«Алтын сақа – Шаған» бөбекжай балабақшасында семинар өткізілді
Сырдария ауданы бойынша білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің жұмыс жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың 29 қазан күні Шаған ауылы №14 «Алтын сақа – Шаған» бөбекжай балабақшасы базасында «Мектепке дейінгі ұйымдарда үлгілік оқу бағдарламалары негізінде сапаны арттыру» тақырыбында аудандық семинар өтті. Семинардың негізгі мақсаты – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінде үлгілік оқу бағдарламаларын тиімді пайдалану арқылы білім сапасын арттыру жолдарын қарастыру және тәжірибе алмасу.
Шараға аудандағы мемлекеттік-жекеменшік балабақша меңгерушілері, әдіскерлері мен тәрбиешілері, барлығы- 45 маман қатысты.
 Шараны білім бөлімінің әдіскері Ғ.Бақтиярова ашып, бағдарламаға сәйкес жұмыс көруге шақырды. 
 Семинар бағдарламасына сәйкес «Қарлығаш» ересек тобының тәрбиешісі С.Сейдалиева «Математика әлемі» тақырыбындағы математика негізінде ұйымдастырылған іс-әрекетін түрлі дидактикалық, интерактивті ойындар арқылы, «Балдәурен» ортаңғы аралас тобының тәрбиешісі Ж.Серікбаева «Мамандықтар әлемі» тақырыбында ойын іс-әрекетін, «Жұлдыз ортаңғы тобының тәрбиешілері Н.Шәйменова «Үш аю» және Н.Үмбетаева «Арқан бойымен тепе теңдікті сақтап жүру тақырыптарында ойын іс-әрекеттерін көрсетті.
 Балабақша психологы А.Сүндетбаева «Керемет күз» ерекше балалармен түзету дамыту жұмыстарын көрсетсе, балабақша дефектологы С.Дүкенбаева «Үй жануарлары» тақырыбында топтық жұмыс арқылы балалардың танымдық, коммуникативтік дағдыларын әртүрлі дидактикалық, интерактивті, қимылды ойындар арқылы дамытты.
 «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы бойынша тәрбиешілер А.Раушанова «Отбасы тәрбиесінің алтын қазығы» тақырыбында әжелер мектебінің, Г.Ыдырыс «Ер тоқым – ер азаматтың айбыны» тақырыбында әкелер мектебінің, Ж.Маханова «Ұлт тәрбиесі – Ананың әлдиінен» тақырыбында аналар мектебінің жұмыстарын көрсетті.
Музыка жетекшілері Г.Боранбаева мен М.Бекарыстанова «Мерекелі Алтын күз» тақырыбындағы музыка іс-әрекетін өткізу құрылымы бойынша әртүрлі ойындар мен тиімді әдістерді пайдаланып ұйымдастырды.
 Шара соңында қатысушылар ұсыныс-пікірлерін білдіріп, әрбір ұйымдастырылған іс-әрекетке талдау жұмыстары жүргізіліп, өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Іс-тәжірибелерімен бөліскен №14 «Алтын сақа - Шаған» бөбекжай балабақшасының шығармашыл педагогтарына білім бөлімінің арнайы сертификаттары табысталды.
Сырдария аудандық білім бөлімі
		










