Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Балық берме, қармақ бер

Балық берме, қармақ бер

Қоғам өміріндегі отбасы институтының бас­ты құрамдас бөлігі – бала тәрбиесі. Бүгінгі күні бұл тақырып өзектілігін арттырып отыр. Өмірлік дағдысында жалқаулық пен еріншектікті қалыптастырған жастардың арасында жұмысқа қабілетсіздік, өз ісіне мұқият қарамау сынды жағымсыз құбылыс байқалады. Кішкентайынан баласын өбектеп өсірген ата-ананың көпшілігі оның есейгендегі болмысына алаңдайды. Үлкеннің сөзіне құлақ аспайтын жастардың бір бөлігі жеңіл жолмен табыс табуды әдетке айналдырған. Соның ішінде лудоманияға бой алдырған жастар да аз емес.

Ересектер мен жастар арасында жиі айтылатын лудоманияның зиянын тартып, зардабын жіпке тізген талай адам бар. Құмар ойынның құрсауындағы елімізде 350 мыңға жуық «лудоман» тіркелген. ҚР Ден­саулық сақтау министрлігі олардың ішінен биыл 150 адамды мемлекет есебінен емдеуді жоспарлап отыр. Бәс тігіп, басын дауға қалдырған жастар психологиялық тұрғыдан сырқатқа ұшырап, құмар ойынның шырмауынан шыға алмай жүр. «Лудомания» медицинада ресми диагноз ретінде қарастырылады. Әлеуметтік зерттеудің барлығы – қауіпті үрдістің кенеттен пайда болмайтынын көрсетеді. Көп жағдайда жастар құмар ойынға туысы, ағасы немесе досы арқылы келеді. Жетекке ерген жастар тәуелділіктен шыға алмай, отбасын да күйретіп жатады.

«Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудо­манияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы арнайы заң қабылдап, лудоманиямен күресу іс-шарасын күшейту қажеттігін атап өтті.

Осы ретте «Балық берме, қармақ бер» деген мақалдың өміршеңдігі тағы да дәлелденеді. Көп ата-ана мектеп жасынан бастап баласына қиындық көрсетпеу үшін қолындағы барын ұсынып отырады. Қалтасындағы ақшасын аямайтын олар баласының немен айналысып жүргенінен хабарсыз болуы да жасырын емес. Жастардың бір бөлігі ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүруге бейімделіп, бос уақытын құмар ойынға арнайды. Айтқан ақылға құлақ аспайтын мұндай жастар лудомания салдарынан миллиондап қарызға батып отырғаны анықталған. Әлемде 80 миллионнан астам адам құмар ойын тәуелділігінен «бақытсыз» санатына қосылған. Әрқайсысының отбасылық тұрақтылығы шайқалған. Оның ішін­де, танымал тұлғалар да бар. Мәселен, әйгілі футболшы Питер Шилтон 45 жыл бойы құмар ойынға тәуелді болып, оның шырмауынан әрең құтылған.

Балтабай Ордабеков
Фото: ашық дереккөзден 

22 қараша 2025 ж. 20 0