2028 жылға дейін мектептерде 1000 стоматологиялық кабинет ашылады

Сонымен қатар, мектептерде тамақтанудың жаңа стандарты енгізілді. Енді мектептің ас мәзірін ұйымдастыру мен оның сапасын бақылау міндеті денсаулық сақтау ұйымдарына берілді.
Бүгін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елордалық мектептерде осы жаңашылдықтардың іске асырылуын бірлесіп тексерді. Қазіргі уақытта тіс ауруларының алдын алу кабинеттері 150 мектепте ашылды. Жыл соңына дейін тағы 90 кабинет ашу жоспарланып отыр. Ал 2028 жылға дейін мектептерде 1000 стоматологиялық кабинетін іске қосу көзделіп отыр. Бұл бастама оқушы саны мыңнан асатын ірі білім беру ұйымдарын қамтиды.
Ең алдымен, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңадан салынған мектептерде ашылып жатыр. Ашылған кабинеттерде оқушыларға алдын алу бағытында стоматологиялық көмек көрсетіледі, ауыз қуысы ауруларын ерте диагностикалау жүргізіледі және санитарлық-ағартушылық жұмыстар ұйымдастырылады
Оқу-ағарту министрінің айтуынша, оқушылардың денсаулығы мен әл-ауқатын сақтау — білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі саналады және бұл барлық тараптың, оның ішінде медицина мамандарының да қатысуын талап етеді.
— Балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау мемлекеттік саясаттың басты басымдығы. Мектеп — әрбір бала физикалық және рухани тұрғыда дамитын қауіпсіз орта болуы тиіс. Сауықтыру-педагогикалық тәсіл арқылы салауатты өмір салтьн қалыптастыру — сапалы білім берудің ажырамас бөлігі, — деді Ғани Бейсембаев.
Сонымен қатар, 1 қыркүйектен бастап мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты күшіне енді. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бұл стандартта алғаш рет тұз бен қанттың мөлшеріне шектеу белгіленді.
Фото: Оқу-ағарту министрлігі