МӘМС аясында ем алмаған салымшыларға аударған ақшасы қайтарыла ма – ДСМ жауабы
МӘМС аясында қызмет алмаған салымшыларға медициналық сақтандыру қорына аударған ақшасы қайтарыла ма? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Денсаулық сақту министрлігі мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдеріне осындай сауал қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жақында бір депутат әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударған ақшасы пайдаланылмаса, жүйедегі азаматтарға тым болмаса 50 пайызын қайтарып беру тура бастама көтерді. Бұған не айтар едіңіз?» деп сұрады журналист.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Сәбит Ахметов дәрігерлердің жүктемесін азайту бағытында қолға алынған шараларды сөз етті.
«Біздің МӘМС жүйесі ортақ ымыралы жауапкершілікке негізделген. Егер жүйеге қатысушыларға салымының 50 пайызын қайтарсақ, 80 пайыз адамның МӘМС аясында тегін медициналық қызмет алуы қиындайды. Өйткені жүйедегі азаматтардың 80 пайызының айлығы соншалық көп емес. Ары кетсе, 30-40 мың теңге қайтаратын шығармыз. Бірақ оның бәрін осылай қайтарсақ, қай жерден көмек алады? Ақылы емделуге жеке қаражаты жете ме? Отасы 10 млн теңге болса, оны қайдан төлейді? Бұл жерде «әлеуметтік» деген сөзге мән беру керек. Бізге айлығының жоғары болғанына байланысты көбірек ақша аударатын адамдар қалыпты жағдайда да денсаулығына жақсы қарайды. Олардың көбі МӘМС аясында медициналық ұйымдарға жүгінбейді де. Негізінен зейнеткерлер, балалар, мүгедектігі бар адамдар жүгінеді», - деді қордың басқарма төрағасы.
Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазин бұл сауалға халықаралық тәжірибеден мысал келтіре отырып жауап берді.
«Дүниежүзінде мұндай сақтандырудың бірнеше түрі бар. Бірақ жекеленген шоттар, жекелеген салымшыларға ақшаны қайтару деген тәжірибе жоқ. Тек Сингапурде жекелеген шоттар бар. Ол өте бай мемлекет екенін өздеріңіз білесіздер. Жекелеген шоттағы ақшаны өзіне ғана жұмсау, жұмсамаса қайтару деген тәжірибе сол мемлекетте ғана бар. Қалған мемлекеттердің бәрінде ынтымақтастықтың арқасында қаражаты бар адамдар кедейлер үшін төлейді, сау адамдар ауру адамдар үшін төлейді. Біздің де әлеуметтік сақтандыру жүйеміз тура дамыған мемлекеттер сияқты осындай принципке негізделген. Қайтару механизмі жоқ. Заң бойынша он минималды айлық көрсеткіштен асып кетсе, лимит бар. Ең көп дегенде бір адам айына 14 мың теңге ғана төлейді. Одан асырылмайды», - деді Тимур Сұлтанғазин.