Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық тәрбие негізі – балабақшада

Ұлттық тәрбие негізі – балабақшада

Мектепке дейінгі тәрбие орны – балабақшадағы тәрбие ұлттық нақышқа негізделген. Бүгінде бала­бақша тәрбиеленушілері ерте жастан ұлттық құн­дылықтар туралы алғаш­қы білім алуда.

Тереңөзек кентіне қарасты «Айгө­лек» бөбекжай-бақшасында «Рухани жаң­­ғыру – мектепке дейінгі ұлттық тәр­бие­ негізі» тақырыбында аудандық семинар өткізілді. Семинарға аудандағы балабақша меңгерушілері мен әдіскер­лері, тәрбиешілер қатысты.

«Айгөлек» балабақшасының ауласында ашылған семинарға қатысушылар арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Көрмеде ақ кимешек киген әжелер келі түйіп, жүн түтетсе, енді бірі күбі пісті. Әжелердің үлкені қазақтың ұлттық дәстүрі «Бесікке салу» рәсімін жа­сады. Рәсімді егжей-тегжейлі түсіндіріп, бесік жырын айтты.

Бесікке салу – көнеден келе жатқан дәстүр. Рәсімді сәби дүниеге келген әу­леттің үлкен әжелері атқарады. Алды­мен бесікті дайындап, оны аластап, жұмсақ мамығын салып, «тыштыма» рәсімін жасайды. Бесік түбегінен тәтті кәмпиттерді салып, ең бірінші сәбидің анасы түбектің астына қолын тосады, «тыштыма» деген сауалға «тышты, тышты» деп жауап береді. Одан әрі жағалай отырған әйел­дер бірінен соң бірі осы рәсімді жал­ғастырады. Бөбекті бесікке салып, «ұйқысы қалың болсын» деген ырыммен бесіктің үстіне 7 қабат киім жа­уып, әлдимен тербетеді. Жылы, жайлы бесікке жатқан сәби терең ұйқыға ке­тіп, тынышталады.

Осы рәсімді жасаған әжеге үй иесі «орамал тоң болмайды, жол болады» деген ырыммен сыйлық береді.
Ұлттық дәстүрге бай халқымызда дү­ниеге келген сәбиге қатысты осы се­кілді көптеген дәстүрлер бар. Балабақшада құлағына осындай дәстүрлер туралы сіңіріп, біліп өскен бала жақсы мейірімді, бауырмал, адамгершілігі мол болып өсе­ді.

Мұнан соң балабақшадағы екі топта кіріктіріліп ұйымдастырылған іс-әрекет өтті. «Балапан» тобының тәрбиешісі Мирам­күл Шоханова «Әжемізде қо­нақ­та», «Ботақан» ортаңғы тобының тәр­­бие­шісі Шұға Ниязбай «Этноауылға саяхат» тақырыбында кіріктіріліп ұйым­дас­­ты­рылған іс-әрекет өткізді.

Біз ортаңғы топтың ашық сабағына қатысып, балалардың ұлттық тәрбие негізінде үйренгендері туралы іс-әрекет­терін көзімізбен көрдік.

Алдымен балалар кедергілерден: ағынды су, тау-тастан өтіп, домбыра, балға, ою-өрнек бейнесі бар бой­тұ­­марларын тақты. Одан әрі балалар этно­ауылға аттанып, қазақтың салт-дәстүрлері туралы білімдерін толық­тырды. Ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқтар жайында білім алды. Арасында сергіту сәтін өткізіп, бой сергітті. Одан әрі үш топқа бөлінген балалар шешендер үйі, шеберлер үйі мен ұсталар үйіне барып, өнерлерін ортаға салды. Шешендер үйіндегі балалар «Шық бермес Шығайбай мен Алдар көсе» ертегісінен көрініс көрсетсе, шеберлер ою ойды, ұсталар ұсталық өнерлерімен танылды. Балалардың ой-өрісін дамыту, дұрыс сөйлеуге, пішіндерді ажырату сияқ­ты өнерлерді және мақал-мәтелдер, жа­ңылт­паш, тақпақ айту, жұм­­бақ жасыру секілді әдебиеттің жанрлық түрлерінен алған білімдерін көрсетті.

Тәрбиеші Шұға Ниязбай әр баламен қалай дұрыс жұмыс жасау керектігін, оларды ынталандыру, мадақтаудың әдіс-тәсілін шебер көрсете білді.

Балабақшаның педагог-психологы Алмагүл Жарылқасынова «Халық дәс­түрі – асыл қазынам» интеллектуалды ойын түрін, әдіскер Рсалды Көшер­баева «Ши тоқу өнері» шиден гобилен тоқу шеберлік сыныбын, тәрбиеші Күлзихан Сәтбай «Қазақтың ұлттық ою-өрнектері» тақырыбында жоба қорғап, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Музыка жетекшісі Айжан Әлімбе­то­ваның ұйымдастыруымен «Ұлттық құн­­дылықтар – сенімді бойтұмарымыз» та­қырыбында театрландырылған музы­калық қойылымын өткізсе, ұлттық бұ­йым­дардан көрме қазақтың бай дәс­түрінен көрініс берді.

Іс-шара соңында балабақша мең­­­­­ге­рушісі Күлжамал Жолдасова се­ми­­нарды қорытындылап, мектеп­ке де­йінгі ұлттық тәрбие беруде шығар­­ма­шы­лықпен жұмыс істеп, үнемі ізденіп жүр­ген балабақша тәрбиешілеріне алғы­сын білдірді.

Се­ми­нарға атсалысқан тәрбиеші­лерге аудан­дық білім бөлімі басшысының Ал­ғысы табыс етілді. Балабақшада өткен семинар тәжірибе алаңы болды.

Б.Жанәлі
27 мамыр 2023 ж. 859 0