Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сібір түйнемесі: себептері мен салдары

Сібір түйнемесі: себептері мен салдары

Сібір түйнемесі – малдан адамға жұғатын аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Сыртқы тері қабаттарының түйнемелік «карбункул» түрінде зақымдануымен без қабынуымен, безгекпен, уыттануымен сипатталатын жедел жұқпалы ауру. Бұл ауру қазіргі уақытта барлық елдерде жануарлар арасында, сондай-ақ адамдар арасында кездеседі.

Сібір түйнемесі қазақ жеріндеде ертеден белгілі. Тұрмыс-тіршілігі мал өсірумен тығыз байланысты. Сібір түйнемесі ауруының қоздырғышы сыртқы ортаның әсеріне өте шыдамды, ол спорға айналған соң 120-160 градус ыстыққа 2-3 сағатқа дейін өлмейді. Спорлар топырақта бірнеше жылдарға (кейбір деректерде 120 жылға) дейін шыдайды. Малдың немесе адамның денесіне енгенде спорлар тез арада өзгереді, ауру қоздыратын түріне қайта айналады. Малдар бұл аурудың қоздырғыштарын көбінесе жаз, күз айларында күйдіргіден қолайсыз деп есептелетін жайылымдардағы топырақта, судан немесе ауырған малдың етінен, жемнен, т.б жұқтырады. Ал адам денесіне қоздырғыштардың қандай жолмен (тері, тыныс алу, ас қорыту)енуіне сәйкес күйдіргінің де ауыр және жеңіл түрлері болады. Ең көп таралған түрі-терінің зақымдануы, оның ішінде, қолдың саусақтары, білек, мойын, бет, аяқ, мүшелері. Терінің зақымдалған жерінде қатты қышитын қызыл дақ пайда болып, күлдіреп 2-3 күннің ішінде бетінде көмірдей қара қабыршығы бар жараға айналады. Жараның айналасы қызарып, жалтырап ісіп тұрғанымен, ұстағанда ауырмайды. Дененің қызуы көтеріледі. Уақытында ем қолданылмаса микроб қанға өтіп (сепсис) денеге жайылып аурудың өлімге әкеліп соғуы ықтимал. Аурудың алғашқы белгілері білінісімен дереу дәрігерге көрініңіздер. Күйдіргі (немесе түйнеме, сібір жарасы) – ерте заманнан белгілі, адамдар мен мал арасында көп кездесетін, Жер шарында кең тараған аса қауіпті жұқпалы індеттердің бірі. Бұл індет туралы мәліметтер ертедегі грек, рим жазбаларында да кездеседі. Індет Батыс елдерінде «қасиетті от», ал Шығыста «парсы оты» деген аттармен белгілі болған. Тарихта бұл «оттар» белең алған Жер шарының талай елінде адамдардың мыңдап, төрт түлік малдың жүз мыңдап қырылу фактілері тіркелген. Ауру қоздырғышы-бациллалар (Bacillus anthracis) сыртқы ортаның әсеріне айтарлықтай шыдамды болмағанымен, олардың споралары өте шыдамды келеді. Мысалы, споралар 110 градуста – 10 ми¬нут, қайнаған суда –1 сағат, 110 градус ыс¬тықта 3 сағатқа дейін шыдайды. Төменгі градустарда өлмейді. Ал топырақта споралар 50-100 жылдан астам сақталады.

Жаратылысынан мал баққан бабаларымыз бұл індетпен ауырған малдың түріне қарай індеттерін де түрліше атаған: ешкі малының індетін-кебенек, қойдікін-топалаң, ірі қаранікін-қараталақ, кей жерлерде қарасан, жылқынікін - жамандат, түйенікін-ақшелек деген. Сондықтан да мал арасында індет тарап, мал өлімі көп болған жерлерді «қарғыс атқан жерлер» деп қораларды өртеп (қазақша дезинфекция), мұндай жерлерден мал-мүлкімен үдере көшіп отырған. Мұндай елді мекен¬дер қазір «күйдіргі бойынша стационарлық қолайсыз пункттер» деп аталады, яғни күйдіргіден өлген жануарлардың өлекселері болған немесе кездейсоқ көмілген жерлер. 1948 жылдан бастап жүргізілген Қазақстан Республикасындағы күйдіргіден стационарлық қолайсыз пункттердің кадастры бойынша, қазіргі таңда елімізде 1,5 мыңнан астам күйдіргіден қолайсыз пункт пен 2,5 мыңнан астам күйдіргі індетінің ошағы тіркелген. Олардың барлығы да есепке алынып, жайылым, суаттардың жалпы көлемі анықталып, ауру мал көмілген жерлердің координаттары анықталып, «күйдіргі» деген жазу мен тіркелген жылы көрсетілген арнайы белгілер қойылған. Бұл жерлерді өзінің жарылар сәтін күтіп жатқан миналарға теңеуге болады. Олар қай уақытта жарылуы мүмкін? Соңғы жылдары елді мекендерді еріген қар суларының басып қалуы немесе сел шайып кету жағдайлары көбейіп кетті. Сол сияқты каналдар қазу, жолдар салу немесе тұрғын үйлер мен ғимараттар салу кезінде жер қыртысын қопару жұмыстары ескі қорымдар арқылы жүргізілетін болса, жер астында жатқан бацилланың споралары жер бетіне шығып, тірі организмге тап болса, бірнеше сағат ішінде өзінің белсенділігін көрсете бастауы мүмкін.

Індет адамдарға қалай жұғады? Ауру қоздырғышы күйдіргіден қолайсыз елді мекендерде топырақта болатындықтан, мал сол жерлердегі шөбі тықыр жайылымдарда топырақ арқылы жұқтырып ауырады. Ал адамдар көпшілік жағдайда сол ауырған малды сойғанда, жіліктегенде, ішек-қарнын аршығанда ауру жұқтырады. Немесе мал өнімдерін шала пісіріп (кәуап, қуырдақ, бауырды шала пісіріп жеу т.б.) тамаққа пайдаланғанда, ал кейде сол қолайсыз елді мекендерде әртүрлі жұмыстар істегенде топырақтан жұқтыруы да мүмкін. Қоздырғыштар, негізінен, адам ағзасына терідегі ұсақ жарақаттар арқылы енеді.Аурудың алғашқы белгілері: Ауру қоздырғышы зақымданған тері, ауыз, мұрын мен көз арқылы тез жұғады. Бет терісінде қышитын түйіншек пайда болады, айналасы ісініп,түбі қарайған жара болады. Жалпы уыттану белгілері, 39-40 С дейін дене қызуының артуы, жалпы әлсіздік, дененің сынуы, бастың қатты ауруы, бастың айналуы, жүректің қағуы дамиды. Алғашқы ауру белгілері байқалған кезде адам уақытылы медициналық көмекке жүгіну қажет.

Сібір түйнеме ауруынан сақтану шаралары:

1.Мал шаруашылығымен айналысатын түрлі ұжым басшылары мен жеке меншік мал иелері, жергілікті мал дәрігерлерімен келісіп малдарын түгелдей Сібір түйнеме ауруына қарсы егу жұмыстарын жүргізу.

2. Жеке меншіктеріңіздегі малдар кенеттен ауырған немесе өлгенде міндетті түрде ветеринария дәрігеріне хабарлау.

3.Малды соятын немесе сататын жағдайда ветеринария дәрігерінің анықтамасы бойынша жүргізу.

4. Ауру малдың етін жеуге және сатуға тиым салынады, болмайды.


Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы

Фото: ашық дереккөзден
30 мамыр 2023 ж. 516 0