Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жеті өнерпаз жеңімпаз

Жеті өнерпаз жеңімпаз

Биылғы «Балалар жылы» аясында талантты өрендер өне­рін барынша шыңдай түсті. «Сыр елі – жыр елі» атанған өңір­дің әрбір өнерпазы «Шын мық­тыға тұсау жоқтығын» осы жылы да дәлелдеді. Осы ретте, жақында Қызылорда қаласындағы Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәде­ниет үйінде VI респуб­ликалық «Жібек жолы» байқа­уы өтті. Он­да сырдариялық жас­тар өнер көрсетіп, талантымен көпшілікті тәнті етті. Соған сай, респуб­лика­лық байқаудың жеңімпаздар қа­та­рынан көрінді.

Бірнеше жанрды қамтыған республикалық бай­­қауда «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орта­лы­ғының шәкірттері бақ сынады. Әрине, «Өнер – тау­сылмас азық, жұтамас байлық» екенін жақсы білеміз. Кішкентайынан өнерге ынтық болған бал­­ғындар сахнаның киесін тереңнен ұғынады. Негізінен, VI республикалық «Жібек жолы» бай­қауында өнер орталығының оқушылары «Ас­папта орындау» және «Эстрадалық вокал» жанрында сынға түсті. Өз өнерімен тәнті еткен сырдариялық өнерпаздар жеңімпаз атанды.

– VI республикалық «Жібек жолы» байқауына «Сұлу-ай» шығырмашылық өнер орталығының оқу­шылары қатысып, мол тәжірибе жинақтай түсті. Жуырда 1 жылдығын атап өтетін орталықта өнер­ге шын берілген жандар жиналған. Әрқашан «Өнер­лі өрге жүзер» деген тәмсілді естен шығармаймын. Жүрегі өнер деп соққан балғындарды әрдайым қол­дауға дайынбыз. Бүгінгі байқауда әрбір өнер­паз үкілеген үмітті ақтады. Тәулік бойы олардың жақсы өнер көрсетуіне тілектестік біл­дірдік. Алдағы уақытта өнер орталығының де­меу­шілігімен жоғары деңгейдегі байқауларда біздің мақтаныштарымыз өнер көрсететін болады, – дейді «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орта­лығының құрылтайшысы Анар Қалдыбаева.

Жалпы, аспапта орындау жанры бойынша Әбдімомын Желдібаевтың күйі «Еркесылқымды» жиналған жұртшылыққа ұсынған айдарлылық Дәулетхан Көзейбай республикалық байқауда бас жүлдені жеңіп алды. Аталған жанрда мықтылық танытқан А.Тоқмағамбетов ауылының өнер­пазы Ақәділ Пернебаев Дина Нұрпейісованың «Тойбастар» күйін, Еркежан Кеңесбайқызы Қа­занғап Тілепбергенұлының «Шынаяқ тастар» шығар­масын орындаған болатын. Қос күйші жүлделі І орынды иеленді. Сондай-ақ нағилық Нұршат Еш­мұратова Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» күйін көрермен назарына ерекше жет­кізіп, І орынды иемденді. Ал Дәулеткерей Шығайұлының «Қосалқа» күйімен Абат Бегайдаров ІІ орынды қанжығасына байлады.

Өз кезегінде «Дәстүрлі ән» жанры бойынша Бәкір Тәжібаевтің «Ақ Бұлақ» әнін нақышына келтіріп шырқаған шір­кейлілік Елнұр Сайлаубек бас жүлдеге қол жеткізді. Жеті нотаны жетік меңгерген асқарлық жас әнші Дінмұхамбет Сансызбай эстрадалық вокал жанрында ІІ орынға табан тіреді.

Айта кетейік, айтулы байқауға шәкірттерін жан-жақты дайындаған ұстаздар Роза Дурманова, Гүлназ Сералиева, Ботакөз Қалиасқарова, Мақсұт Әбсадықов, Әсел Ыбраева «Үздік жетекші» номинациясымен марапатталды. Барлық жеңімпаз бен жүлдегерге арнайы диплом мен кубок, медаль табысталды. Сонымен бірге бірқатар өнерпазға Алматы қаласында өтетін республикалық байқауға тегін жолдама берілді.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
06 желтоқсан 2022 ж. 477 0