Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бар білімнің бастауы балабақшада

Бар білімнің бастауы балабақшада

Әрбір баланың болашақта тәрбиелі, білімді болуы бастапқы білім беру жүйесінен қалыптасады. Ал оның негізі – балабақшада. Сондықтан да «балабақшаны барлық білімнің бастауы» деп айқын айтамыз. Мектепке дейінгі білім беру саласының басты міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбие беру үрдісіне заманауи әдістерін енгізу. Осыған орай, Шіркейлі ауылындағы №15 «Нұр бақыт» бөбекжай балабақшасында сала мамандары бас қосып, тәжірибе алмасты.
«Жаңартылған білім мазмұны – мектеп­ке дейінгі тәрбие мен оқытудың негізі» тақыры­бындағы аудандық семинар-практикумда ауданнан жиналған балабақша қызметкерлері ба­лаға білім берудің әртүрлі әдіс-тәсілдерін көріп, білді. Алдымен, «Нұр бақыт» бөбекжай бала­бақшасының меңгерушісі Б.Мұсаева сөз сөйлеп, балабақша жұмысымен таныстырды.
– Балғындарға білім берудің алғашқы баспалдағы саналатын «Нұр бақыт» бөбекжай балабақшасына биыл – 10 жыл. Бұл – біз үшін айтулы дата. Осы уақыт ішінде балабақша тәрбиеленушілері респубикалық қашықтан өткі­зілген байқау жеңімпаздары атанды. Об­лыс­тық, аудандық байқауларда да жетістік­теріміз жетер­лік. Онжылдықтың ішінде тәжі­рибе алмасу мақсатында 3 рет облыстық, 4 мәр­те аудандық және 4 рет аймақтық семинар өткізілді. Жалпы, бүгінгі таңда балабақшада 41 қызметкер жұмыс істейді. Олар 4 топтағы 90 баланың тәрбие мен бастапқы білім беру ісіне еңбек етуде, – деді Бақтыгүл Дүйсенбайқызы.
Семинар-прктикумда балабақша әдіскері Ф.Ибраева «Bilimkids» платформасы туралы пре­зентация көрсетіп, оның балабақша қыз­мет­керлерінің көмекші құралы екенін, оның тиім­ділігін атады. Оның ішінде, балғындардың ой-өрісін дамытуға түрлі тапсырмалар бар екенін және көркемдік-бейнелік материалдармен де қамтылғанын жеткізді. Ал тәрбиеші А.Нурадинова ортаңғы «Қарлығаш» тобында «Жаратылыстану» оқу қызметі бойынша «Бақшадағы көкөністер» тақырыбында оқу сабағын өткізді. Онда балабақша тәрбие­ленушілері көкөністердің түр-түсі, көлемін ажыратуды үйренсе, ортаңғы «Нұр бөбек» тобы дәрумендердің адам ағзасына пайдасы туралы білді. Оны топ тәрбиешісі Қ.Құ­лахмет түсіндірді. Іс-шара барысында кіші «Ботақан» тобы тәрбиеші А.Қадырованың ұйым­дастырумен «Шалқан» ертегісін тамашалады. Сондай-ақ, дефектолог С.Жұма балабақша тәрбие­ле­нушілерін жыл мезгілдеріне саяхат жасатса, психолог Ж.Садықов «Саусақ жаттығулары арқылы баланың қабілетін дамыту» ойынын ойнатты. Ересек «Айналайын» тобы «Шахмат әлемін­дегі фигуралар қызметін» ұғынды. Олар­дың қабілетін шыңдауға үйірме жетекшісі З.Махамбетова атсалысты. Осындай әртүрлі бағыттағы оқыту сабақтарында балабақша қызмет­керлері білім мен тәрбие берудің, бөбек­тердің ой-өрісін дамытудың көптеген әдіс-тәсіл­дерін көрді, тәжірибе алмасты.
Аудандық семинар-практикум қорытын­ды­­сын­да ән-әуез, би жетекшілері М.Қосжа­нова, Г.Мырзабаева, М.Агулованың ұйымдасты­руы­мен «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты мерекелік концерт қойылды. Онда балабақша тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетті. Ал аудандық білім бөлімінің әдіскері Жанна Жә­дігер­қызы аудандық іс-шараның балабақша мамандарына берері көп екенін, семинар-прак­тикум жоғары деңгейде өткізілгенін атап, оқу сабақтарын өткізген «Нұр бақыт» балабақ­шасының қызметкерлерін аудандық білім бөлімі басшысының «Алғыс хатымен» марапаттады.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
20 қараша 2021 ж. 869 0