Қала әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды
Жыл қорытындыланар тұста халық қалаулысы, Сыр еліне белгілі кәсіпкер, қайырымдылық іс-шаралардың тұрақты демеушісі Расул Есенов марапат биігінен көрінді. Жомарт азаматқа Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың «Алғыс хаты» берілді.
Өздеріңіз білетіндей, төтенше жағдай кезеңінде кәсіпкерлердің қолдауымен өңірімізді көптеген игі жобалар жүзеге асты. Сындарлы сәтте қала әкімдігінің ұсынысына сәйкес көмекті қажет ететін қызылордалық мұқтаж отбасыларға Расул Әбутәліпұлы да жәрдемдескен еді. Бұл қайырымдылық көмек қала тұрғындарына көп қолдау болды. Міне, елдің ықыласына бөленген жанашыр азаматтың сол еңбегі еленіп, қала басшысы өз алғысын білдірді.
Қала әкімінің Алғыс хатында «Қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесіңіз үшін Сізге алғыс білдіремін. Алдағы уақытта да береке-бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан туған қаламыздың өсіп-өркендеуі жолында ерік-жігер мен қажыр-қайратыңызды жұмсап, қызметіңізді адал атқара беретініңізге сенемін. Жаңа жыл мерекесінде барлық бастамаларыңызға сәттілік, өзіңізге зор денсаулық, отбасыңызға бақ-береке тілеймін» делінген.
Алғыс арқалаған азаматты марапатымен шын жүректен құттықтаймыз!