Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы бірлігі – мемлекеттің жемісі

Отбасы бірлігі – мемлекеттің жемісі

Халықаралық отбасы күні 1993 жылдан бері БҰҰ Бас Ассамблеясы­ның қарарына сәй­кес елімізде аталып­ өті­леді. Атаулы күннің ма­ңыз­дылығы – әр­бір отбасында болатын­ мәселелерге қоғам­ның назарын аудару. Халықаралық дең­гей­де 15 мамырды отба­сы күні деп белгілеу қауым­дастықтың қоғам өміріндегі отбасының ахуалы мен жағдайы­на ықпал ету.

Отбасы қазақ халқы үшін қасиетті ұғым. Отбасы – адамның дүниеге келіп, саналы өмірі қалыптасатын, ең қауіпсіз, әрі жақын әлеуметтік орта болып саналады. Өмірге деген алғашқы қадамды отбасында жасап, салт-дәстүрдің, ұлттық құндылықтың негізі қаланады. Отбасында тәлім-тәрбие алған бала айналасымен, қоғаммен қарым-қатынас жасап, оның мінезі нығаяды. Жалпы бір
сөзбен айтқанда отбасы адамның азамат болып қалыптасуына ықпал ететін ең алғашқы ортасы.

Отбасы және отбасы тәрбиесі бір-бірінен ажырамас ұғым. Отбасындағы тәрбие негізгі тәрбиенің ең басты бөлігі. Ата-ана атанған отбасы мүшелері сәби дүниеге келген күннен бастап, оған барынша жайлы орта, қамқорлық жасайды. Баласының болашағын ойлап, жоспар құрып, елге пайдасы тиетін азамат болып өсуіне аянбайды. Ол үшін ең алдымен денсаулығына аса мән беріп, ой-санасының дамуына, еңбекке баулып, саламатты өмір салтына тәрбиелейді. Жаманнан жирендіріп, жақсыға үйрету секілді, бойына адамгершілікі асыл қасиеттерді дарытуға барын салады.

– Отбасы – шағын мемлекет. Отбасы – қоғамның бір бөлігі. Отбасы – халықтың өсіп-өркендеуіне, ұрпақ тәрбиесіне жауапты маңызға ие болатын үлкен институт.

Неке және отбасы екі бөлек ұғым. Отбасы некеге қарағанда күрделі жүйе. Себебі неке – жұбайларды ғана біріктірсе, отбасы – олардың балаларын, туған-туыстарының беріктігін қамтамасыз етеді.

Неке қай кезде отбасын құрудың негізі болып табылады. Яғни неке – ер мен әйелдің арасындағы тең құқықтық одақ. Бұл заң аясында жазылған ұғым. Некеге тұру ерлі-зайыптылардың сенімін, қамқорлығын арттырып, отбасы алдында, мемлекет алдында бір-біріне деген жауапкершілігін күшейтеді. Мұның барлығын өмір бірлігі деп бір сөзбен айтуға болады.

Жалпы неке мен отбасын бір-бірінен ажыратып айтуға болмайды. Жас жұбайлар некелік өмірін қалыптастырып, отбасында дүниеге бала әкеліп, дұрыс тәрбие беріп, адамгершілік құндылықтарды қалыптас­тырады.

Соңғы жылдары жастар арасында отбасы бірлігіне жеңіл желпі қарайтындар көбейіп бара жатқаны жасырын емес. Бір-бірін жеткілікті дәрежеде білмей, бас қосып, аз уақытта «мінезіміз жараспады» деген желеумен ажырасып жатады. Мұндай келеңсіздіктің орын алуын жауапкершіліктің жоқтығынан және некеге немқұрайлы қарағандықтан деп айтамыз. Ауданда әйел-аналармен, қыз-келіншектермен ең көп бас қосатын қоғамдық ұйымның жетекшісі ретінде үнемі кездесулерде отбасы туралы, ұлттық құндылықтар, келін мен ене арасындағы қарым-қатынас, қыздар тәрбиесі жайлы өнегелі әңгімелер айтамыз. Бұл болшақта ана болатын жас қыздарға, жас келіндерге өте қажет. Ұлтымызда үлкенді сыйлау, «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» секілді қасиеттің берік негізі қаланған. Қазақ ұлтынан асқан мейірімді, саналы, қамқор ұлт жоқ. Сондықтан біздің ұрпағымыздың келешегі жаман болмайды деген сенімдемін, – дейді аудандық әйелдер кеңесінің төр­ай­ы­мы Ұлмекен Жанәлиева.

Иә бұрынғының адамдары бір-бірін көрмесе де, білмесе де отау құрып, жақсы отбасы болып, ұрпақ өсірген. Ол кезде ерлі-зайыптылар салт-дәстүрге құрметпен қарап, отбасы алдындағы жауапкершіліктің жүгін жете сезінген деген ой болуы мүмкін. Алайда қазіргі жағдайды мүлдем жоққа шығаруға болмайды. Жастардың арасында да бұрынғының ізімен, алдымен отбасы бірлігін бәрінен де биік қоятындар да бар. Олар шаңырақтарын шайқалтпай, тату-тәтті ұзақ жыл бірге болатындар деп сеніммен айтуға болады. Ал Құдайдың құтты күні не болса соны сылтау етіп, ұрыс керіс шығып жатқан отбасында некенің тұрақсыздығы бой алады.

2023 жылдың І тоқсаны бойынша ауданда ХҚКО арқылы, электронды түрде немесе тиісті бөлімге 151 өтініш келіп түскен. Сонымен қатар бала тууды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу – 124, неке қиюды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу – 24, некені бұзуды тіркеу ЭҮП арқылы бірлескен 1 өтініш келіп түскен. Бұл аудан үшін жаман көрсеткіш емес. Дегенмен, отбасыны құрған жас жұбайлар жарасымды, әрі тату-тәтті отбасылық одақ құрып, оның жауапкершілігін бірдей сезінсе, елімізде демографиялық ахуалдың да жақсаратыны сөзсіз.

Отбасы – ынтымақ пен бірліктің темірқазығы. Отбасының беріктігі, саулығы сол елдің дамуының өлшемі. Отбасында адамның әдебі мен ұяты, ақыл-ойы, мәдениеті мен адамгершілік қасиеті қалыптасады. Отбасы – өзге ештемемен айырбастауға болмайтын, адам өміріне ең қажетті алтын қазық. Отбасында Отанға деген құрмет пен сүйіспеншілік, жақындарға деген қамқорлық көрініс тапса, болашағымыз жарқын, келешегіміз кемел болары анық.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – «Отан – қуат, отбасы – шуақ» дегендей, отбасы – шағын мемлекет, Отанның кішкентай бір бөлшегі. Біздің Тәуелсіз елімізде адам өмірі ең қымбат қазына болса, әрбір отбасы да мемлекеттің қамқорлығына алынған. Әсіресе, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтік әлсіз топтар санатындағы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Айту керек, ауданда мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша 1163 адам мемлекеттік жәрдемақымен қамтамасыз етілген. Асыраушысынан айырылған 486 отбасына және 1609 көп балалы отбасыға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бүгінгі күні 4203 зейнеткерге зейнетақы тағайындалып, төленуде. Мұнан басқа көп балалы отбасыларға да тиісті әлеуметтік төлемдер республикалық бюджеттен төленуде.
Бибісара ЖАНӘЛІ
16 мамыр 2023 ж. 384 0