СӘТ САПАР, ЖАС ТҮЛЕК!
Жиырма бесінші мамыр. Биылғы оқу жылының соңғы күні. Он бір жыл білім алған жас түлек мектебімен қоштасады. Әр оқушының жанарында қимастық байқалады. Осы күні есейіп, үлкен өмірге қадам басқалы жатырғанын қайсы бірі аңғармағандай. Кей қыздардың көңілі босап, көзінен шыққан жастың сынық бөлігі қолына тамады. Ата-анасы барынша ұл-қызына зор үміт артады. Биыл аудан бойынша мектепті үш жүз жеті оқушы бітірсе, оның жиырма төрті №210 О.Әбілпаттаев атындағы білім ордасынан үлкен өмірге қанат қағады. Осы орайда аталмыш мектеп базасында «Сыңғырла, соңғы қоңырау» тақырыбында салтанатты кеш өткізілді. Оған аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, аудандық мәслихат аппаратының әдіскері А.Сәдуақасов, аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы А.Есназар, еңбек ардагері Р.Байменов, төтенше жағдайлар бөлімінің маманы С.Джалмұхамбетова, сала ардагерлері мен мамандары қатысты.
Салтанатты кеште ҚР Мемлекеттік Туы кіргізіліп, Гимн шырқалды. Бұдан кейін мектеп директоры Ә.Көшербаева табысты жылды қорытындылап, биылғы оқу жылындағы жетістікті тізбектеп айтып берді. Жалпы мектеп педагогтары мен оқушылары жыл көлемінде үлкен белесті бағындыру жолында көп еңбек етті. Халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі шараның бас-қасынан табылып, абырой биігінен көрінді. Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев сөз алып, көпшілікті мерекемен құттықтады. Жыл бойына белсенділік танытқан ұстаздарды марапаттады. Аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы А.Есназар бітіруші түлектерді құттықтап, лебізін білдірді. Сондай-ақ, отыз сегіз жылдық педагогикалық еңбек өтілі бар, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Г.Жолмаханованы, мектептің автокөлік жүргізушісі қызметін атқарған Ә.Мұратовты зейнет демалысына құрметпен шығарып салды. Сала ардагері Б.Абдуллпаттаев бітіруші түлектерге ақжарма тілегін айтты. Түлектердің алғашқы ұстазы мен осы күнгі сынып жетекшісі түлектерге ақ жол тіледі. Ата-аналар атынан О.Төреханова құттықтау лебізін жеткізді.
Мектепті бітіргендеріне он жыл толған түлектер ұстаздарына құрмет көрсетті.
***
Аталған шара осы уақытта №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей базасында өткізілді. Биыл мектеп-лицейден отыз түлек мектеп бітірмекші. Салтанатты шараға аудандық мәслихат аппаратының бас маманы С.Тоқманов, аудандық білім бөлімінің әдіскері Н.Айтмұханова, сала мамандары мен ардагерлері, ата-аналар мен арнайы қонақтар қатысты.
ҚР Мелекеттік Туы кіргізіліп, Гимн шырқалды. Мектеп-лицей директоры Б.Сағындық сөз алып, мектеп бітірушілерді құттықтады. Айтулы жылдың жетістіктерін атап өтті. Жалпы халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық дәрежеде бағындырған белесті көпшілікке жеткізді. Бұдан кейін білім бөлімінің әдіскері Н.Айтмұханова мерекемен құттықтап, сала мамандары мен оқушыларды марапаттады. Мектеп бітіруші жас түлектер ән айтып, би биледі. Он бір жыл бойы білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына алғыс айтты. Бірқатар ата-ана лебізін жеткізді. Ұстаздар қауымы қимастық сезімін білдіріп, барлық жиналған қауымға ризашылығын білдірді. Осы ретте мектепті жиырма жыл бұрын бітірген түлектер арнайы келіп, ұстаздарын мерекемен құттықтады.
Б.ОРДАБЕКОВ