Келелі мәселелер талқыланды
Сырдария аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы М.Еспенбетовтің төрағалығымен Қоғамдық кеңестің кезекті жиыны өткізілді. Жылдық жоспарға сәйкес ұйымдастырылған жиынға Қоғамдық кеңес мүшелерінен бөлек күн тәртібіне сәйкес шақырылған мекеме басшылары мен сала мамандары қатысты.
Жиналыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Сырдария аграрлы-техникалық колледжінің аудан шаруашылықтарына қажетті механизатор мамандарын дайындау мен оларды жұмысқа орналастыру бағытында атқарып жатқан жұмыстарының есебі тыңдалды. Бұл бойынша колледж директоры Д.Қожахметов баяндама жасады.
– «Сырдария аграрлы-техникалық колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының оқу ғимараты 3 қабаттан тұрады. Колледждің оқу ғимараты 450 орындық болса, арнаулы пәндер кабинеті – 6, жалпы білім беретін кабинеттер – 11, информатика кабинеті – 1, интерактивті тақтамен қамтамасыз етілген кабинет – 4. Шеберханалар бойынша айтар болсақ, тігін шеберханасы – 12 орындық, слесарлық ісі шеберханасы – 30 орындық, автомобиль және трактор лабораториясы және аспазшы мамандығы бойынша лаборатория бар. Сонымен бірге 1 кітапхана, 26 орындық оқу залы, 120 орындық акт залы, типтік спорт зал, 1 спорт алаңы, 1 әскери даярлық алаңы бар. Колледжде 34 штаттық кестеге сәйкес 72 қызметкер жұмыс жасайды, оның ішінде 35 инженер педагог жұмыс атқарады. 2022-2023 оқу жылында колледжімізде 6 мамандық бойынша 162 студент білім алуда. Оның 130-ы ер бала, ал 32-сі қыз бала. 90 білім алушы Тереңөзек кентінен болса, қалған 72 білім алушы елді-мекендерден келген білім алушылар. Сонымен қатар, колледжде оқитын студеттердің арасында аз қамтылған отбасы балаларының саны – 65, мүмкіндігі шектеулі балалар саны – 9, көп балалы отбасынан шыққандар саны – 75, толық емес отбасынан шыққан студенттер саны – 38. 2022-2023 оқу жылының басында колледжімізде білім алып жатқан 128 білім алушыға ай сайын 28323,0 теңге шәкіртақы тағайындалған. «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарында білім алатын және тәрбиеленетін жекелеген санаттағы азаматтарға, сондай-ақ қорғаншылықтағы (қамқоршылықтағы) және патронаттағы адамдарға тегін тамақтандыруды ұсыну» мемлекеттік қызметі бойынша 65 студентке 12975 теңге тағайындалып отыр. 2019-2020 жылғы оқу жылында бітіруші түлектердің 85,1 пайызы жұмысқа орналасса, бұл көрсеткіш 2020-2021 оқу жылында 78,3 пайыз, 2021-2022 оқу жылында 78,1 пайыз болды. Биыл бұл көрсеткішті жақсарту жоспарда бар, – деді колледж директоры.
Бұл мәселе бойынша Қоғамдық кеңес мүшесі А.Есназар колледждің имиджін көтеру бағытында нақты іс-шаралар атқару керектігін айтса, Ш.Нұрсейітов колледж бен шаруашылықтар арасында қабылданған меморандумдардың орындалуын бақылауға алуды ұсынды. Өз кезегінде А.Ибрагимұлы колледждің 55 жылдық мерейтойын лайықты атап өту қажеттігін қаперге салып, колледжге Б.Мұстапаеваның есімін беру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың қай сатыда екенін сұрады. Сондай-ақ Қ.Сүлейменов колледжде дайындалатын мамандықтарды заман талабына сай жоспарлап, сұранысқа ие мамандықтарды жоспарға енгізуді ұсынды. Көтерілген мәселелер бойынша колледж директоры Д.Қожахметов жауап беріп, жақын күндері Қоғамдық кеңеске нақты ұсыныс берілетінін айтты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе аудандағы денсаулық сақтау саласының мәселелеріне, атап айтқанда кадр жетіспеушілігін жою, жедел жәрдем қызметінің сапасы, скрининг жұмыстарының ұйымдастырылуы мен аудан тұрғындарының қамтылуына арналып, бұл бойынша бас дәрігердің орынбасары Ж.Жұмабаева баяндама жасады.
– «Дені сау ұлт» мемлекеттік бағдарламасы аясында халық денсаулығын жақсарту жолында біршама іс-шаралар жүзеге асырылды. Медициналық қызмет сапасын арттыру, халықты қолжетімді медицинамен қамтамасыз ету, профилактикалық медицинаны дамыту, ана мен бала денсаулығын қорғау басты назарымызда. Сондай-ақ алғашқы медико-санитариялық көмекті жетілдіру, аудандағы емдеу және алдын алу ұйымдарының материалдық-техникалық базаларын нығайту, нысаналы индикаторларға қол жеткізу де күн тәртібінде тұр. Ауданда 110 төсек орындық аудандық аурухана, ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана, 10 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет бар. Аудандық аурухана құрамында балалар бөлімі, хирургия бөлімі, терапия бөлімі, жансақтау бөлімі, гинекология және перзентхана бөлімшесі, оңалту және қалпына келтіру, паллиативті көмек бөлімшесі, сонымен қатар жұқпалы аурулар бөлімшелері жұмыс жасауда. Бүгінгі таңда аудандық денсаулық сақтау саласында барлығы 717 қызметкер, оның ішінде 71 дәрігер, 395 орта буынды қызметкерлері, 125 кіші буынды және 126 басқа да қызметкерлер қызмет атқаруда. Дәрігерлермен қамтамасыз етілуі 94,25% құрайды. 2023 жылдың 3 айында аурушаңдығын талдау жасайтын болсақ тіркелген аурушаңдық көрсеткіші – 11910, оның ішінде алғашқы рет тіркелгендер саны – 5180. Аурушаңдықтың ішінде тыныс алу, ас қорыту, несеп және зəр шығару жүйесінің ауруларының үлес салмағы көп. 2023 жылдың 3 айында 161 нәресте дүниеге келді. Туберкулезге қарсы атқарылып жатқан іс-шаралар нәтижесінде туберкулезбен аурушаңдылық және өлім-жітім көрсеткіштерінің соңғы 5 жыл көлемінде тұрақты түрде төмендеуге бағыт алған. 2023 жылы кесте бойынша жоспарланған елді-мекендерге уақытылы зерттеулер жүргізіліп, аудан халқы флюоротексерумен жоспарға сәйкес 3 ай қорытындысымен 3864 адам флюорографиялық байқаудан өткізу жоспарланып, оның 3466-сы өткізілді. 2023 жылдың 1 қаңтарында кәсіпорынның кредиторлық қарызы 274 млн 446 мың теңгені құраған. 2023 жылдың мамыр айынының 15 жұлдызына кредиторлық қарызы 46 млн 460 мың теңгені құрап отыр. Ағымдағы жыл ішінде жоғарыда аталған кредиторлық қарыздарды азайту мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді бас дәрігердің орынбасары Ж.Жұмабаева.
Бұл мәселе бойынша Қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов кадр мәселесіне жіті назар аударып, әсіресе хирург мамандардың жұмыспен қамытылуына, ауданда тұруына көңіл бөлу керектігін көтерді. Ш.Нұрсейітов асқазан, ішек ауруларына қатысты тексеру жұмыстарының сапасы жөнінде айтып, ауданға КТА, МРТ аппаратын алдыру қажеттігін айтты. Ж.Ембергенов, Е.Жақып және А.Ибрагимұлы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауданның денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапалы болуын қадағалауды ұсынды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселелер бойынша салалардың бірінші басшыларының қатыспауына байланысты ол мәселелер кейінге шегірілді және аудан әкіміне Қоғамдық кеңес атынан ұсыныс берілетін болып келісілді. Жалпы, Сырдария аудандық Қоғамдық кеңесі ҚР Қоғамдық кеңестер туралы заңы бойынша жұмыс істейді. Аталған заңда Қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесі, мақсаты мен міндеті, қағидаттары, өкілеттілігі анық көрсетілген. Осы ретте Қоғамдық кеңес жиналысы алдын ала ескертіліп, жазбаша хат беріліп, қосымша хабарланса да Қоғамдық кеңес жиналысына қатыспаған басшылардың тәртіптік мәселесін қарау жөнінде Қоғамдық кеңес атынан аудан әкіміне ұсыныс енгізілетін болып келісілді.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ