Республикалық байқаудың жүлдегері
Елімізде «Балалар жылы» аясында сан түрлі жобалар қолға алынуда. Арнайы жобалар негізінде республикалық байқаулар көптеп ұйымдастырылу үстінде. Мәселен, «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының өрендері зор жетістіктерге қол жеткізуде. Жақында Алматы қаласында өткізілген «Берекелі алтын күз» республикалық байқауында «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша асқарлықЕркежан Кеңесбайқызы жүлделі І орынды жеңіп алды.
Балалар мен жасөспірімдер арасында шымылдығын түрген байқауда біздің өнерлі өрен жоғары деңгейде өнер көрсетті. Кішкентайынан домбыраны жанына серік еткен Еркежан бірнеше күйді нақышына келтіріп орындай біледі. Талантты өнерпаздың жетекшісі – білікті маман, тәжірибері музыкант Гүлназ Сералиева.
– Жыл көлемінде бірнеше шәкіртім өнер байқауларында бақ сынады. Өздері секілді жас өнерпаздардың өнеріне қанықты. Деңгейлерін саралады. Аталмыш байқауға біз ерекше дайындық жүргіздік. Негізінен, Еркежаннан зор үміт күтеміз. Әркез ата-анасы мен ұстаздардың сенім үдесінен шығып келеді. Осы байқаумен тоқтап қалмай, алдағы уақытта мән-мағынасы жоғары, балаға мол тәжірибе беретін байқауларға қатысуға ниеттіміз. Әлі де, қазақ композиторларының шығармаларын шәкіртіме үйретіп, қазақ өнерін көпшілікке танытуға күш саламыз, – дейді Гүлназ Сералиева.