Сарып ауруының алдын алу
Көп жылдан бері облыс, аудан көлемінде үнемі мәселе ретінде көтеріліп, ақпарат құралдарына жарияланып, айтылып жүрген әлеуметтік мәселенің бірі адам мен жануарларға ортақ сарып (бруцеллез) індеті екенін көпшілік жақсы біледі. Егер сарып індетіне қарсы шұғыл шаралар қолданылмаса, мал шаруашылығы орасан зор шығынға ұшырайды.
Жануарлармен қатар сарып індетінің адам денсаулығына әкелетін зияны айтарлықтай. Себебі сарып малдар арасында жойылмаса, адамның да бұл ауруға ұшырауы тоқтамайды. Сарып індеті адамнан адамға жұқпайды, осы індетпен ауырған мал мен оның өнімдерін пайдалану арқылы жұғады. Жануарлардың барлық түрі – ірі қара, жылқы, қой мен ешкі, түйе, шошқа, ит, кемірушілер мен құстар ауырады. Адамға ең қауіптісі және індеттің негізгі көзі қой мен ешкі болып табылады. Аталған аурудың қоздырғышы ағзадан сүтпен, нәжіспен бірге және мал төлдегенде, іш-тастағанда және шуы түскенде бұлармен бірге өте көп мөлшерде сыртқы ортаға шығады.
Сарып індетіне шалдыққан төрт түліктің ауру белгілері айқын емес және басқа ауруларға ұқсас болады. Ауру созылмалы түрде өтеді. Сондықтан ауруды тек қана малдан қан алып, оны зертханада серологиялық әдістермен тексеру арқылы ғана анықтауға болады.
Сарып індеті жоғарыда айтқандай, мал және оның өнімдерін пайдалану арқылы жұғумен қатар, аталған ауру көбінесе ауру малды сойған немесе күтім жасаған адам немесе мал төлдеу барысында алынған төлдерді, оның ішінде іштен туа бітті ауру төлдерді күтіп-баптау барысында өз тазалығына қарамаған адам ауыруы мүмкін екенін ескертеміз. Оның жұғуы адамдардың жеке бас гигиенасын қаншалықты сақтай білуіне де байланысты.
Сарып ауруына қарсы күрес шаралары табандылықты қажет етеді. Жүйелі түрде жергілікті атқарушы органдар, медициналық, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы және ветеринариялық қызметтердің тығыз байланыста жұмыс атқаруы нәтижесінде адамдар мен малдардың арасында сарып ауруын болдырмауға, кең таралмауына тосқауыл қоюға болады.
Е.ҚҰЛМАҚ,
ҚР АШМ ВБжҚК-нің
Сырдария аудандық
аумақтық инспекциясының
бас маманы
ҚР АШМ ВБжҚК-нің
Сырдария аудандық
аумақтық инспекциясының
бас маманы