Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнерлі өрендердің ордасы немесе шағандық домбырашылардың жетістігі

Өнерлі өрендердің ордасы немесе шағандық домбырашылардың жетістігі

Қаламгерлер арасында «Журналист жүріп жазады» деген тәмсіл бар. Иә, журналистика саласында еңбек етіп жүрген­нен кейін елдегі жаңалықтарға құлағымызды түріп жүреміз. Жақында Шаған ауылына барып едім, ауылдағы ағайын Шаған ауылдық өнер мектебінің жүйелі жұмысы, оның ішін­­де қазақтың төл аспады – домбыраға үйір оқушылардың же­тістігі жөнінде әңгімелеп берді. «Халық айтса, қалт айтпайды» демекші, қолға қалам алып, ауылдағы өнерлі өрендер жөнінде мақала жазуды жөн көрдім.

«...Жалпы, қазақтың қай баласы болсын домбырамен күй шертіп, аттың жалын тартып, желмен жарыса ша­ба білуге тиіс» деген екен Ақселеу Сейдімбек. Алашқа аты мәш­һүр қай­раткер-тұлғаның бұл сөзі­нің жаны бар. Әйтпесе, Қадыр ақын «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жырға қосар ма еді. Осы ретте, өнерге біртабан жақын шағандық оқушылардың дом­быраға үйір бол­ғанына бәріміз бек қуаныштымыз. Өйт­кені, домбыра – қазақтың жаны, рухы, шежіресі мен тарихы ұштасқан қасиетті құндылығы. Ал Шаған ауы­лындағы Өнер мектебінің домбыра сыныбына қатысушы балаларға отыз жылға жуық еңбек өтілі бар ұстаз Нұргүл Жақсылық дәріс береді. Іргелі ұжымның басшысы Дархан Әлиевтің айтуынша, мектепке 135 оқушы келіп, ұстаздардан дәріс алады екен.

– Өнер мен білім – егіз ұғым. Оның тірегі – тәрбие. Осы үш ұғым­ды ұштастырған Шаған ауылдық өнер мектебі оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, өнер­ге баулу бағытында нақты жұмыс­тарды ат­қарып келеді. Қазір мектебі­мізде 135 оқушы білім алуда. Шәкіртте­рі­міздің арасында аудан мен облыс­ты бағындырып, республикалық, ха­­лық­аралық байқауларда топ жарып жүрген балалар көп. Олар – біз­дің мақтаныштарымыз. Бола­ша­ғы­нан көп үміт күтеміз. Ата-аналарға ба­лаларының бос уақытын тиімді жоспарлап, қосымша білім беру ұйымдарына қатыстыруға шақыра­мыз, – дейді Өнер мектебінің директоры Дархан Әлиев.

Қазір Шағандағы Өнер мектебінде өнерлі өрендер баян, домбыра, қо­быз, би, шертер пәні бойынша бі­лім алады. Бұл бойынша арнайы та­қырыптық және атқарылатын іс-шаралар жоспары бекітілген. Балалар түске дейін немесе түстен кейін келіп, өздерінің икемдеріне сай білім алады. Біз бүгін домбыра сыныбына қатысушылар туралы жазамыз. Мұндағы домбыра пә­нінің мұғалімі – Нұргүл Жақсылық. Жоғары білімді ұс­таздың есімі бізге шыңға шыққан шәкірттерімен таныс. Ауылда негізі қаланып, бүгінде үл­кен белестерді бағындырып жүрген жас­тар Нұргүл Смағұлқызына өз риза­шылықтарын білдіреді. Ұстаз мерейі, шәкірт жетіс­тігі, үміттің ақталуы деген осы емес пе?!

– Шәкірт – ұстаздың мақтанышы, еңбегінің өтеуі, маңдай терінің жемісі. Менің оқуда озат, өнерде үздік шә­кірт­терім көп. Олардың әрбірі – мен үшін бір жұлдыз. Жарқыраған жұл­дыздарым менің ғана емес, мек­те­біміздің, ауылымыздың атын шыға­руда. Өнер мектебінде білім алып, қазір үлкен қалаларда оқу оқып жүр­ген шәкірттерімнің әр белесі, жетістігі кейінгі жас буын үшін үлгі-өнеге, – дейді сонау 1995 жылдан бас­тап осы мекемеде жемісті еңбек етіп келе жатқан ұстаз.

Шағандық өрендерді өнерге бау­лып, талабы мен талантын ұштап жүр­ген Нұргүл Жақсылық – осы ауыл­дың төл тумасы. Ол ауыл мектебін бітіргеннен кейін Қазанғап атындағы музыкалық колледжінде білім алған. 1995 жылы «Домбыра» мамандығын меңгеріп, сол жылы жұмысқа орна­ласқан. Кейін 2003-2008 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін «Бас­­та­уыш оқытудың педагогикалық әдіс­­те­месі» мамандығы бойынша үз­дік­ке тәмамдаған. Оқу мен ізденуге еш­қашан кеш емес. Әр оқу жылы сайын білімін шыңдап, тәжірибесін толыстырып, өзге өңір­лердегі әріп­тестерімен пікірлесуді жөн көретін ұстаз 2015-2017 жылдары «Болашақ» университетінде «Музы­калық білім» мамандығы бойынша екінші жоғары білімін алыпты. Алған білімі мен із­де­нісі текке кеткен жоқ. Бүгінде ұс­таздың өзінің де, шәкірттерінің де жетістігі көп, үлкен-кішіден алған алғысы да мол.

– Өзім үйрете жүріп, үйренуді жөн көремін. Өмір – ұлы ұстаз дейтін бол­сақ, сол өмірдің әр сәті, әр күні алға жылжудан, іргелі басудан тұр­ғаны дұрыс. Оқушылардың домбыраны үйренуге ынтасы мол. Біздің мақсатымыз – сол ынталарын ояту. Бұ­ған дейін халықаралық «Бозторғай» балалар байқауының бас жүлдегері атанған шәкірттерім бар. Олар бү­гінде үлкен қалаларда білім алуда, алды еңбек етуде. Әлі есімде 2012 жылы аталған халықаралық байқауға барғанымызда біздің тобымызбен хал­қымыздың мақтанышы Бибігүл Тө­легенова апай арнайы кездесіп, Сыр өңірінен барған өнерлі балаларға өзі­нің ақ батасын берген болатын. Сол бата бәрімізге құт болып дарыды, содан бері өнер бай­қау­ларында топ жарып келеміз, – дейді Нұргүл Сма­ғұл­қызы бізбен әңгі­месінде.

Ұстаздың жетістіктерін парақтап отырып, 2017 жылы «Жеті өнер» бі­рінші халықаралық балалар мен жас­тар шығармашылық фестиваль-конкурсында «Үздік тәлімгер» аталымымен марапатталғаны көзімізге түсті. Бұл жолғы байқау Алматыда ұйымдастырылыпты. Шәкірттері бас жүлде мен бірінші орын алған соң ұстазға «Үздік тәлімгер» атағы беріліпті. Ал 2016 жылы Ас­тана қала­сындағы «Қаз медиа» ор­та­лығында өткізілген халықаралық бай­қауда «Ас­паптық орындау жә­не ән салу» номинациясы бо­йынша ша­ғандық балалар тағы да үздік­тер кө­шін бастапты. Бұл жолы шәкірттерді баптаған ұстаз «Үздік педа­гог» атан­ған. «Ақ көгершін» байқа­уынан алған алғыс хаттар, дипломдар және Құрмет грамотасы – осының дәлелі. Ең бастысы, бәрі еңбектің, ізденістің жемісі.

Ұстаздың сенімі мен үмітін ақтаған оқушылар көп екенін айтты. Олардың қатарында қазір Қазақ Ұлттық кон­сер­ва­ториясының «Вокал» маман­ды­ғы бойынша 3 курс студенті Ернар Жанашов пен Қазақ Ұлттық кон­­сер­ваториясының «Домбыра» ма­­ман­дығы бойынша 3 курс студенті Бибі­гүл Төлегенованың есімін ерекше атау­ға болады. Сондай-ақ биыл «Шабыт» өнер академиясының 1 курс аяқ­тап жатқан Әли Мейрамбекұлы мен Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің түлегі Айару Бағдатқызы да Нұргүл Смағұлқызының мақта­ныш­тары. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлегі Темірлан Мүсі­лімов те өзінің ауылдағы Өнер мек­тебінің шәкірті болғанын әркез айтып, ұстаздарын құрмет тұтып жүреді. Жетістігі көп өнерлі өрендердің бі­рінен кейін бірін тізіп, жаза беруге болады. Бірақ одан мақала кө­лемі артып, мазмұны төмендейді. Сондықтан біз бүгінгі мақалаламызда санаулы ғана шәкіртке тоқталдық. Ең маңыздысы, олардың бәрі Нұргүл Жақсылық секілді ауылдағы ұстаз­дарын ұмытпай, еңбектерін жоғары бағалап, ауылға келсе, сәлем беріп, алыста жүрсе құттықтау жолдап жү­реді. Қайбір жылы ұстаздар күні ме­рекесі мен білім күні қарса­ңында ша­ғандық шәкірттердің әлеуметтік же­­ліде жариялаған бейнеқұт­тық­тау­ларынан осыны аңғардық. Оқушылар­дың ұстазға деген құрметіне, шәкірт ретіндегі ықылас-пейіліне көзіміз сүй­сініп, көңіліміз толды.

Ал 2022-2023 оқу жылында Ша­ған ауылдық өнер мектебінің домбыра сыныбына қатысушылар жақ­сы-жақ­сы жетістіктерге қол жет­кізген. Атап атқанда, 2022 жылы «Қа­зақстан үміті» VI республикалық шығармашылық конкурсына балалар белсене қатысыпты. Нәтижесінде, бір­неше аталым бойынша топ жарып, конкурстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, еліміздің ертеңі – жастардың рухани кемелде­ніп, ру­хы мықты, танымы мен тағылымы терең тұлға ретінде қалыптасуына жол ашқан ұстаздары Н.Смағұлқызы «Үздік жетекші» дипломымен, Құрмет грамотасымен марапатталған. Біз ма­қаланы жазу барысында осы бай­қау­­ды ұйымдастырушы әрі қазылар ал­қасының белді мүшесі Анаргүл Құса­йынованың пікірін білдік. Мә­дениет сала­сының үздігі өзінің пі­кірін қысқа әрі нұсқа білдірді. Ол «Шағандық балалар тек бас жүлде алады, олардың өнері өзгелерден көш ілгері» деп айтты. Бұдан асқан қандай баға керек?! Сырт көз – сыншы. Ал сыншылар осылай бағалап жатса, онда еңбектің ақ­талғаны, лайықты бағаланғаны ғой.

«Қазақстан үміті» VI республи­калық шығармашылық конкурсында Мөлдір Маханова, Раушан Ербола­това бас жүлде иемденген. Ақерке Мүсілімова мен Айбар Ғайнуллаұлы жүл­делі І орынды жеңіп алса, Асылхан Кеңес пен Санжар Мүсілімов ІІ орын тұғырынан көрінген. Осылайша, «Же­ті өнер» шығармашылық орта­лығы­ның ұйымдастыруымен өткізілген бай­қаудан оқушылар олжалы оралған. Айта ке­ту керек, А.Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен «Балалар жылына» орай өткізілген «Қазақстан үміті» VI республикалық шығармашылық конкурсы еліміздің оңтүстік өңірдегі ең ауқымды жоба екен. Оған рес­пуб­ликаның түкпір-түкпірінен мың­нан ас­там талапкер қатысып, бақ сынап, тек мықтылары ғана марапат­ тұғырынан көрінген.

Домбыра сыныбының оқушылары жақында тағы да жақсы жетістікке жетті. Олар «Ұлы Дала жұлдызы» ІХ балалар мен жасөспірімдер өнер байқауынан 4 бас жүлде, 1 бірінші орын, 2 екінші орын иемденіп қайтты. Бұл жолы да Мөлдір Маханова, Раушан Ерболатова бас жүлдеге лайықты деп танылды. Сонымен қатар «Бауырлар» тобына біріккен Нұржігіт Сәр­сен, Қадіржан Сәрсенов, Санжар Мүсілімов, Айсұлтан Бисен, Нұрәли Серекеев «Мен қазақпын» әнін орындап, байқаудың бас жүлдесін жеңіп алыпты. Ақерке Мүсілімова, Айбар Ғай­нуллаұлы, Мөлдір Маханова, Раушан Ерболатовалар «Шырқа Шаған» квартеті болып, әуелете ән шырқап, бас жүлде иеленген. Мұның бәрі – айтуға оңай болғанымен, үлкен еңбекпен келген жетістік. Әр жетістіктің астарында ұстаздың еңбегі, маңдай тері, шәкірттерім шыңға шықса екен деген тілегі бар.

Озат оқушылардың ата-ана­лары өнерлі өрендердің ордасы саналған Шаған ауылдық өнер мекте­бінің ұжы­мына алғыс айтады. Мәселен, ар­дагер-ұстаз Қымбат Иса­қы­зы әр бала қосымша білім беру ұйы­мына қатысуы керек деп санайды.

– Әр бала мектептен тыс уақытта қосымша білім алуы қажет. Бұл – за­манның талабы. Өзіміздің үйдің балалары, немерелерім ауылдағы өнер мектебінде білім алды. Білім алып жү­ріп, сахнаға шығып, өнер көрсетті. Оның бәрі олардың өмірден өз орындарын табуына жол ашты. Сондықтан ұстаздарға айтар алғысым шексіз, жұмыстарына сәттілік тілеймін, – дейді Қымбат Исақызы.

Айта кету керек, Шаған ауыл­дық өнер мектебінің домбыра пәнінің мұ­ғалімі Н.Жақсылық ауылда­ғы «Бал­бөбек» бөбекжай балабақ­ша­сында да жұмыс істейді. Ізденімпаз ұстаз бұл мекемеде де жемісті еңбек етіп, ауылдағы қоғамдық-саяси, рухани-мәдени іс-ша­раларға белсене қатысып келеді. Мәселен, балалар, жасөспірімдер мен жастарға арналған «Kings of dance» халықаралық би чемпионатында «Күн­­­шуақ» би тобы І орын иеленген. Нә­ти­жесінде, ұйымдастырушылар тарапынан балабақша ұжымына Алғыс хат және Н.Жақсылыққа «Үздік ұстаз» дип­ломы табысталған. Осы жолғы байқауда Түркістан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің хореграфы Г.Еркінбекқызы шағандық балақайлардың талабын жоғары ба­ғалап, болашақта тегін кеңес беруге, бірлесе еңбек етуге ынталы екенін білдіріпті. Мұның өзі – үлкен жетістік. Ал жетістіктің бәрі еңбекпен келеді. Ендеше, жұмысы өнімді, жетістігі кө­ңілге қонымды және оқу жылын табысты қорытындылап жатқан ұстазға шығармашылық сәттілік тілейміз!


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
27 мамыр 2023 ж. 167 0