Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел үшін туып, елге еңбегі сіңген азамат

Ел үшін туып, елге еңбегі сіңген азамат

Ел үшін туып, елге еңбегі сіңген ардақты азамат, есімі сырбойына белгілі кәсіпкер меценат, өмірінің со­ңына дейін қоғамға адал қызмет етіп, қажырлы еңбегімен ел-халықтың алғысын арқалаған Есенов Расул Әбутәліпұлы туралы өткен шақта ой қозғап, қалам тербейміз деп кім ойлаған... Сірә, бұл ауыр жағдай өмірдің өткінші екенін тереңірек аңғартса керек-ті. Бірақ көзден кетсе де көңілден кетпейтін азаматтың есімі бір емес, жүздеген, тіпті мыңдаған жүректе мәңгі сақталары анық. Мұндайда данышпан ақын Абай Құнанбайұлының «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына із қалдырған» деген мағыналы сөзі еске түседі.

Ең алдымен, «Расул Есенов кім еді?» деген сұраққа жауап іздеп кө­рейікші. Бұл сұраққа оны білетін, өмірде бір рет болса да кездесіп, сөй­лескен, сапарлас болып, сұхбат­тас­қан адам «Ең алдымен Расул Есенов текті әулеттің түлегі еді» деп жауап берері анық. Иә, ол расында да өте қарапайым отбасында, тектілікті ту еткен берекелі шаңырақта өсіп, жетілді. Әкесі Әбутәліп ақсақал ұлағатты ұс­таз әрі адал еңбектен бақыт тапқан кәсіпкер болса, анасы Бақыт апаны саналы ғұмырын халыққа қызмет көр­сетуге арнаған жанашыр жан, қо­ғам белсендісі деп айтуға болады. Бүгінде үлкенге де, кішіге де сыйлы қос қарияның есімі ауданда құрметпен аталады. Еңсесін еңбекпен тіктеп, ұр­пақтарына да адал жұмыс істеуді, тек алға ұмтылып, қоғамға қызмет етуді үлгі-өнеге еткен Әбутәліп аға мен Бақыт апа ел үшін туып, елге ең­бегі сіңген ұлдары Расулдан ердің жасы елуге толарына небәрі тоғыз күн қалғанда айырылып қаламыз деп ешқашан ойламағаны анық. Мұны өте қиын жағдай, ауыр қаза десек болады. Алланың әміріне қолдан келер ша­ра да жоқ.

Күздің қоңыр салқыны ептеп се­зі­ле бастаған қазан айының 17-і күні таң­ертеңгілік атпалдай азамат әдет­тегідей арқыраған-жарқыраған қал­пында облыс орталығына ем алуға өз аяғымен кетіп, тағдыр салған сынақтан отбасына табытпен оралғанда ауданда күңіренбеген адам қалмады. Ау­данның бірінші басшысынан бас­тап арыстай азаматтан қапияда айырылып қалғанына сенер-сенбесін біл­мей, амалдың жоқтығынан қазаны естірту үшін жиналғанда Тереңөзектің ас­па­нына қайғының қара бұлты үйірілді. Осы ретте, Расул Есеновпен әріптес, сыйлас, сапарлас, дос болған, жанашырлығын сезініп, қамқорлығын көрген азаматтар әлі күнге дейін дел-сал күй кешіп жүргенін де айтып өт­ке­німіз жөн. Бұл ардақты азаматтың қо­­ғамдағы өзіндік орны, мәртебелі төрі бар екенін анық аңғартса керек-ті.

Халық даналығында «уақыт – сыншы» деген сөзбен «уақыт – емші» деген сөз бірге айтылады. Қанша жазып, қалай жоқтасақ та енді сынаптай сырғыған уақыт кері айналмайды. Өткен оралмайды. Сондықтан «Бол­ған іске болаттай бол» деген ор­нықты ойға бекінгеніміз де дұрыс шығар. Біз өткен іске өкінгенімізбен қолдан келер қайран жоқ екенін ұғы­нып, бүгін ардақты азаматтың өңірге аян өмірбаяны мен жұртшылық жа­дындағы жақсы істері туралы қалам тербесек дейміз.

Кейіпкерімізді танып-білу үшін сәл кейін­ге шегініс жасайық. Еліміз егемендік алған тұста Расул Есенов 18 жастағы жалынды жас еді. Ол өз мамандығына сәйкес жұмыс таппаса да, ата-анаға қарап отыруды өзіне ар санады. Әртүрлі кәсіпті жасап жүріп, бизнес ашуды ойлады. Сөйтіп, тоқсаныншы жылдардың соңында «Углесбыт» серіктес­тігін құрды. Басында көмір сатумен айна­лысқан мекемеде бар-жоғы 2-3 адам жұмыс істейтін. Бірақ көмір тек жылу маусымында керек. Ал жаз бойы не істемек?! Осылайша, іскер азамат серіктестіктің жұмыс ауқымын кеңейтуді мақсат тұтты. Қыс бойы аудан тұрғындарын, мекемелерді көмірмен қамтыса, жаз бен көктемде құрылыс заттарын тасыды. Оған арнайы бағытталған дүкен де ашты. Қарағандыдан көмір, Өс­ке­меннен цемент, Қостанайдан ағаш жет­­кі­зумен айналысты. Сөйтіп, отыздан ас­там адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Құлашын күннен-күнге кең­ге жайып келе жатқан мекеме құ­рылыс салуды да қолға алды. «Қы­зылорда-Жалағаш» автожолы бо­йы­нан кентке қарасты жаңа шағын аудан бой көтерген тұс еді бұл. Мұнда мамандарға және аз қамтамасыз етілген отбасыларға арналып үйлер салынды. Мұнан бөлек, Қалжан ахун, Асқар Тоқмағамбетов ауылда­рында «Тағзым» алаңдары қайта жаң­ғыртылып, күр­делі жөндеуден өткізілді. Заманға бейім­делген кәсіп­кердің жетекшілігімен Қалжан ахун ауылдық округі әкімдігінің ғимараты мен «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ үшін Құмкөл кенішінде шағын қалашық сапалы тұрғызылды. Бұл жылдар іскер аза­мат үшін өсу, өр­кендеу жылдары болды десек, артық айтқандық емес. Қанша қиын­дыққа тап болса да алға ұмтылуды мақсат еткен кәсіпкер 2007 жылы «Углесбыт+7» мекемесін ашты. Жанар-жағармай тасымалымен айналысатын мекеме әлі күн­ге кәсіпорындарды, шаруашылықтарды сұйық отынмен қамтамасыз етіп келеді.

Сыр өңі­рінің шаруашылықтары суармалы егіс­пен айналысатындықтан су құрыл­ғыларының немесе каналдар­дың таза, суды өткізу қабілетінің жо­ғары деңгейде болуы маңызды. Бұл жұмыс­тарды да «Углесбыт+7» серік­тестігінің мамандары ұршық­тай иіріп әкетті. Ауданнан тысқары елді мекендерде де каналдарды тазалап, ди­қандар ризашылығына бөленді. Қал­жан ахун, Шаған ауылынан бөлек, Шиелі ауданына қарасты «Сұлутөбе» каналы да тазаланып, күріш атыздарына мол су іркіліссіз баратын болды.

Кәсіптен нәсіп тапқан халық қа­лаулысын үнемі бір нәрсе мазалайтын. Ол жеріміздегі шексіз байлықты өзге емес, өз халқымыз пайдаланса, елдің игілігіне қызмет етсе деген пайым еді. Осы орайда, ол күріш ақ­тайтын зауыт салып, жаңа жұмыс орындарын ашып, егілген күрішті ақтап, оны өзге облыс­тар мен көршілес мемлекеттерге экспорттауды қолға алды. Бұл бастамасы жемісті, нәтижелі болды. Бірінші зауыттың жұмыс ауқымын кеңейтіп, екінші зауытты іске қосуды да жоспарлады. Бәрі ауданның игілігі үшін, осы жердің азаматтарына жұмыс болсын деген ниеттен туындаған ойлардың нақты іске айналуы еді. Бірақ амал нешік, ардақты азамат алға қойған мақсаттарына толық жете алмады.

Дана халқымыз «Қайырымдылық – қа­йыр­­лы іс» дейді. Қайырымды, жомарт, қолы ашық жанды көпшілік абыройлы аза­мат ретінде мақтан тұ­тады. Сондай азамат­тардың бірегейі облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов болғанын Сыр өңірінің, оның ішінде Сырдария ауданының жұртшылығы жақсы біледі. Тындырымды тірлігімен көпшілік алғысына бөленген ол қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнатып, қиын кезеңде ел жанынан табыла білді. Облыс, аудан көлемінде ұйымдастырылатын қа­йы­рымдылық іc-шараларына бел­сенді қатысып, өз үлесін қосты. Мәселен, бұрнағы жылы аудан орталығында ме­шіт құрылысына қажетті материалдар алып берген еді. Жыл сайын Құрбан айт мерекесінде ірі қара малын со­йып, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасы мүше­леріне үлестіретін. Сонымен бірге, халық қалаулысы ай сайын мұқтаж отбасыларға ұн, май, макарон өнімдерін, қант, шай секілді азық-тү­ліктер тарататын. Жұртшылықты әбі­­герге салған пандемия кезінде об­­лыстық, аудандық ауруханаға жа­санды тыныс алу аппаратын, оттегі бал­лондарын алып берген болатын. Былтыр «Бөріт» қорымын кеңейтіп, қор­­шалап, әруақтар рухына ас беріп, ақ­сақалдардың ақ батасын алып еді. «Бұл менің қоғам алдындағы аза­мат­тық парызым», – дейтін еді Расул Әбутәліпұлының өзі.

Бүгін біз қырқын өткізсек те ба­қилық сапарға кеткеніне сенбей отыр­ған іскер азаматпен жақында аға-іні ретінде жақынырақ сөйлесудің сәті туды. Қашан көрсеңіз де бір жұмыстың қамымен немесе біреудің мәселесін шешумен, өтінішін орындаумен ойға, қырға шапқылап жүретін азаматқа: «Аға, өзіңізге де, телефоныңызға тыным жоқ. Бір күн болса да жұмыстан демал­саңызшы» дедім. Ол ойланып қалды. «Расын­да да дем алғым келеді. Бірақ бәріне үлгеру керек» деп қысқа қайырды. Сосын әлдебір нөмірден келген «смс»-ті оқытты. Біреу еміне ақша сұрап, көмектесуін өтініпті. «Бұрын-соңды танымайтын адамға қалай жәрдемдесесіз? Қазір мұн­дай алаяқтар көп» деп едім, жаны жомарт азамат: «Мұқтаж отбасыларға көмектесуді – азаматтық парызым деп білемін. Алла Тағала олардың ризық-несібесін менің кәсібім арқылы жүр­гі­зіп қойғанын білемін. Сондықтан қол­дан келсе, жоққа жәрдемдескенді жөн санай­мын, – деп қомақты қаржыны еміне дауа іздеген жанның есепшотына аударып жіберді. Бұл оның көңілінің тазалығы, өзгені өзіңдей көріп, сенуі, бір сөзбен айтқанда жомарттығы еді. Ал ардақты аза­маттың мұндай жо­марттығын талай мәр­те көзбен көрдік, көңілге түйдік. Сон­дықтан жұрт­қа жанашыр азамат өмірден өт­кен күні «Анамның еміне көмектесіп еді», «Баламның отасын жасатуға жәр­дем сұра­ғанымда, бірден қажетті қаржыны беріп еді», «Үйіміз құлағалы тұрғанда үй салып беріп еді», «Үйде көміріміз болмаған кезде өтінішімізді орындап, тегін-ақ көмір беріп еді», «Шеттей бала-шағамен ішерге ас тап­пай отырғанымызда азық-түлік әке­ліп беріп еді», «Жұмыс таппай жүр­генімізде жұмысқа қабылдап, отбасымызды асырауға ықпал еткен еді» деп жоқтау айтқандарда есеп болмады. Түсінгенге, бұл ердің ел үшін туып, елдің қажетіне жарауы, бір сөзбен айтқанда елдің ағасы да, панасы да бола білгенінің айғағы.

Расында да ардақты азаматқа сыр­дария­лықтар арқа сүйеді. Қысыл­ғанда қам­қорлығын сезінді, сая тапты. Жығыл­ғанда маңдай тіреп барды. Ол ешқа­шан ешкімнің меселін қай­тармады. Қоғамнан өзінің берекесін бөлек қарамады. Қолдан келсе, жоққа жәрдемдесті, мұқтажға кө­мектесті. Қолдан келмесе, жол сілтеп, бағыт көрсетті. Сол еңбегі мен адалдығы оны абыройдың биігіне көтерді. Үш рет аудандық мәслихаттың, екі рет облыстық мәслихаттың депута­ты атанып, елдің се­німін арқа­лады. Мемлекеттік наградалармен, төс­белгілермен марапатталды. Есімі кітаптарға енді, еңбегі республи­ка­лық, облыстық, аудандық газеттерде дәріптелді. Бірнеше рет «Жомарт жүрек» аталымы бойынша «Алғыс хатқа» ие болды. Өзі туып-өскен, азамат болып қалыптасқан «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанды. Өмірден өтерінің алдында ғана республикалық «Жыл меценаты» бай­қауының жеңімпазы болғаны жө­нінде жақсы хабар келіп еді. Астана қаласында өтетін марапаттау рәсіміне қатысу үшін жомарт жан да­йындалып та жүрген болатын. Бірақ ардақты азамат ол күнге жете алмады. Қазан айының 17-і күні аурухана қабырғасында қапияда келместің кемесіне мініп, бақилық сапарға аттанып кете барды. Бірақ Расул Әбутәліпұлының артында өшпес іс те, із де қалды. Игі іс, ізгі із ұмытылмай­ды. Асыл жары Гүлмира жеңгеміз, інісі Серікбол ағамыз, Фатима, Фархат, Рахат, Рахима есімді ұл-қыздары, Зере есімді келіні мен немерелері Фарух, Фуат бар кезде ұрпақтар өсіп жетіле береді, әкелерінің абыройлы жолын жалғайды деп сенеміз.

Таулардың алыстаған сайын биік­тей түсетіні секілді ер еңбегі ел-жұрт барда ескеріліп, көңілдерде, жүрек­терде жаңғыра береді. Біз бүгінгі есте­лігімізде «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халық да­на­лығы негізінде азаматтың үл­гілі істерін өзгелерге өнеге етуді жөн санадық. Мақаламызды арыс­тай аза­мат­тың мәңгілік мекеніндегі бейі­тіне қойылған көктасқа жазылған бір шумақ өлеңіммен аяқтағым келеді.

Ел-жұртқа арқа сүйер тірек едің,
Бар болсаң қамқор болып жүрер едің.
Жаратқан жәннат етсін жайыңызды,
Сол менің Тәңірімнен тілегенім.
Бақұл болыңыз, рухыңыз пейіш­те шал­қысын, асыл Аға!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
22 қараша 2022 ж. 539 0