Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақан ақсақалдың аманаты. Құрманғали мен Бағжан хақында

Жақан ақсақалдың аманаты. Құрманғали мен Бағжан хақында

Қос қайғыдан (қаза) кейін Тоқсейітов шаңырағына үлкен қуа­ныш, жаңалығымен келді. Бұл Құрман­ғалидың Бағжан атты қызды шаңыраққа алып келуі болатын. Той үстінде сыртқа сыр бере бермейтін Жақан қария көзіне жас алып, жас отау иелеріне ақ батасын беріпті. Жақаңның мұндай босағанын көрмеген ағайын-туыстары «...Қуаныштың көз жасы ғой» деп қауқылдасты. Сол бір қуаныш сәтіне де биыл 70 жылдан асты, зымырап өтіп бара жатқан өмір-ай десеңізші.

Әне-міне дегенше Тоқсейітовтер шаңырағынан іңгәлаған дауыстар шығып, үй-ішін базар етті. Бұған Құрманғали мен Бағжан ғана қуанып қойған жоқ, ағайын-туыс, көрші-қолаң, барша жұрт қуанышын бөлісті. Құрманғали – Жақаңның екінші ұлы, қуанышқа кенелген де Бағжан мен Құрманғали. Қ.Тоқсейітов – Тереңөзек кентіндегі М.Калинин (қазіргі Иса Тоқтыбаев) атындағы орта мек­тептің түлегі. 7-сыныпты бітірісімен Алматыдағы «Мосфильм» студиясына қарасты киноактерлер мектебіне оқуға түсіп, оны бітірген соң Тереңөзек аудандық байланыс бөліміндегі баспа­сөз тарату саласында еңбек жолын бастаған. Қызмет істей жүріп, он­жылдықтың аттестатын қолға алған. 1948 жылы өзімен бір мекемеде телефоншы болып жұмыс істейтін Бағжан есімді қызбен таныс-біліс болып, арты сүйіспеншілікке ұласып отау құрады. Оны жоғарыда атап өттім. Айтпақшы Батырбекқызы Бағжанды 1947 жылы өз келісімімен алып қашқан көрінеді. Деректер осылай сөйлейді, ата-анасы Батырбек қызы Бағжанның отау құрған кезін көріп кетіпті. Тілегі дұрыс болар. Бірін-бірі сүйіп қосылған екі жас ата-енесінің қас-қабағына қарап, қолдарынан келгенше қызмет жасапты.

Құрманғали Тоқсейітов 1948–1952 жылдары байланыс бөлімінде, 1952–1955 жылдар аралығында Тереңөзек аудандық комсомол комитетінің есеп-секторының меңгерушісі, 1956–1958 жыл­дары өмірінің соңына дейін ау­дандық атқару комитетінің жалпы бөлімін басқарған. Комсомол, аудан­дық кеңесте қатарлас қызметте бол­ған Нұрділда Уәлиев, Мырзабек Оразаевтар Құрманғалидың қызметке адал­дығы, жауапкершілікпен жұмыс істейтінін бір әңгіме үстінде айтқан-ды. Құрекеңнің кейбір құжаттарын қарап отырғанда, оның өте ұқыпты, досқа адал, биік адамгершілікті адам екені көзге ұрып тұрады. «Сенің кім екеніңді білейін, досыңды айтшы» демекші, бір досы Н.Уәлиев мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген аза­мат еді. Ол ағамызбен талай рет жүздесіп, әңгімелескен едім.

Құрманғали әскерге алынып, бір жылдың ішінде денсаулығы сыр беріп Тереңөзекке келді. Бірнеше рет «Шымған» сияқты сауықтыру орындарына барып емделген. Алайда сол науқастан қайтыс болыпты. 1958 жылдың 5 тамызында (28 жасында) Тереңөзектегі қорымға жерленген. Артында қарт әке-шешесі, жас балалары қалған. Осы қиын кезеңде Жақан ақсақал мен Бағжан естерін жиып, Құрманғалидың көзін азамат ету жолында еңбек етеді. Олардың еңбектері бос кеткен жоқ, 4 ұл төрт шаңырақтың иесі болып шықты.

Бағжан келін әсіресе енесінің (Қуанышкүлдің) бір аяғы мен қолы жұмыс істемей қалғанда, балаша күтіп-бақты деседі. Сонымен Бағжан апамыз кім еді, ата-бабалары кім бол­ған дегізбей-ақ өзім қысқаша баяндап өтпекпін. Бағжан отбасындағы жағдайға байланысты 5-сыныпқа дейін Жалағашта оқып, 7-сыныпты Тереңөзектен бітірген. Жасынан пысықтау болып өскен Бағжан Бедерова аудан орталығында (1945 ж.) телефоншы болып жұмысқа орналасады. Кейіннен аға телефоншы, байланыс бөлімінде жауапты қызметтер атқарған. Тереңөзек пен Сырдария аудан­дарының бөлек аудан болуына орай Бағжан апа Тасбөгеттегі байланыс бөлімінің басшысы, кейін Сырдария аудандық әлеуметтік-қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі сияқты қыз­меттерді асқан жауапкершілікпен атқа­рып, зор абыроймен зейнеткерлікке шығады. 1978 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Атасы Жақан Құрманғалидың тұңғышының есімін Құдайберген деп атап, бұл менің кенжем деп өздеріне меншіктеген екен. Барлық немерелерінің есімдерін бір-біріне ұйқастырып, қасиетті есім қойыпты. Құрманғали дүниеден өткен кезде Құдайберген 8 жаста, ең кенжесі Рақымберген 11 айлық екен.

Өзінің денсаулық жағдайын біл­гендіктен болар, 1958 жылдың басына таман Құрманғали Бағжан мен құндақтаулы Рақымбердіні алып, қасиетті де киелі орын Түркістандағы Қожа-Ахмет Яссауи кесенесіне барады. Әулие бабаға тәу етіп келіп, құран оқытып, жас баласына бата алып, Тереңөзекке қайтқан екен. Бұл сапарды жақсылыққа жорыған Жақан қария немересінен көп үміт күткен болатын. Шынында, Рақымберген ата-әже, ана аманатын орындай білген ұрпақ.

Жоғарыдағы жазбамда Бағжан апа­ны текті жердің қызы, есімі елге белгілі Бедер бидің немересі дедім. Ата-тегін нақтыласам, Қарабазар Кетенің Байбөрісі – одан Жақсылық – Жақсылықтан Шақабайдан – Бектас, одан Қойман тарайды. Қойманнан – Байбақты – одан Байназар өрбиді. Байназардан – Бедер – одан Батырбек. Бедер – Бағжанның атасы, Батырбек – әкесі. 1868 жылғы Перовскі уездік құжатында (232 қордағы) Байназардың есімі жазылған. Байназардың аты, діни ғұламалар Алдашбай Ерназарұлы, Қожабай Жаназарұлы, Дайыр Ерназаров­тың есімдері қатталған.

Азаматтар қатарында, әсіресе, Рақымберген есімі Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында республика бюджетін әзірлеуде көрінді. Тоқсейітовтың қара шаңырағында Құ­дайберген тұрды, іні­лерін әрдайым жылы қабылдап, аға­лығын жасады.

1959 жылдың шілде айында Жақан қарияның үйіне жиналған ағайын-туыстар мен абысындар арасында күңкіл-күңкіл әңгімелер айтылып жатқанын естіген Жақан:

– Оу, ағайындар, айтқандарың дұрыс, әмеңгерлік – ата жолы. Дегенмен, келіннің өзінен сұрайық, – деп Бағжанды ортаға шақырыпты. Сонда Бағжан келін:

– Құдай қосып Құрманғалимен отау құрдым, жан-жарым өмірден өтіп, 4 баламен қалдым. Ендігі бар мақсатым – атамның басшылығымен осы балаларды жеткізу, қатарға қосу, соған рұқсат етіңіздер, – деген екен.

Келіннің қажырлығы мен қай­сар­лығына тәнті болған ағайындар тура сөзге тоқтап батасын берген.

1947 жылдан байланыс бөліміндегі қызметін телефоншыдан бастаған Б.Бедерова өзінің адал да абыройлы ісімен көзге көрініп, басшылық қызметке жол ашылады. Атқарған қызметінде абыройлы болған апамыз Республикалық, облыстық байланыс ұйым­дарының мақтау грамоталары және сыйлықтарымен марапатталған.

Құрманғали мен Бағжанның өмірге келген төрт ұлы да, өмірден өз жолын тапқан азаматтар болды. Бірі – механик, енді бірі – заңгер, үшіншісі ішкі істер органында, кенжесі экономист мамандығын меңгерген.

Бағжанның әкесі Батырбек (1901-1948 жж.) 1948 жылы, анасы Күләнда 1967 жылы өмірден өтіпті. Бауыры Мұратбек көп жыл Жалағаш аудандық «Казсельхозтехника» бір­лестігінде бас есепші қызметін атқа­рып, зейнеткерлікке шықты. Бедеров Мұратбек Батырбекұлы атамыз 1931 жылы қазіргі Қармақшы ауданы, бұрынғы К.Маркс колхозында дүниеге келген. Ауылдың қазіргі атауы – Алдашбай ахун ауылы. Әке қанымен тараған болуы керек, Мұратбек те жас кезінен ақылды, зерек, алғыр бала болып өскендігін өз замандастары айтып отыратын дейді білетіндер. Орта білім алып мектепті бітірген соң Мұратбек білім қуып, Түркістан қаласындағы теміржол техникумына түседі, оны бітірген соң Түркістан, Қызылорда, Жалағаш, Қармақшы аудандарының теміржол станцияларында бақылаушы диспетчер болып еңбек жолын бастаған. Бұдан соң атамыз білімін жоғарылатып, 1955 жылы Алматы қаласының жанындағы Қарғалы ауы­лындағы Орта Азия мемлекеттерінің Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстаннан оқу іздеп келген жас­тарға білім беретін арнаулы оқу мек­тебін ревизор мамандығы бо­йынша үздік бітіріп шығады. Міне, осы кезден бастап оның өмірге деген құштарлығы, адалдығы, біліктілігі арта түседі. Келешегі зор талантты жанға бұл алған білімі аздық танытып, Қарағанды кооператив институтының сырттай бөліміне оқуға түсіп, экономист-бухгалтер мамандығы бойынша бітіріп шығады. Содан кейін қазіргі Шаған елді мекеніндегі жұмысшылар кооперативінің бас бухгалтері болып қызмет атқарады. Кейін аудандық партия комитетінің шақыруымен Жалағаш ауданы «Райпотребсоюз» және «Казсельхозтехника» мекемелерінде бас бухгалтер болып біраз жыл қызметте болады және іскерлігімен көзге түседі. Институт, техникум бітіріп тәжірибе алуға келген жастарға есеп саласының қыр-сырын танытып, білімін шыңдауға көп көмегін тигізеді. Бүгінде олар облысымыздың, Қазақстанның бірсыпыра өңірінде еңбек етуде. «Осы кезге дейін Мұратбек ағайдан алған ақыл-кеңес біліміміз орасан зор» деп ризашылығын білдіріп жатады. Міне осындай біліктілігінің арқасында «Еңбек ардагері» төсбелгісімен, Ұлы Отан соғысының 45 жылдығы медалі­мен, Қазақстанның егемендік алғанына 20 жыл медалімен марапатталды, облыс, аудан, партия, совет органдарынан алған алғыс хат, марапаттары жетерлік. Жалағаш ауданының «Құрметті экономисі» атағы тағы бар.

Мұратбек ата өмірлік жары Нұрман қызы Күләйшамен бас қосып, өмірге 5 қыз, 2 ұл әкеліп, ұлды ұяға, қызды қияға ұшырған асқар тау әке мен шеше бола білді. Бүгінде олар бір-бір шаңырақтың иесі. Ұрпақтары жалғасын табуда. Асыл анамыз өмірден ерте озса да атамыз сынбай, тағдырға бас иіп мойымай, ұл-қыздарына үмітпен қарап қызығын көрді. Амал не, мәңгілік ештеңе жоқ, Мұратбек ата 2014 жылы маусым айында өмірден озды.

Бедер атаның бірінші әйелі Күләнда анадан Бағжан атты қыз бен Мұратбек ұл дүниеге келген. Ал кейін Бедер ата­ның екінші әйелі Мархабаттан тағы үш бала болған, Дәурен, Оңғаркүл, Әбдірахман. Дәурен Мұратбек ағасы­ның жолын қуып ревизор болып, кооперация саласында біраз жыл қызмет атқарған. Оңғаркүл медицина саласында енбек етті, әсіресе туберкулезге қарсы ауруханаларда жұмыс атқарған. Ал Әбдірахман Сыр еліне белгілі жыршы, асаба ретінде танымал болған. Қазақ елінде «Көрұғлы» поэ­масын толық 9 күн үзбей (қырғыздың «Манас» поэмасынан кейінгі әлемдегі ең ұзақ шырқалатын шығарма) жырлайтын екі адам болса, сонын біреуі Әбдірахман десек артық айтпаған болар едік.

Бірде Майжарма каналының маңын­да Құдайбергенмен жолығып қалып әңгімелесіп тұрғанымды көріп, Мырзабек Оразаев ағай:
«...Мына Құдайбергенді жете біл­мейсің ғой, бұл менің Құрманғали досымның тұңғышы, Жақан қарияның кенжесі» деп аз-кем әңгіме айтты. «...Біздер Құрманғалимен қатар өстік, жанып тұрған жігіт болатын» деген еді.

Бір мақаланың төңірегінде Тоқ­сейітов­тер әулеті жайлы толық жазу мүмкін де емес. Шамамен өзім көріп, білген жайлардан сөз шығардым. Бағжан Батырбекқызы жоғары оқу орнын сырттай оқып бітірген. Соған қарамастан Тереңөзек пен Сырдария аудандарында белгілі қызметкер аталды. Балаларына да орын-орнымен тәлім-тәрбие беріп, оқуына жол ашты.

Тереңөзектіктермен кездесіп өт­кен-кеткенді әңгіме еткенде Жақан ақсақалдан бастап Құрманғали, Бағжандар туралы жылы лебіздер ести­сің. Жоғарыда айтып өткендей, Бедер бабаның бақсылығы да бар екен. Босана алмай жатқан әйелдерге дем салып, туғызып алады екен. Өзі бара алмай қалса қамшысын беріп жіберетін болған. Батырбек те өз кезегінде колхоз шаруашылығына белсене араласып, ферма бастық, колхоз бастық, ауылдық кеңес хатшысы сияқты қызметтер атқарған. Бедер мен Батырбектің туып-өскен жері Қармақшы ауданының бүгінгі Алдашбай ахун ауылы. Бағжан Батырбекқызы қатты науқастанып жүргеніне қарамастан Рақымбергенге: «Бір журналисті әкелші, өткен-кет­кенімді айтайын, жазып алсын. Бұл әңгімем ертең тарих болар» деп өмір жолын әңгімелепті. Содан кітап туындады. Сол әңгіме үстінде Ұлбике ақын мен Саңырық батыр туралы жазылды.

Жақан қарияның балалары қызмет бабымен жан-жақта қызмет атқарды. Біразы Алматы қаласына орналас­ты. Бағжан апай да Алматыдағы «Қазақфильм» шағын ауданында тұрды. Осы үлкен қалада қайтыс болды. Намазына өзім де қатыстым. Аналарының өтініші бойынша балалары Бағжанды ата-енесі мен Құрманғали жатқан қорымға жерлеген. Жарықтықтың жатқан жері жәннатта болғай.

Құрманғалидың үлкені, шал-кем­пірдің еркесі болған Құдайберген 1950 жылы Тереңөзекте туып, осындағы мектепте білім алады. Қазалы ауыл шаруашылық техникумын бітіріп, өз мамандығымен жұмыс атқарды. Құдайберген мен Розадан – Руслан, Ерлан, Әлия атты ұрпақтар жалғасты. Алдаберген 1952 жылы өмірге келген. Қызылордадағы Жамбыл гидро­мелиоративтік институттың филиалында құрылысшы мамандығын алып шықты. Алдаберген мен Дәметкеннен – Нұрлан, Зарина, Гүлмира тараған. Ал Тәңірберген болса Алматыдағы құқық университетін оқып бітірген. Колониялық мекемелерде басшы қызметтерде болып демалысқа шықты. Гүлсара екеуінен Динара, Гүлнұр, Арман атты балалар тараған.

Құрманғали ағаның кенжесі Рақымберген менімен көп араласқан азамат. Рақымбергеннің өмір жолын көбірек білгендіктен, оған тереңірек тоқталмақпын. Мемлекет және қоғам қайраткері Рақымберген Құрманғалиұлы Тоқсейітовтің өмір жолы сан-салалы. Тереңөзектегі №36 Жданов атындағы (қазіргі Ә.Тәжібаев) орыс орта мектебін 1974 жылы озат болып бітіреді. Алматы қаласындағы Халық шаруашылығы институтының қаржы факультетінде оқып, оны 1978 жылы бітіріп шығады. Алғашқы еңбек жолын жас маман Р.Тоқсейітов Сырдария аудандық қаржы бөлімінде, кейіннен Байқоңыр қаласындағы қар­жы бөлімінің басқарушысы, Қызылорда облыстық қаржы басқарма бас­тығының орынбасары лауазымына тағайындалған. 1992 жылдан бастап ҚР Қаржы министрінің орынбасары, одан кейін білім, мәдениет және спорт, денсаулық сақтау министрлігінде вице-министр болып, нағыз қиын кездерде қызмет атқарды. Қазақстан Республикасы бюджетінің жобасын даярлау ісінде министр А.С.Павловпен бірге күн-түн демей қызмет жасаған күндерін көргенім бар. Сондай-ақ үлкен жеке меншік компания президентінің орынбасары кезінде сол кәсіпорынның өркендеп дамуына бар білімін, жігерін жұмсады.

Рақымбергеннің Тимур, Эльвира есімді балалары өсіп-өнуде. Ұл-қызынан бүгінде 6 немере сүйіп отыр. Ұлы Тимур көпшіліктің қолы жете бермейтін Шотландиядағы энергетика-мұнай-газ факультетінің түлегі.

Рақым­бергеннің Құдайберген, Тә­ңір­­берген атты ағалары бүгінде өмір­ден өткен. Рақымберген ініміз ағаларының балаларына қолынан келген көмегі мен ақыл-кеңесін аяған емес. Тереңөзектен шыққан қоғам қайраткері ретінде аудан, облыста өтетін түрлі шараларға белсене қатысып, кей тұста ұйымдастырушысы да болды. Жақында атақты ақын Ұлбике Жанкелдіқызының туғанына 200 жыл толуына орай ізгі шараларды ұйымдастырушылардың бірі болды, демеушілігін жасады. Енді Ұлбике ақын туралы (бұрын) жазылған кітапты қайта баспадан шығару жолында жүр. Біз оған ісің алға бассын, ақын ұрпағы демекпіз.

Тоқсейіт, оның баласы Жақан қарияның туған жері құнарлы өңір «Құндызды» деп аталған. Қазір аты басқаша. 1948-1950 жылдары бірнеше рет бұрынғы Тереңөзек ауданының «Қызылдихан» колхозына келген (Алматыдан) ақын Жақан Сыздықов «Қызылдихан колхозы» өлеңінде:
Бәкір, Оспан, Дүйсекең, Зәйпін сынды депутат.

Қарсы алып біздерді Бәрінің де көңілі шат, – деп өлең жазса, екінші бір өлеңінде:
«Қызылдиханда» еңбекті қыз­дырған
Еңбеккерлер көп-ақ.
Соның бірі Жақан қарт
Нағыз қазақ дер едім, – деп жазған болатын. Сол Жақан қарияның ұрпақтары бүгінде өсіп-өніп, ата аманатын іске асырып жатыр.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, этнограф
22 қараша 2025 ж. 26 0