Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Рухани жаңғыру бөлмесі жабдықталған

Рухани жаңғыру бөлмесі жабдықталған


Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық код дегеніміз ұлттық құндылықтарымыз. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлерімізді ұрпаққа жеткізу аға ұрпақтың парызы деген болатын.
Осы орайда балабақшадағы тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы екені сөзсіз. Мектепке дейінгі шақ – бала бойына рухани-адамгершіліктің негізін қалайтын кез. Сондық­тан да жас кезінен бастап жоғары рухани құндылықтарды: мейірімділік, инабаттылық, әдемілік, жақсылық, еркіндік, өмір мәні т.б. қалыптастыру педагогтардың міндеті.
Қазіргі ұрпақ тәрбиесіндегі басты мәселе – тұлғаны рухани-адамгершілік тұрғысынан дамыту, ұрпақты адамгершілікке, отансүйгіштікке, имандылыққа тәрбиелеу. Жоғары ізгілік мұраттардың ең құндысы – рухани құндылық.
Ата-бабадан келе жатқан салт бойынша бала тәрбиесі үлкен маңызға ие.
Шіркейлі ауылындағы №15 «Нұр бақыт» балабақшасы бүлдіршіндерді жаңа заман талабына сай жан-жақты тәрбиелеуге мүмкіндік беретін типтік жобада салынған материалдық- техникалық базасы өте бай балалардың бақыт мекеніне айналған бақша.
Ауылдың азанғы тірлігі қым-қуыт. Балаларын үлкен жолдың бойындағы балабақшаға апарып салып, тірліктеріне асыққан ата-аналар бүлдіршіндерінің болашағынан зор үміт күтеді. Екі қабатты ғимарат ауласында жас талдар жайқалып өсіп тұр. Ертегілер әлемінің кейіпкерлерін де осы жерден кезіктіресіз. Кең аулада балалардың емін-еркін ойнауына барлық жағдай жасалған, түрлі құрылғылар қойылған. Жаңа заман талабына сай екі қабатты балабақшада 5 топ 90 бала тәрбиеленуде. Материалдық базаны нығайту барысында әкімшілік, шаруашылық жұмыстары жоспарлы түрде жүйелі жүргізіледі, осының нәтижесінде жаңа заманауи технологиялармен, жабдықтары мен оқу әдістемелік материалдарымен, интернет жүйесіне қосылған компьютер сыныбымен, мультимедия, музыкалық аппаратурамен, екі топта интербелсенді тақталармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ спорт зал, акт залы, мед кабинет жұмыс жасайды.
Балабақшада «Тәй-тәй», «Ойын», «Триз» технологияларын пайдаланып іс-шараларды ұлттық ерекшелікке сай бейімдеп, балалар бойына тәлім-тәрбие сіңіру педагогтардың шеберлігі болып табылады.
Жас мамандармен жұмыс, озық тәжірибе мектебінің жұмысы, ата-анамен тығыз байланыс орнату, дөңгелек үстел, жиналыс­, тренинг телебағдарлама, сауалнама жүргізіліп, ашық есік күндерін үнемі ұйымдастыру жолға қойылған.
Ашылғанына сегіз жыл толатын балабақшада 3 рет облыстық, 3 рет аудандық, 3 рет аймақтық семинарлар, ашық есік күндері өткізілді.
Мерекелік ертеңгілік, сурет сайысы, ән, би конкурсы, спорттық шара, жазғы сауықтыру шарасы, ашық ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттері мазмұнды жоспарланып өткізіледі.
«Мәңгілік ел» жалпы ұлттық идеясының құндылықтары – қазақстандық патриотизм негізі тақырыбында шығармашылық апталық өтіп, қортындысы бойынша ауданнан І орын иеленіп, облыстан сертификат алып жоғары бағаланды.
Балалармен «Даналық әліппесі» инновациялық сөйлейтін қалам, «Халық тағылымы», «Халық жыры», «Бабалар батасы», «Аталар сөзі», «Халық ертегісі», «Нақыл сөз», «Халық әні», «Халық аңызы», «Бесік жыры» кітапшалары электронды қазақ үйі «Қазақ ертегілері», «Балалар әндері», «Күйлері», «Дәстүрлі әндер», «Терме толғаулар», «Бесік жырлары», «Абайдың қара сөздері» барлығы 1200 шығармасы бар «Ұластың» ұлттық өнімі ұрпағымыздың бойына намысы бар, ерік жігері күшті, білімді тұлға елін, жерін сүйетін өнегелі болуға баулуда таптырмас құрал.
Осы бағытта шығармашыл педагогтар әдіскер Ф.Ибраева, тәрбиешілер Г.Сам, Қ.Кұлахмет, К.Садықова, Ж.Әбусағатова, Г.Абы­това, М.Қосжановалар жаңашылдықпен жұмыс жасауда.
Балабақша келешек ел басқарар, жер суына иелік етер, елін, халқын гүлдендірер, мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды шыңдап, өмірде ең басты сатысын қалайтын киелі ұя.
Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» – деп дана халқымыз бекерден-бекер айтпаса керек. Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келе жатқан ұлттық дәстүрлерді білу, оны сақтау, келешек ұрпаққа қазақ халқының Ұлы халық екендігін ұғындыру, Ұлы халықтың абыройлы ұрпағы болуға тәрбиелеу баршамыздың перзенттік парызымыз.
Алдағы уақытта жеке тұлғаны қалыптас­тыруға бағытталған жаңа ұлттық үлгіні жасауда, әлемдік білім кеңістігіне енуді қамтамасыз етуде «Нұр бақыт» – бақытты балалар мекенінің қосар үлесі зор болмақ.

Бақтыгүл Мүсаева,
№15 «Нұр бақыт» балабақша КМҚК меңгерушісі
14 қараша 2018 ж. 1 370 0