Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрылыс сапасы қатаң бақылауда болуы қажет

Құрылыс сапасы қатаң бақылауда болуы қажет

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төраға­лығымен аппарат мәжілісі өтіп, күн тәртібінде негізгі үш мәселе қаралды. Мәжіліске тиісті сала басшылары түгел қатысып, аудандағы коммуналдық және құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Ең алдымен аудан басшысы жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындылануға жақын қалғанын айтып, бюджеттен бө­лінген қаржылар, оның ішінде коммунал­дық сала мен құрылысқа бөлінген қар­жылар толық игерілуі керектігін қаперге салды.

– Биыл ауданда автомобиль жолдарын салу, жөндеу, газбен және электрмен қамтамасыз ету, ауыз су жүйесін жаңғыр­ту, кәріз су мәселесін шешу, сондай-ақ жаңадан құрылыстар салуға көп қаражат бөлінді. Бұл қаражаттар оңайлықпен келген жоқ. Сондықтан бюджеттің әр тиыны бақылауымызда болып, дұрыс, мақсатты жұмсалуы керек. Әсіресе жол жөндеу мен құрылыс жұмыстарының сапасына мән беріп, мердігер мекемелерге күнделікті жұмыс жүргізу керек. Бұл – кент және ауыл әкімдерінен сұралатын бірінші талап, – деді аудан басшысы.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бо­йынша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Н.Бисембаев баяндама жасады. Бөлім басшысы аудан бойынша 2023 жылы жол саласына барлығы 31 жобаға 3 млрд теңге қаржы бөлінгенін айтып, әр жоба бойынша толыққанды ақпарат берді.

– Жобалардың ішінде облыстық маңы­зы бар екі жоба бар. Екі жобаға да рес­публикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Атап айтқанда, «Қызылорда – Айдарлы – Тартоғай» жолын орташа жөндеуге 1 млрд 367 млн теңге қаржы бөлініп, 30 шақырым жолға асфальт жабындысын төсеу жұ­мыстары жүргізілді. Ал «Самара – Шымкент– Тереңөзек» автомобиль жолының 12 шақырым бөлігіне орташа жөндеу жұ­мыстарына 687,6 млн теңге бөлініп, қа­зіргі таңда асфальт төсеу жұмыстарына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Екі жобаға да тапсырыс беруші облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы екенін айта кеткеніміз жөн. Елді мекендер көшелері мен аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына қа­тысты қалған 29 жобаға 1 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 12 жобаға 488,7 млн теңге, облыстық бюджеттен 14 жобаға 453,5 млн теңге, аудандық бюджеттен 3 жобаға 88,3 млн теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда 29 жобаның 11 жобасы (3 жоба бойынша жұмыстар аяқталған) бойынша жұмыстар басталған, 17 жоба бо­йынша жөндеу жұмыстары маусым айында басталады деп күтілуде. Өкінішке қарай, мәселелер де жоқ емес. Мысалы, «Қызылорда – Жалағаш – Тереңөзек» 0-3 шақырым автожолының 0,8 шақырымы бойынша мердігер мекеме соттың шешімімен мамыр айында жосықсыз болып танылып, қазіргі таңда сот міндеттемелерін орындамау бойынша сот орындаушыға тиісті құжаттар ұсынылуда. Мәселе бөлімнің күнделікті бақылауында. Жалпы автомобиль жолдары бойынша келесі жылға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 1,5 млрд теңгеге республикалық бюджетке 3 жоба ұсынылып отыр. Қазіргі таңда Тереңөзек кенті бойынша 12 көшеге, Қо­ғалыкөл ауылы бойынша 3 көшеге, Бесарық ауылы бойынша 4 көшеге, Қал­жан ахун ауылы бойынша 1 көшеге күр­делі жөндеу жұмыстарына жобалық-сме­талық құжаттамалар әзірленуде. Сонымен қатар аудандық маңызы бар «Қы­зылорда – Әуежай – Қоғалыкөл – Шір­кейлі» автомобиль жолының 8-13,5 шақырымына, 30-33 шақырымына, 39-41 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге техникалық құжаттамасын әзір­леуге жо­балаушы мекемемен келісім шарт жаса­лынған, – деді Н.Бисембаев.

Бөлім басшысы мұнан кейін аудан халқын газбен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды. Қолда бар мә­ліметке сүйенсек, Қалжан ахун елді ме­кенін газдандыру үшін қажетті 330,5 млн теңгенің қазір 297,5 млн теңгесі бөлініпті. Қаражат «Ауыл – ел бесігі» бағдарлама­сы аясында республикалық бюджеттен қарастырылған. Осы қаржыға мердігер мекеме 12,8 шақырым газ құбырларын жүргізіп, тұрғын үйлерге арналған 120 дана газ құбыры түтігін орналастырған. Қазіргі таңда жоба бойынша ауыл ішіндегі газ құбырларын жүргізу жұмыстары 90 пайызды құрап, 143,0 млн теңге игерілген. Сонымен қатар С.Сейфуллин елді мекенін газбен қамтамасыз ету бойынша қажетті 447,4 млн теңгенің, А.Тоқмағамбетов елді мекенін газбен қамтамасыз етуге қажетті 514,8 млн теңгенің бүгінде облыстық бюджеттен 40 млн теңгесі бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Осы аптаның соңында жеңімпаз анықталып, тиісті жұмыстар басталады деп күтілуде. Осы және басқа да мәліметтермен бөліскен бөлім басшысы алдағы жоспарларға да тоқталды.

– Қаржыландырылуға ұсынылған жо­ба­лар да көп. Мәселен, Шаған елді ме­кенін газбен қамтамасыз ету бойынша 2024 жылға республикалық бюджеттен 2,6 млрд теңгеге және Н.Ілиясов елді мекенін газбен қамтамасыз бойынша 661,4 млн теңгеге қаржыландыруға облыстық энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінімдер ұсынылды. Қазіргі таңда Ақжарма елді мекенін газдандыру жобасы демеушілік есебінен әзірленуде. Бұдан бөлек, Сырдария ауданының ор­талық аурханасы оңалту бөлімшесінің қазандығы ғимаратын реконструкциялау жобасының жалпы құны 66,7 млн теңге және «Ботагөз» балабақшасы ғи­маратының бу қазандықтарын газ отынымен қайта жабдықтау жобасының жалпы құны 29,7 млн теңге болып, сәуір айында қаржысы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, мердігермен келісім шарт жасалуда, – деді бөлім басшысы.

Біз аудан халқы таза ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етілген деп жазып, айтып жүргенімізбен ауыз сумен қамтамыз ету саласында да назар аударарлық өзек­ті мәселелер бар. Аппарат мәжілісінде бұл мәселелер аудан әкімінің назарынан тыс қалған жоқ. Мәселен, биыл Іңкәр­дария және Шаған елді мекендеріне екі су мұнарасы орнатылған. С.Сейфуллин және Н.Ілиясов елді мекендеріндегі су мұнараларының тозуының анықталуына байланысты қазіргі таңда ауыстыруды қажет етуде. Бұдан бөлек, Тереңөзек кен­ті, С.Сейфуллин, Шаған, Қоғалыкөл, Іңкәр­дария елді мекендеріне бір данадан ұңғыма қазу қажеттілігі туындап отыр. Бұл бойынша аудан басшысы бірқатар сын-ескертпелер айтып, саладағы өзекті мәселелерді тиісті басқармалармен бір­лесіп, түбегейлі шешуді аудан әкімінің орынбасары Р.Еспенбетовке тапсырды.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бо­йынша аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы А.Куш­мурзаев баяндама жасады. Бөлім басшысы биыл жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайтын 11 жобаға бюджеттен 2,1 млрд теңге қаржы бөлінгенін айтты.

– Облыс, аудан әкімдерінің тапсырмасына сәйкес, бірінші кезекте электрмен жабдықтау, ауыз су құбыры желілерін жаңарту, инженерлік-коммуналдық ин­фра­құрылымды жаңғырту, сондай-ақ жаңадан нысандар салу мен олардың са­пасын бақылауға ерекше басымдық берілуде. Бұл бағытта ауданымызда нақты жұмыстар атқарылуда. Мәселен Айдарлы, Қоғалыкөл, Жетікөл елді мекендерін электрмен жабдықтау жұмыстарына «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлт­тық жобасы аясында республикалық бюджеттен 1,1 млрд теңге, облыстық бюджеттен 107,7 млн теңге бөлінді. Қа­зір Айдарлы, Жетікөл ауылдарында құ­рылыс жұмыстары аяқталып, нысанды қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Қо­ғалыкөлде тиісті құрылыс жұмыстары жүргізілуде, келесі айда аяқталуы керек. Аманкелді елді мекенін электрмен жабдықтау жұмыстарына жалпы құны 554,3 млн теңгені құрайтын жобаға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ұлттық қордан 491,7 млн теңге қаржы бөлініп, бүгінгі таңда облыстық бюджеттен 54,6 млн теңгесі күтілуде. Қазіргі таңда мер­дігер мекеме «Универсал Строй Сервис» ЖШС арқылы құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қалжан ахун елді мекенін электр­мен жабдықтау үшін облыстық энер­гетика және тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық басқармасына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2024 жылға республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландыруға өтінім ұсынылды, – деді А.Кушмурзаев.

Бөлім басшысы инженерлік-комму­нал­дық инфра­құрылым бойынша, оның ішінде Тереңөзек кентіндегі жаңа шағын ау­данның инфрақұрылымы жұмыстарына облыстық бюджеттен 200,0 млн теңге қаржы бөлінгенін де айтты. Бірақ нысан өтпелі болып табылады. Қазіргі таң­да облыстық мемлекеттік сатып алу бас­қармасы арқылы құрылыс жұмыста­рына мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, жеңімпаз мердігер мекемелермен келісім шарт жасалынған. Ал Бесарық елді мекеніндегі былтыр басталған спорт кешенінің құрылысы биыл аяқталып, қыр­күйек айында пайдалануға берілмек.

– Жетікөл елді мекенінде үш бөлмелі екі тұрғын үй құрылысы жобасының жалпы құны – 30,9 млн теңге. 2020 жылы жергілікті бюджеттен 500,0 мың теңге қаражат бөлініп, игерілді. 2023 жылға құрылыс жұмыстарын аяқтауға аудандық бюджеттен 30,379 мың теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда мердігер мекеме «Орион LTD» ЖШС-мен құрылыс жұ­мыс­тары жүргізілуде. Сонымен қатар Тереңөзек кентінен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін жапсарлас салынған 25 тұрғын үй (50 пәтер) сатып алуға республикалық бюджеттен 480,0 млн теңге қаржы бөлінді. Жылдың соңына дейін 25 тұрғын үй (50 пәтер) сатып алынып, ел игілігіне пайдалануға беріледі. Сонымен қатар бөлім арқылы 2024 жыл­ға құрылыс жұмыстарын жүргізуге жалпы құны – 2,3 млрд теңгені құрайтын 9 жобаға өтінім ұсынылды, – деді бөлім басшысы.

Аудан бойынша салынып жатқан (салынуы белгіленген) объектілер мен кешендерге бөлім тарапынан мониторинг жүргізу барысында заңсыз салынған құ­рылыстар анықталған. Бұл бойынша Қы­зылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасына 11 кәсіпкерлік нысанға ұсы­ныс жолданып, 7 кәсіпкерлік нысанға сот арқылы айыппұл салынған. Мамыр айы­ның өзінде 4 кәсіпкерлік нысанға Қы­зылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасына тиісті шара қабылдауға жол­данған.

Аудан басшысы әр құрылыс сапалы әрі уақытылы жүргізілу керектігін ескертіп, міндеттемелерін толық орындамаған мер­дігер мекемелердің мәселесі «май шаммен» қаралатынын айтты. Бұл мәселеде жүрдім-бардым қарауға болмайтынына тоқталып, қажет болса бірден прокуратура органдарына шағым түсірілетінін жет­кізіп, тиісті сала басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе аудан­дық жастар ресурстық орталығының ат­қарған жұмыстарына арналып, орталық директоры Н.Абдрасилов баяндама жасады. Аудан әкімі жастарға көңіл бөлу – бо­лашаққа көңіл бөлу екенін айтып, кент және ауыл әкімдеріне, дербес бөлім басшыларына аудандық жастар ресурстық орталығымен бірлесе жұмыс жүргізуді міндеттеді. Оның ішінде NEET санатындағы жастардың санын азайту, жастар арасындағы жұмыссыздық көр­сеткішін төмендетуге ерекше басымдық берілмек.

Барлық мәселе қаралып, сол бойынша тапсырмалар берілді.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
03 маусым 2023 ж. 177 0