Зейнетақы салықтан босатылады

Бұған дейін қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін біржолғы зейнетақы төлемдері 10% мөлшерлемемен жеке табыс салығы (ЖТС) ұсталатын кіріс түрі саналды. Яғни зейнетақы жарналары жеке зейнетақы шоттарына салық салынғанға дейін аударылады. Жеке табыс салығы төлемдер жүзеге асырылған кезде ұсталады. ЖТС ұстау міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен барлық зейнетақы төлемдеріне жиынтық түрде жүргізіледі. Бұл ретте түзетулер мен салықтық шегерімдер ескеріледі.
Тұрғын үйге не болмаса емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланған кезде ЖТС ұстау да көзделеді. Алушының таңдауына оны ұстап қалудың екі жолы ұсынылады: БЗТ алған кезде бірден немесе зейнетақы алатын кезге дейін кейінге қалдыруды таңдауға болады.
2026 жылғы 1 қаңтарға дейін БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы мен біржолғы зейнетақы төлемдерінен ЖТС есептеу, шегеріп қалу, төлеу қолданыстағы тәртіппен жүзеге асырылады.
Келесі жылдың 1 қаңтарынан ЖТС зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінен ұсталмайды. Бірақ мұның еліміздің резиденті болып есептелмейтін азаматтарға қатысы жоқ. Сондай-ақ ЖТС біржолғы зейнетақы төлемдерінен де ұсталмайды.
Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсатында пайдаланылған біржолғы зейнетақы төлемдерінен ұсталуға тиіс, бірақ зейнетке шыққанға дейін кейінге қалдырылған жеке табыс салығы бойынша есептелген міндеттемелер де жойылады. Алайда бұған дейін бюджетке төленген салықтар қайтарылмайды.
Сурет: tilshinews.kz