Темірден түйін түйген
Күнделікті адал еңбектің қадірін білген кәсіби маманның қызметіне көпшіліктің сұранысы жоғары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде «Әділетті Қазақстанда еңбек адамы бірінші орында тұрады» деген болатын. Расында, біздің арамызда еңбегімен дараланған жандар жеткілікті. Соның бірі – темірден түйін түйген тереңөзектік Бақытжан Қызылбаев. Бірнеше жылдан бері ол дәнекерлеуші ретінде халыққа сапалы қызметін ұсынып келеді.
Бәкең – Тереңөзек кентінің тумасы. Осыдан 31 жыл бұрын №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектептің табалдырығын аттаған оның темір бұйымын жасауға ынтасы зор болған. Осылайша, 9 сыныпты тәмамдағаннан кейін кейіпкерім қазіргі Сырдария аграрлы-техникалық колледжіне оқуға қабылданады. Біліктілігі жоғары әрбір ұстаздың тәліміне тереңнен қаныққан студент темірді дәнеркелеуді меңгеріп шығады. Одан соң Қызылордада «Есеп және аудит» мамандығы бойынша жоғары оқу орнының дипломын алса да темірден түйін түю оның өз қалауы болған. Теория мен тәжірибені ұштастыра білген шебердің «Сельхозтехника» мекемесінде алғашқы қызмет жолы басталған.
– Мен өз қызметіммен мақтанамын. «Сельхозтехника» мекемесінде қызмет ете жүріп, мамандықтың қыр-сырына қаныққан болатынмын. Дәнекерлеуші ретінде арнайы аппаратпен жұмыс жасауды игере алуға мүмкіндік туды. Мырзабай, Ұзақбай, Мырзағұл секілді ағаларымыздың жанына еріп, темірден сан түрлі бұйым жасаудың технологиясын меңгердім. Біз қызмет еткен жылы Тереңөзек кентінің көркейту-көгалдандыру жұмысына атсалыса білдік. Кенттегі орталық саябақтың қоршауы үшін арнайы темір қора жасап шығардым. Қазіргі уақытта кез келген бұйымды тапсырыс берушінің қалауы бойынша дайындап беруге машықтандым, – дейді шебер.
Шынында, Бәкеңнің есімі аудан жұртшылығына жақсы таныс. Бір жылдары дәнеркелеуші маман вахталық әдіс бойынша мұнай компаниясында жұмыс істеп, тәжірибесін толықтыра түскен. Кейіннен жеке кәсібін ашып, темір бұйымын жасау мақсатында жергілікті халықтан тапсырыс қабылдайды. Оның қолынан шыққан дарбаза, әткеншек, орындық, тапшан, қоқыс жәшігі секілді бірнеше темір бұйымы сапасы жағынан ерекшеленіп тұрады. Өлшем мен дәлдікті, ойдың ұшқырлығын қажет ететін аталған қызметтің өзіндік бағасы да жоғары болады. Бұл ретте, дәнекерлеуші өзі дайындаған кез келген бұйымның нарықтағы бағасын бекітіп қойған.
– Әрбір жұмыстың өзіндік қиындығы бар. Темірді иіп, одан ою-өрнек құрастыруға ұзақ уақыт кетеді. Қазіргі уақытта заманауи үлгідегі темір бұйымын құрастыру арқылы жұртшылықтың сұранысын қанағаттандырамыз. Әрине, құрылыс жұмысы қарқынды жүргізілетін үлкен қалаларда дәнеркелеуші қызметін жоғары бағалайды. Өз басым ғасыр құрылысына баланған аудандағы үлкен көпірдің салынуына атсалыстым. Сонымен бірге Қызылорда қаласындағы тағы бір көпірдің сәтті аяқталуына өзіндік үлесімді қостым. Шын мәнінде, қолымнан келген адал ісім арқылы халықтың зор қажеттілігін өтейтін көпір құрылысының басы-қасынан табылғаныма бек қуаныштымын. Айта кетейін, мен аудандық газетті үзбей оқимын. Жергілікті басылымды дайындайтын шығырмашылық құрам мен әрбір таратушының еңбегін шынайы бағалауымыз керек. Сондықтан оқырман тарапынан газет салатын темір жәшікке тапсырыс түссе, қуана-қуана жасап беруге әзірмін. Себебі қысы-жазы дамыл көрмейтін газет таратушының еңбегін бағалауымыз керек, – дейді тәжірибесі мол дәнекерлеуші.
Қызметі көпшілік арасында жоғары бағалана білген Бәкең тәулік бойы дамыл таппайды. Құрал-жабдығын арқалаған оның жастарға үйретері көп. Тұрғын үйлердегі жылу жүйесін дәнекерлеу, үйге газ кіргізу сияқты қызмет түрін де мұқият орындайды. Маңдай термен келген табысының арқасында еңбек адамының күнкөріс көзін еселей алатындығын дәлелдеп жүр. Бұл ретте, «Еңбегімен ел таныр», «Еңбек – ердің айнасы», «Еңбек ептілікті сүйеді» деген тәмсіл Бақытжан Қызылбаев секілді еңбек адамына қарата айтылғандығын сеземіз.
Тәжірибелі маманның қашанда орны төрде болуы тиіс. Әрқашан оның еңбегі еш кетпей, уақытында бағаланғаны дұрыс деп есептейміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ