Қырық жылдық түлектердің тартуы
Толқыны жағаға ұрған Сырдарияның орта ағысындағы Айдарлы ауылының түлектері бас қосты. Бұл бес жылдық емес, он, тіпті жиырма жылдық та емес. Бұл – тай-құлындай тебісіп, қатар өскен, №139 орта мектепті 1981 жылы тәмамдаған 47 түлектің бас қосып, берекелі істі бастауы. Бұл – Алашқа ана, талайға пана болған Сырдың Айдарлысында көкірегінде ұрпақ парызы мен сағыныш сезімдері тоғысқан, мектеп бітіргендеріне 40 жыл толған, бүгінде түрлі сала тарландарының қайта қауышуы.
Мерейтойды оң іске жалғаған түлектер Айдарлы ауылының орталық көшесіне тұрғындар игілігі үшін заманауи LED-экран орнатып беріп, халықтың алғысын алды. Берекелі мекенде әр жылдары бітірген түлектер өз ауылына, алтын ұя мектебіне деген құрмет пен қамқорлық көрсетуді дәстүрге айналдырған. Түлектер өз қаржысына орнатқан LED-экран ауыл көркін одан әрі айшықтап, сәнін келтіріп тұр. Тұрғындарды көзайым еткен көгілдір экраннан таңғы сағат 09.00-ден түнгі 00.00-ге дейін ауыл мекемелерінің жетістігі мен әр мерекеге арналып дайындалған бейнебаян көрсетіліп тұрады.
Өткен аптада жергілікті әкімдік пен 40 жылдық түлектер сақтық шараларын сақтай отырып, LED-экранның салтанатты ашылуында кездесті. Аталған шараға ауыл әкімі А.Ержанов, аудандық мәслихат депутаты, «Ғафурдин Жанұзақов атындағы ауылдық клубы» КМҚК басшысы А.Қалдыбаева және білім нәрімен сусындатқан алғашқы ұстазы Ұ.Асқарова қатысып, ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын берді. Ұрпақ парызы мен «Туған жерге тағзымды» ту еткен 1964 жылдың тумалары қасиетті Рамазан айында ауыз толтырып айтарлықтай іс жасап, кейінгіге үлгі көрсетті.
Түлектердің тартуы мұнымен шектелмей, олар орталық көше мен мектеп ауласына тал егіп, ағаш отырғызылған аумақты қауіпсіздік үшін қоршап та берді.
Жиын барысында сөз алған ауыл әкімі сан түлекті самғатқан алтын ұяның да, осындай перзенттері бар Айдарлы халқының да мәртебесінің биік екенін айтып өтті. «Туған жердің дамуына зор үлес қосқандары үшін 1964 жылы туған 40 жылдық түлектерге алғыс білдіреміз» деп қорытындылады Айбол Төребекұлы.
Аталған елді мекенде қайсыбір істе болмасын талантты мен талаптылар басым. Сол жылы білім ұясынан 50-ге жуық білім алушы келешекке қанат қақты. Ақ көйлек киіп, ақ бантик тағып, балалықты артқа тастаған түлектердің бірі – бұл күнде ақ жаулықты ана, бірі – ел ағасы. Бір-бірінің балалық күніне куә болған сыныптастар мерейлі мерекеде Айдарлы ауылына құрмет көрсетіп, кездесу барысында жастық шақты сағынышпен еске алды. Сыныптастардың әлі күнге дейін әзіл-қалжыңы жарасып, сыйластығы ажырамаған. Туған жерге сағынышпен жеткен 40 жылдық түлектер өткенді тебіреніспен еске алып, ауыл балаларын білім нәрімен сусындатқан алғашқы ұстаздары – Ұ.Асқарова, Ұ.Бәйімбетова, Ә.Бижанов, жоғары сыныптағы ұстаздары Д.Ағыбаева мен Б.Нұровтарға шексіз алғыс білдірді. «Өлі разы болмай, тірі байымас» дейтін халық танымынан таймаған түлектер марқұм болған ұстаздары мен көзден кеткенмен, көңілден кетпейтін алтын сыныптастарын бір сәт еске алды.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ