ОТБАСЫ – ЖАРАСТЫҚ ОРНАҒАН ОРТА
Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады. Сондықтан туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Демек, отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі десек артық айтқандық емес. Жеке адамның бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынаста, мәдениеттілікті тәрбиелеуде отбасы алғашқы қадам. Сол себепті отбасы өте қажетті, басқадай ешнәрсемен ауыстыруға болмайтын баспалдақ. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол.
Ата-аналарға немесе басқа да заңды өкілдеріне балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127, 442 баптарында әкімшілік жауаптылық, ал қылмыстық кодекстің 140 бабында қылмыстық жауаптылық көзделген. Өйткені, бала мүддесін құқықтық құралдар арқылы қорғау оның қалыптасуына ғана емес, отбасылық қатынастардың да дұрыс орнығуына септігін тигізбек.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет», деп атап көрсетті. Осы тұста, отбасы ұлттық дәстүрлерді дәріптеудің, сақтаудың басты кепілі. Оның ішінде, ұрпақ тәрбиесіне аса мән берілгенде жанұяда жарастық орнайды. Әр бала атаның қанымен, ананың сүтімен келетін туабітті қасиеттер сияқты ұлттық рухани құндылықтарды ең алдымен отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіретіні анық. Ендеше, кіші мемлекет саналатын отбасы – ұлт болып ұйысудың, ел болып ертеңге нық қадам басудың негізі.
Нұрхан ӘБДІКӘРІМ,
аудандық соттың бас маманы, сот отырысының
хатшысы
аудандық соттың бас маманы, сот отырысының
хатшысы