Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдариялық кәсіпкер 1 млн теңге қаржы аударды

Сырдариялық кәсіпкер 1 млн теңге қаржы аударды

Сырдариялық кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов қауіпті індетке байланысты дерті асқынған науқастарға қажетті кислородтық балондарды толтыруға қаржылай қолдау көрсетті. Ол кислородтық балондарды толтыру үшін «Квант» серіктестігіне 1 млн теңге көлемінде қаржы аударып, халықпен бірге, елмен етене екенін дәлелдеді.

Атап өту керек, бұған дейін де жеке кәсіпкер Расул Есенов аз қамтамасыз етілген отбасыларға қаржылай қолдау көрсетіп, азық-түліктер үлестірген болатын. Ол әркез қайырымды істердің көш басынан көрініп, жомарт азамат ретінде танылып келеді. Бұл менің азаматтық міндетім әрі парызым дейді ол.

– Қазақта «Халық – Құдайдың бір аты» деген нақыл бар. Сол айтқандай, халыққа қарасып, қолдан келген көмекті көрсетіп тұрған жөн. Өзіңде барды өзгелермен бөліскенге, қайырымды болғанға не жетсін?! Соның арқасында жасаған тірлігің алға баса береді. Оның үстіне, қайырымдылық жасау – ізгілікті, игілікті іс. Бұған әркімнің де атсалысқаны абзал. Қауіпті індет әлемді алаңдатып тұр. Мұндай кезеңде сақтық шараларын ұстанып, ортақ міндеттерді орындауымыз қажет. Кеше жастар тарапынан кислородтық балондарды толтыруға қаржылай қолдау көрсетсеңіз деген ұсыныс түсті. Өзім де осы жөнінде ойлап, бір пайдамды тигіземін деп жүрген едім. Сол істі жүзеге асыру жөнінде шешім қабылдадым, - дейді кәсіпкер.

Кәсіпкердің аталған көмегіне облыс жастары дән риза. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасы арқылы атымтай азаматқа алғысын білдірді.

«Расул Әбутәліпұлы Есенов ағамызға рахмет! Қызылордада волонтерлардың кислородтық балондарды толтыруға қаржылай қолдау көрсетуді сұраған сұранысын жерде қалдырмай, "халық үшін" деп "Квант" ЖШС-не 660 балонды толтыруға жететін қаржысын аударып берді. Қысылтаяң сәтте халықпен бірге болып, волонтерларға қолдауыңыз үшін алғыс айтамыз. Қолдауыңыз әрбір дертке шалдыққан жерлестерімізге шипасын тигізсін!» деп жазған басқарма басшысы.

Иә, ел-халықтың алғысын арқалағанға не жетсін... Қолда барын елмен бөлісуге әзір тұратын Расул Есенов секілді ел азаматтарының осындай адал көңілі мен ақ ниетіне Жаратқан Алла қауіпті індеттің бетін әрі қылып, елімізді аман, жұртымызды есен еткей.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
08 шілде 2020 ж. 1 011 0