердің көмегімен тісті емдеу, ауырсынуды басу, пломба салу, жансыздару арқылы тіс жұлу, периостотомия, абсцесстерді ашу секілді бірнеше емханалық емдеу жүргізіледі. Бұл ретте, көпшілікті тіс емдеудің бағалары қызықтыруы мүмкін. Құрттаған тіске ем жасау 5000-8000 теңге, пульпит 10000-15000 теңге, периодонтит 15000-20000 теңге, Ал 5-7 күн аралығында тісті емдеу 8000 теңге, тісті маржандай етіп тазалау 10000 теңге. Қарапайым тісті жұлу 3000-5000 теңге, күрделі тісті жұлу 6000-8000 теңге, ақыл тісті жұлу 8000-12000 теңге аралығын құрайды. Өз кезегінде тіс салу бағалары сапасы мен материалына байла­нысты өзгеріп отырады.

Біз емханаға барғанымызда науқастың тісін емдеп жатқан білікті дәрігер Жандос Төлегенов өз тәжірибесімен бөлісті.

– Әрбір адамның тісі сау болғаны денсаулығына тікелей әсер етеді. Емделушілер тіс ауруларын асқындырып алғаннан кейін бізге келеді. Адамдарда тіске құрт түсіп, шірік пайда болу жиі кездеседі. Тіске күтім жасауда немқұрайлылық пен олқылыққа жол берілмеу керек. Ауыз қуысының бактерияға толуы, тамақтан кейін тістерді дұрыс тазаланбауы ауруға шалдықтарады. Қазіргі уақытта тістерді бірден жұлып тастамай, емдеуге аса мән берген дұрыс. Тісі жиі ауыратын жандарға айтарым, күнделікті ауыз қуысын 2-3 мәрте тұзды сумен шайған дұрыс, – дейді Жандос Төлегенов.

«Тіссіз иекке быламық та тиек» деген қазақта сөз бар. Жеке кәсіпкер тұтынушының сұранысын қанағаттандыру мақсатында сапалы жұмысты үйлестіре бермек. Апта бойы науқастарды үздіксіз қабылдауға ниетті дәрігерлердің қолына дерт бермесін демекпіз!

Балтабай ОРДАБЕКОВ
24 қаңтар 2023 ж. 540 0