Қарттарға қамқорлық танытады
Кісілігі мен кішілігі өзіне жарасып тұратын ауданда бір азамат бар. Ол – Расул Әбутәліпұлы Есенов. Облысқа белгілі кәсіпкер аудан тұрғындарына әрдайым қамқорлық танытып келеді.
Расул кәсіпкерлікпен еліміз егемендік алған алғашқы жылдардан бастап айналысты. Ол кезде жағдайдың қиын болғанын бүгінде бәрі біледі. Жоқтан бар жасаған алымды, іскер жігіт бизнесті жолға бастады. Сауда саттықтан бастаған кәсібін бірте-бірте кеңейтті. Облыс орталығымен ғана емес, республикамыздың үлкен қалаларының кәсіпкер жігіттерімен байланыс жасап, Қарағанды көмір шахтасына қысқы кезеңге аудан тұрғындарына қажетті көмір қорын темір жолы арқылы алдырды. Қысқы отынмен Сырдария ауданын ғана емес, көрші Жалағаш ауданында қамтамасыз етті.
Бүгінде кәсібін жолға қойған Расул Әбутәліпұлы ондаған кәсіп түрімен айналысып, ауданның дамуына елеулі үлес қосып келеді.
– «Қарға жемін бауырына басып жейді, сұңқар жемін шашып жейді » дегендей Расул балам қолы ашық, мың болғыр жігіт.қандай қиын кезеңде де ол аудан тұрғындарына қамқорлық танытуға үлгі болып келеді. Бүкіл әлемдік пандемия кезінде аудандық ауруханаға зор көмек көрсетті. Жыл сайын «Қарттар күніне» орай ардагерлерге сый-сияпат жасау, оның бұлжымас дағдысына айналған.
– Мен Расул баламды жақсы білемін. Әкесі Әбутәліп інімізбен ауданның педагогика саласында 40 жыл қатар қызмет еттік. Анасы Бақыт қарындасымыз аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында беделді, белсенді қызметкер болды. Текті ата-анадан тәрбие алған Расул қарттарды қадірлеп, ардагерлерді ардақтауды өзінің парызым деп біледі, – дейді еңбек және тыл ардагері Рақымжан қажы Бәйменов.
1990 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 1 қазан – халықаралық қарттар күні деп жариялады. Содан бері жылдар бойы елімізде қазан айы «Қарияларға қамқорлық, жақсылықпен мейірім» айлығы акциясына ұласып келеді.
Қазақ халқының дәстүрінде үлкенді сыйлап, ақылын тыңдап, алдынан кесе көлденең өтпеген. Елімізде қарт адамдарға деген қамқорлық жыл сайын артуда. Бұл жергілікті кәсіпкер Расул Есеновтың күнделікті жұмыс барысынан да көрініп отыр.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ