Жалған ажырасу жарға жықпасын
Неке – шағын мемлекеттің құрылуының негізгі тетігі. Ал отбасы болып, жастардың бір шаңырақ астында тіл табысып, жарасып кетуі өзіндік мәселе. Қазіргі таңда бірден заңды некеге тұрмай, бірге тұрып, үйренісу мен мінез жарасуына уақыт беру жастардың арасында кең таралып жатыр. Сондай-ақ кейбірі заңды некеде болып, бала-шағасы бола тұра баспана үшін ажырасып, үй кезекке тұруы азаймай тұр. Бұл мәселе бұған дейін де қоғамда талқыға түсіп, баспанаға кезекке тұру шарттары өзгертілген болатын. Соған қарамастан бас қосқан отбасылар әлі күнге дейін үй мәселесі үшін қағаз жүзінде екі бөлек кетіп жатыр. Бұл алаяқтық па, әлде шаңырақ көтеру мен отбасы құндылығы ойынға айналған ба?Бүгінде ажырасу өзекті мәселелердің бірі. Кей шаңырақтың шайқалуына жас жұбайлардың ішінара түсінісе алмауы себеп болса, соңғы статистика бойынша өткен жылы отбасын құрған 123,6 мың отбасының 32 пайызы ажырасуға өтініш білдірген. Бұл көрсеткіш зайырлы мемлекет үшін өте жоғары. Жалған ажырасу – бүгінгі қоғамның ащы шындығы. Тіпті алаяқтық саналатын бұл әрекет отбасы мүшелерінің ортақ шешімімен жүзеге асырылады. Сонда отбасы құндылығы қайда? Үй кезекке тұру үшін, заңды елемей бұндай құйтұрқы әрекетке бару – ең сорақы қылық.
Баспанаға қол жеткізу жолында осындай жағдайға дейін баратын жанұя қатары 2024 жылға дейін көбейіп отырған. Себебі, үйге кезекке тұру ережелерінде ажырасқан тұлғалардың да құқығы бар екені жазылған. Былтыр осы мәселе бойынша алаяқтықтың алдын алу мақсатында баспана кезегіне тұру ережесіне өзгерістер енгізілген болатын. Алаяқтық жүзеге асқан жағдайда заң жүзінде жауап береді. Бұл туралы Сырдария аудандық соты әкімшісінің жетекші маманы Дархан Күзербаев айтып өтті.
– Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың тоғыз айында неке, отбасы қатынастары саласындағы даулары бойынша 39 іс қаралған. Ал 2025 жылдың тоғыз айында 34 іс қаралып, өткен жылмен салыстырғанда 5 іске азайып отыр. Бірақ тұрғын үй кезегіне тұру үшін некесін бұзу жағдайлары тіркелмеген. Егер де некені формальды бұзып, соның негізінде, жалған мәліметпен кезекке тұрғаны, бюджет қаражатын (тұрғын үйді) заңсыз алғаны, мемлекетке ірі көлемде шығын келтіргені анықталған жағдайда заң алдында жауап береді. Яғни, ҚР Қылмыстық кодексі 190-бап бойынша «алаяқтық, мемлекеттік тұрғын үйді заңсыз алу, алдап, сенімге кіріп, мүліктік пайда табу» ретінде қарастырылып, айыппұлдан бастап, бостандықты шектеу немесе бас бостандығынан айыруға дейін жаза көзделген, – дейді сала маманы.
Жалпы бұндай жағдайлар астыртын жүзеге асырылатыны анық. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегіндегі «толық емес отбасы» қатарына өтініш білдірулер аз емес. Ол үшін кей отбасы жалған ажырасып, заңды некесін бұзады. Бірақ ортада бала бар, бір шаңырақ астында тұра береді. Тіпті кейбірі «әлеуметтік жағдайымыз төмен» деп атаулы әлеуметтік көмекке де жүгінеді екен. Яғни, ажырасса толық емес отбасы критериінің қасына, жан басына шаққанда мемлекет бекіткен қаржы көлемінен асып кетпесе, ол жан атаулы әлеуметтік көмек ала алады. Ең сорақысы әдейі заңды некеге тұрмайтындар қатары көп екен. Тіпті ажырасып, қайта жарасса да, заңды некеге қайта тұрмағандар қатары аз емес. Бұған дау-дамаймен екі жаққа кеткен отбасылар да, жалған ажырасқан отбасылар да кіреді. Көпке топырақ шашпаймыз, десек те мақсаты мемлекеттен көмек алу, баспана кезегіне тұру болғандар баршылық. Бұндай әрекеттен екі ортадағы бала зардап шегетінін дап-дардай азаматтар ұғынбайды. Бұл іс-әрекетті туған-туыстары көріп тұрса да, көз жұма қарайтыны қынжылтады.
Бұл өзекті мәселе туралы белгілі жайдарманшы Ақболат Өтебайдың бас продюсерлігімен түсірілген «Ұялам, но үй алам» фильмі 2024 жылы барлық кинотеатрларда көрсетілген болатын. Осы фильмде нағыз қазіргі таңның мәселесі қозғалып, жалған ажырасу арқылы үй алған отбасының оқиғасы бейнеленеді. Сондықтан «жалған ажырасып, баспаналы боламын» десең, заң алдында жауап беретінің анық. Жалған ажырасу жарға жықпай тұрғанда, қоғамдағы бұндай оқиғамен кездескен адамды байқасаңыз, міндетті түрде заңды есіне түсіргеніңіз абзал.
Гүлсезім ТАБЫНБАЙ










