Түлектер тартуы
№35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейін 2011 жылы бітірген 11 «В» сыныбының оқушылары игілікті іс жасады. Түлектер мектеп бітіргендеріне 10 жыл толуына орай мектеп ұжымының ұсынысымен өздері оқыған білім ордасының ауласына 10 түп «Туя» талын екті. Тағылымды іс-шараға аудан әкімі Талғат Дүйсебаев, мектеп-лицей директоры Бақытжан Бақбергенова, оқушылардың алғашқы ұстазы Гүлсара Сәдуова, жоғарғы сыныптағы сынып жетекшісі Жанна Сәркеева арнайы қатысты.
Түлектер 10 жылдыққа байланысты бірқатар іс-шара ұйымдастыруды жоспарлаған. Бұл туралы аудан басшысы Талғат Тұрсынұлына сынып оқушыларының атынан Ақтөре Ибрагимұлы ақпарат берді.
– Біз карантин талаптарын ескере отырып, идеологиялық маңызы бар іс-шаралар ұйымдастыруға басымдық бердік. Сыныптастарымызға дастархан жайып, отырыс ұйымдастыруға болмайтынын айтып, түсіндірдік. Нәтижесінде, өзіміз білім алған, қияға қанат қаққан мектебімізге тарту жасауды ұйғардық. Мектеп-лицейдің ұсынысымен Қызылорда қаласынан «Туя» талдарын алдырдық. Бұл көп күтімді қажет ететін тал екені белгілі. Бірақ, «Туя» талы өзінің тартымдылығымен қоршаған ортаға ерекше әсемдік сыйлайды. Біздің іс-шарамызға уақыт бөліп, қатысуға келген Сізге сыныбымыздың атынан алғыс айтамыз, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Аудан әкімі Талғат Дүйсебаев оқушылардың бірлікпен, өзара татулықпен туған жердің дамуына үлес қосып жатқандарын жоғары бағалады.
– Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда барлық өңірде көркейту-көгалдандыру айлығы жүргізілуде. Сіздердің тал егіп, табиғатты түлетуге үлес қосып жатқандарыңыз Президент Жолдауында айтылған тапсырмамен үндеседі. Сондай-ақ мектеп бітіргеніне 40 жылдан астам уақыт болған аға буын өкілдерінің көпір салу, «Алтын сағат» орнату, орталық алаңды абаттандыру секілді игілікті істерін лайықты жалғастырып жатырсыздар. Сіздерге сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздарыңыз Гүлсара Сәдуова мен Жанна Сәркееваға ризашылығымды білдіремін. Тарихы терең білім ордасынан саналы, тәрбиелі азаматтар үлкен өмірге қанат қаға берсін, – деді аудан басшысы.
Мұнан кейін түлектер аудан әкімімен және ұстаздарымен бірге тал екті. Әр талдың өніп, өсуіне шын жүректен тілектестіктерін білдірді. Айта кету керек, мектеп-лицейді 2011 жылы бітірген 11 «В» сыныбының оқушыларының айтуынша, алдағы уақытта түлектер 5х3 өлшемді темір билборд орнатып бермек. Билборд білім ұясының кіреберісіне орналасады.
Ердос БЕРКІНБАЕВ