Республикалық байқауда топ жарды
Жақында редакциямызға №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейі жанындағы «Балапан» шағын орталығының әдіскері Әлия Берденова хабарласып, сүйінші хабарды жеткізді. Орталықтың тәрбиеленушілері республикалық «Жібек жолы» байқауында топ жарып, ауданның абыройын асырды.
«Балапан» шағын орталығының өнерлі бүлдіршіндері эстрадалық және аспапта орындау жанры бойынша байқаудың жүлдегері атанды. Кішкентай бүлдіршін Шахназ Өтеш «Біз бақытты баламыз» әнін орындап, Гран-При жүлдесін жеңіп алды. Бүлдіршінді байқауға дайындаған жетекшісі Әлия Тоқшылыққызына «Үздік жетекші» номинациясы табысталды.
Сонымен қатар байқауда ерекше өнер көрсетіп, «Аспаптар әнін» нақышына келтіріп, ұлттық аспапта ойнау арқылы әнді үздік орындап шыққан сырдариялық балапандар да байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды.
– Бүлдіршіндерді өнерге баулып, республикалық деңгейдегі байқауға дайындаған орталықтың әуез жетекшісі Индира Қодарованың еңбегі зор. Әрбір баланың қабілетіне қарай аспап таңдап, оны меңгертіп, үйреткен ұстазға алғысымыз мол. Қызым Маржан бес жаста. Биылғы оқу жылында орталыққа барды. Байқауда қызым сылдырмақта ойнады. Сахнадағы өнерлерін тамашалап, риза болдық. Жетекшіге көп рақмет, – дейді ата-ана Жамиля Молдахметова.
Құрамында жеті өнерпазы бар шағын ансамбльде 4-5 жастағы Рамазан Төлебай, Айлин Ғалымжан, Айбын Алиасқар, Маржан Жармағанбетова, Арманжан Әшімов, Таңшолпан Әділбек, Бағжан Ибрагим өздерін үлкен сахнадағы өнерін жоғары деңгейде орындап шықты. Олардың әрқайсысы домбыра, шаңқобыз, сазсырнай, сылдырмақ, асатаяқ, даңғыра, тұяқтас секілді аспапта сәтті ойнап, қосыла ән айтты. Өнер тобының жетекшісі И.Қодарова да «Үздік жетекші» номинациясымен марапатталды.
Бүлдіршіндердің жетістігіне орай мектеп-лицей директоры Ж.Төреқұлова қабылдау жасап, құттықтады.
– Балақайлардың республикалық деңгейдегі байқауда топ жаруы – үлкен қуаныш. Бұл – әрине, ұстаздарының еңбегі. Жас дарынды өнерге баулып, шығармашылық қабілеттерін шыңдап, өнерге деген қызығушылықтарын арттырып, бәйгеге қосып, қос бірдей жүлдемен оралу – керемет жетістік. Шағын орталықтағы бүлдіршіндердің болашақта қазақ өнеріне деген сүйіспеншілігі одан сайын артатын болады, – дейді мектеп-лицей директоры.
Елуге жуық өнерлі бүлдіршін қатысқан байқаудың жеңімпазы Шахназға Гран-При жүлдегері ретінде Астана қаласында өтетін байқауға жолдама тапсырылды. Жас өнерпаздың ән қанатындағы биік белесіне сәттілік тілейміз!
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ