Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Баға тұрақтылығы басты назарда

Баға тұрақтылығы басты назарда

Бүгін аудан әкімі Талғат Дүйсебаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Карантиндік талаптарға сәйкес өткізілген мәжіліске тиісті бөлім басшылары және ауыл әкімдері онлайн қатысты.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе көктемгі дала жұмыстарының жүргізілу барысы және азық-түлік бағасын тұрақтандыру жайлы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбек хабарлама жасады.

Аудан бойынша биыл 32659 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланды. Оның ішінде, негізгі дақыл күріш 20600 гектарға орналастырылмақ. Бүгінгі күнге ауыл шаруашылығы құрылымдарында 7751 гектар ескі жоңышқаны тырмаланып, 2578 гектар жаңа жоңышқа егілсе, әртараптандыру бойынша 105 гектар мақсары, 990 гектар жаздық бидай егілген. Ауданда күріш дақылын сәуір айының 23-нен бастап егу жұмыстары басталды. Бүгінгі күнге күріштің 2134 гектары егіліп, 1210 гектары суға бастырылған.

Бұл мәселе бойынша аудан әкімі көктемгі дала жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды және ауданда баға тұрақтылығын сақтауды тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе газдандыру және автомобиль жолдарының мәселесі туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Бақтияров баяндады. Бөлім басшысы бүгінгі күні 8 әлеуметтік нысан мен 420 тұрғын жай көгілдір отынға қосылғанын атап өтті. Сондай-ақ кент орталығын газдандыруға қатысты түсіндірме жұмыстары жүріп жатқандығын жеткізді. Өз кезегінде биылғы жол мәселесіне де арнайы тоқталып өтті.

Аудан басшысы әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарды және тұрғын жайларды көгілдір отынға қосу жұмыстарын жеделдетіп, газдың тарифіне қатысты тиісті жұмыстарды атқаруды жүктеді. Сондай-ақ жолдардың сапалы әрі уақыты салуына қадағалауды күшейту керектігін ескертті.

Мәжілістегі үшінші мәселе «Аудан әкімі аппараты мәжілісінде берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы туралы» аудан әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің басшысы Абзал Ұзақбаев хабарлады.

Аппарат мәжілісінің қорытындысында аудан әкімі күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты әр сала бойынша тиісті хаттамалық тапсырмаларды жүктеді.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
29 сәуір 2021 ж. 475 0