ӨНЕРЛІ ӨРЕНДЕР ӨРГЕ ЖҮЗДІ
Жақында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласында бүлдіршіндер мен мектеп оқушылары арасында республикалық «Атадан мұра» байқауы өткен болатын. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен өнерлі өрендер жиналып, түрлі бағытта өз өнерлерін көрсетті.
Бұған ауданнан да өнерлі жастар барып, жоғары нәтижемен елге оралды. Атап айтқанда, Сырдария әуез мектебінің оқушысы, 9 жастағы Данил Семенов фортепиано жандырда бас жүлдені жеңіп алды. Кіші топ бойынша қатысқан жас талант Жаяу Мұсаның «Ақ сиса», Шмитцтің «Микки Маус» шығармаларын жоғары дәрежеде орындап, көпшілікті тәнті еткен. Сондай-ақ, 14 жастағы Бақберген Қуанышұлы осы жанрда И.С.Бахтың «Трехголосная фуга», Крамердің «Этюд» шығармаларын орындап, жүлделі І орынға ие болды. Би жанры бойынша да әуез мектебінің оқушылары республикалық байқаудың бас жүлдесін еншіледі. «Тұмар» бишілер тобы Брусиловскийдің «Шашу» биін орындап, жоғары нәтиже көрсетті. Осындай өрендерді дайындаған фортепиано тобының жетекшісі Сәлима Усманова мен әуез мектебінің түлегі, би тобының жетекшісі Зере Айсина «Үздік педагог» дипломымен марапатталды.
Бұдан бөлек, байқауға қатысқан ақжармалық балғындар да айтулы жетістіктерге жетті. №130 Абай атындағы мектептің 3-сынып оқушысы Мансұр Бүркітбай «Туған жер – тұнған шежіре» тақырыбында ғылыми жоба қорғап, І орынды иеленді. (жетекшісі Ақмарал Жақанова). «Тарих тағылымы» тақырыбында суреттер көрмесін жасаған 11-сынып оқушысы Еркебұлан Бөрібайұлы да І орынды жеңіп алып, биік тұғырдан көрінді. (жетекшісі Күлжан Қожахмет). Сонымен қатар, ақжармалық жас әнші, 8-сынып оқушысы Айжан Босатқанова «Қазақстаным, алға!» әнін өз дәрежесінде орындап, 51 қатысушының ішінде ІІ орынға ие болды. (жетекшісі Серік Мұстафаев). Мектеп оқушыларының шығармашылығын шыңдап, үздік шәкірттерді дайындағаны үшін талант иелерінің жетекшілері де арнайы марапатталып, сертификаттар алған. Осылайша, республикалық «Атадан мұра» байқауынан ауданның жас таланттары зор жетістіктерге жетіп, жағымды жаңалықтармен сүйіншіледі. Бәрекелді!
Е.БЕРКІНБАЕВ