Сыныптастар бас қосты
Барлық адам ұстаздан білім алады. Мектеп табалдырығын аттап, 11 жыл бойына сонда тәлімді тәрбие меңгереді. Білім ошағынан үлкен өмірге қанат қағып, бәрі де Абай айтқандай, бір-бір кірпіш болып қаланады. Ұстаз алдын көріп, білім ошағынан қанат қаққандар алтын ұя мектептерін ешуақытта ұмытпайды. Арагідік айналып келіп, сол бір қызықты да қайта оралмас шақтарды еске алып, сыныптастармен кездеседі. Осы үрдіспен №36 орта мектепті 1993 жылы бітірген түлектер бас қосты.
Аудан орталығындағы іргелі білім ошағын 1976 жылы туылғандар 3 сынып болып бітірді. Олар өз армандарының жетегінде әртүрлі сала мамандары болып еңбек етіп, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етуде. Мектеп бітіргендеріне 30 жыл толған шақта арнайы бас қосып отыр. Осы жылдар ішінде олардың да қатары сирей бастаған. Олай дейтініміз, қатарластары Сәбит Бахтиярұлы, Дәурен Шынтасұлы, Бекболат Сәтбайұлы, Рүстем Достанбекұлы, Асылхан Ақынұлы, Серікбол Амангелдіұлы, Эльмира Жұманазарқызы, Роза Хайруллина, Эльмира Ахаева, Гүлмира Маханбетқалиқызы, Ким Коля, Ан Тамина, Таня Салихова, Ким Галя өмірден өткен. Сондай-ақ сынып жетекшісі болған Роза Мейірханқызы, ұстаздар Ақылбек Әбілдаұлы, Зоя Алданқызы, Аршагүл Мешітбайқызы, Лидия Петровна орталарында жоқ. Міне, 30 жылдыққа жиналған түлектер аудандық орталық мешіт асханасында сыныптастарының және ұстаздарының рухына арнап арнайы ас берді.
Сауапты іс-шараға соғыс және еңбек ардагері Я.Тасыров, тыл және еңбек ардагері Р.Бәйменов, еңбек ардагері А.Сматов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрғасы М.Келдібаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов, білім берген ұстазы Б.Серікбайұлы және өмірден өткен сыныптастарының және басқосуға жиналған түлектердің ата-аналары қатысты.
Алдымен, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы сөз сөйлеп, түлектердің игі бастамалары құптарлық екенін айтты.
– Мектеп бітіргендеріңізге 30 жыл толып жатыр екен. Бұл да болса аз уақыт емес. Осы уақыт аралығында әркім өзінің орнын тапқан. Әр салада жемісті еңбек етуде. Осы мектеп түлектері болғанын мақтаныш санайтыны кәміл, сондай-ақ олар мектептің мақтаныштары екені де сөзсіз. Десе де өмір ағыны араларыңыздар қатарластарыңызды сирете бастапты. Дана халқымыз «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп бекер айтпайды. Сондықтан да тай-құлындай тебісіп өскен сыныптастарыңызды еске алып, арнайы Құран бағыштап жатырсыздар. Бұл – өнегелі, сауапты іс, – деді Мұса Келдібаев.
Мұнан соң білім нәрімен сусындатқан ұстаз Бегалы Серікбайұлы 1976 жылғы түлектердің мектептегі кездері туралы айтты. Олардың қатарлары алғыр болғанын, білімге құштар болып, әркез мектепішілік іс-шараларға белсенді қатысатындарын жеткізді. Мектеп қабырғасында көптеген қызықтар болғанын еске салып, арнайы шақырып, құрмет білдіріп жатқан шәкірттерін ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде ата-аналар да сөз алып, естеліктерімен бөлісті. Осындай игі істі ұйымдастырудың өзі сыныптастардың ұйымшылдығын, ауызбірлігін білдіретінін айтты.
Іс-шарада түлектер қатарынан облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов сөз сөйлеп, аға буын өкілдеріне алғыс білдірді.
– Біз қай жырақта жүрсек де алтын мектебімізді ұмытпаймыз. Онда біздің балдәурен шағымыз өтті. Осында ұстаздан тәрбие алдық, білім игердік. Қатарластарымызбен бірге есейіп, әралуан саланың тізгінін ұстап, үлкен өмірге аттандық. Сондықтан бізге сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздарға әркез басымызды иеміз. Міне, біздің де сол алтын ұядан ұшқанымызға 30 жыл толыпты. Осы уақыт аралығында әр түкпірде жүрген сыныптастардан хабар алып тұрсақ та, кездесудің сәті келе бермеді. Ал осы 30 жылдық – қатарластарымызбен қауышуымызға себеп. Бір-бірімізді көріп, марқайып жатырмыз. Әттең-айы сол, арамыздан бірқатар құрбы дос мәңгілік мекенге аттанып кетті. Біз олардың жарқын бейнесін ұмытпаймыз, – деді 1993 жылғы мектеп түлегі.
Арнайы астан соң соғыс және еңбек ардагері Яхия Тасыров бата берді және әруақтар рухына Құран бағышталды.
Е.БЕРКІНБАЕВ