Әлеуметтік көмек әділ бөлінуге тиіс

Мемлекет басшысы: «Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үдеріске тосқауыл қоюымыз керек. Әлеуметтік салаға айрықша назар аударған жөн. Яғни бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беру керек», деген еді.
Әлеуметтік кодекс отандастарға мемлекеттің қолдау шараларын оңай түсінуге мүмкіндік береді. Өйткені құжатта туғаннан кәмелетке толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жастағыларды жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру іс-шаралары, өмірлік қиын жағдай туындаған кездегі әлеуметтік көмек, басқа да қолдаулар қамтылған. Осы Әлеуметтік кодекс аясында «Отбасының цифрлық картасы» енгізілді. Бұл – отбасылардың дербес дерекқоры.
Жүйе халықтың мемлекеттік қолдауға теңдей қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Мемлекет бұдан былай кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алады. Цифрлық карта арқылы кез келген отбасы әлеуметтік мәртебесін нақтылап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екенін біліп отырады. Әрі осындай ақпараттар елдегі барлық отбасына SMS-хабарлама түрінде жетеді. Ел азаматтарына әлеуметтік көмек ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде тағайындалған соң, қандай да бір заңсыздыққа жол берілмейді. Әлеуметтік қолдау жүйесін трансформациялау әлі де жалғасып жатыр. Оның барысын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин айтып берді.
«Біз мемлекеттік қолдау шараларын бөлудің категориялық қағидасынан мұқтаждықтың айқын, объективті критерийлеріне көшеміз. Көмек көрсету кезінде табыс пен мүлік қана ескерілмейді, тәуекел салдары назарда болады. Яғни отбасында нақты неше адам жұмыс істейді, оның ішінде нешеуі экономикалық тұрғыдан белсенді емес деген секілді ақпараттар ескеріледі. Сондай-ақ жалған кірістер, пәтер жалдау немесе бейресми жұмыспен айналысудан түскен табыстарды да анықтаймыз. Сонымен қатар республикалық бюджеттен кепілдендірілген төлемдер сақталады. Зейнетақылар, көпбалаға арналған жәрдемақылар, бала туғандағы жәрдемақы, бала күтімі бойынша 1,5 жасқа дейінгі жәрдемақы, мүгедектігі, асыраушысынан айрылуы бойынша жәрдемақылар, басқа да төлемдер толық көлемде сақталады», деді О.Анафин.
Вице-министр атап өткен мемлекеттік кепілдіктер өзгеріссіз қалғанымен, жүйедегі әділеттілік аспектілері әлі күшейеді. Жаңа тұрмыстық қажеттілік деңгейін анықтау үшін скорингтік модель енгізіледі. Бұл модель қажеттілікті нақты критерийлер арқылы анықтауға мүмкіндік береді. Қосымша қолдау алуға өтініш берген отбасылар алты санатқа бөлінеді. Яғни аса қажеттіліктен (тамаққа қаражат жетпейтін) бастап, жоғары тұрмыстық жағдайға (материалдық қиындықтары жоқ) дейін. Қазірде Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында Бірыңғай цифрлық платформаны пайдалана отырып, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, тұрғын үй қатынастары, дене шынықтыру салаларында кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қанатқақты жоба іске асып жатыр. Жоба қолданыстағы шаралардың бытыраңқылығы мен қайталануының алдын алады. Тиімсіз төлемдерді азайтып, шын мәнінде мұқтаж азаматтарды мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етеді.
«Биыл бірінші жартыжылдықта екі жаңа қызмет автоматтандырылды. Біріншісі – ересек, әрекеті шектеулі азаматтарға қадағалау немесе қамқоршылық орнату. Екіншісі – осы азаматтардың мүлкін, төлемдерін басқаруға рұқсат беру. Әзірге мұндай қызметтердің саны шамамен 1,4 мыңға жуық. Сондай-ақ eGov mobile қосымшасында «Қамқоршылық орнату туралы мәлімет» жаңа цифрлық құжаты пайда болды. Жалпы, бұл қосымша арқылы әлеуметтік-еңбек салаcындағы 35 қызмет пен 8 цифрлық құжат қолжетімді», деді О.Анафин.
Адам құқы сақталатын қоғамда өмір сүріп жатқан соң, кім-кімнің болса да пікірі, шешімі маңызды. Мүгедектігі бар азаматтардың төлемін басқаруға мүмкіндік беру құқықтық, ашық мемлекеттің қағидатына сай келеді. Бүгінде мүгедектігі бойынша тағайындалатын мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны 542,8 мың адам алады. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 184,7 мың адамға көмек тиеді. Мүгедектігі барларға тағайындалатын жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобына, себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне, ең төмен күнкөріс деңгейіне қарай нақтыланады. Тамызға дейін 95,7 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем алса, 65,4 мыңға жуық отбасына асыраушысынан айырылуына байланысты төлем түскен. Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері биыл қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 6,5% өскен. Сәйкесінше, Үкімет шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігін жоғалту, асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-дан төленетін төлемдердің мөлшері де 6,5% артып отыр. Мысалы, биыл мүгедектігі бойынша жәрдемақы І топ үшін – 101 702 теңге, ІІ топ үшін – 81 362 теңге, ІІІ топ үшін 55 474 теңгені құраған. Тамыздағы мәліметке сүйенсек, еңбекке қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері – 71 082 теңге, асыраушысынан айырылу бойынша – 73 378 теңге.
Зейнетақы төлеуге жыл басынан бері республикалық бюджеттен 2 трлн 451,4 млрд теңге жұмсалған. Оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге 793 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыға 1 трлн 658,4 млрд теңге қарастырылған. Қазір елімізде 2 млн 497 мың зейнеткер тұрады. Оларға республикалық бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері – 143 097 теңге. Мұндағы ынтымақты зейнетақы мөлшері – 95 491 теңге, базалық зейнетақы – 47 606 теңге. Қаңтардан бастап базалық зейнетақы төлемінің мөлшері Ұлттық банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға оза отырып ұлғайтылған. Осыған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақы ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ең жоғары – 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен өсіп отырады. Жұмысшыларға міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты, толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.
Елімізде айрықша еңбегі үшін немесе төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға қосымша әлеуметтік көмек ретінде республикалық бюджеттен ай сайын арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Мемлекеттік қолдаудың осы түрі елімізде 1999 жылы енгізілген. Қазір төлемді 208 668 адам алады, жыл басынан бері осы мақсатқа 15,7 млрд теңге жұмсалған. Бұдан бөлек, көпбалалы отбасылар мен наградталған аналарға берілетін жәрдемақы, жұмысынан айырылуына байланысты төленетін әлеуметтік төлемдер бар. Бүгінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алғандардың саны 244,3 мың адамды құрайды. Төлемдердің жалпы сомасы – 73,2 млрд теңге шамасында. Осыған қоса, атаулы әлеуметтік көмек алатындар бар. Бұл көмек жыл басынан бері 48,3 мың отбасындағы 259,7 мың адамға тиген. Бөлінген қаражаттың жалпы сомасы – 18,6 млрд теңге. Биыл осы мақсаттарға бюджеттен 110,7 млрд теңге қаралған. Атаулы әлеуметтік көмектің арқасында осы күнге дейін талай отбасы мемлекеттен қаржылай көмек алды, жұмыспен қамту шараларына тартылып, қиын жағдайдан шықты.
Өкінішке қарай, көмекке зәру отбасыларды тура осындай тәртіппен түгел анықтап, жарылқау мүмкін емес. Бұл ретте Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру керегін айтты.
«Мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкеп соқтырды. Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жылпостар да көбейді. Мемлекет өзінің негізгі міндеттерін орындаудан бас тартпайды. Бірақ әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту – елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашу деген сөз», деді Президент.
Бұдан түйетініміз, мемлекеттен қаралған әлеуметтік қолдау саласында әлі де болса қордаланған мәселе көп. Сол тұрғыда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кемшіліктерді жою бағытында батыл шешімдер қабылдағаны жөн.
egemen.kz
Фото: Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Фото: Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»