Сырдариялық балақай республикалық байқаудың жеңімпазы атанды
Ел Президенті Қ.Тоқаев жариялаған биылғы «Балалар жылын» Сырдария ауданындағы «Балапан» шағын орталығы жақсы жетістікпен бастады. №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейі жанындағы шағын орталықтың тәрбиеленушісі Бағжан Ибрагим республикалық байқау қорытындысы бойынша жүлделі І орын иегері атанды. Мектепке дейінгі білім беру мекемесіндегі бұл жақсы жаңалықты – ауданның білім беру саласының жарқын жетістігі десек болады.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өткізілген республикалық байқаудың тақырыбы «Қыстың ғажап бейнесі» деп аталған. Байқау ережесіне сәйкес, балалар қыс мезгіліне қатысты сурет салып, өз туындыларын арнайы хэштег арқылы әлеуметтік желіге жариялаған. «Zhas-daryn.kz» интернет ресурсы, республикалық «Өрлеу» педагогикалық шеберлікті дамыту орталығының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы және «Media Bilim» журналы бірлесе ұйымдастырған байқауға сырдариялық балақай да қатысып, өз бағын сынаған. Балақайдың жетекшісі, «Балапан» шағын орталығының тәрбиешісі Динара Қошқұлованың айтуынша, ұйымдастырушылар талапкер Б.Ибрагимнің салған суретін жоғары бағалаған.
— Болашағынан көп үміт күттіретін кішкентай Бағжанның балабақшаға келіп жүргеніне бірнеше ай болды. Ол білімге құштар. Тақпақтарды тез жаттап алады және сурет салуға бейім. Республикалық байқауға қыс мезгілінің сәні болып табылатын аққаланың суретін салып, бояп, ереже талабына сай ұсындық. Суретті әлеуметтік желіге ұйымдастырушы тарап жүктеді. Бағжанның суретіне көпшілік жоғары баға беріп, оң пікір білдіріп, ерекше қолдау танытты. Осылайша, республикалық байқаудың қорытындысымен №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейі жанындағы шағын орталықтың тәрбиеленушісі Бағжан Ибрагим жүлделі І орынды жеңіп алды. Балақайды жетістігімен құттықтаймыз және алдағы уақытта да жақсы жетістіктерге ие болатынына сенеміз, — дейді «Балапан» шағын орталығының тәрбиешісі Динара Қошқұлова.
Айта кетейік, кішкентай Бағжан — 4 жаста. Ол көп балалы отбасының мүшесі. Бүлдіршіннің ата-әжесі немерелерін байқауға дайындаған тәрбиешілерге алғыс айтады.
— Немереміздің алғашқы жетістігіне ерекше қуандық. Бар бақытымыз, байлығымыз — ұрпақтарымыз. Мемлекет басшысы биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Лайым, азат елдің озат ойлы жастары көп болсын! Ұрпақтарымыз білімді, өнерлі болып өсе берсін, — дейді байқау жеңімпазының әжесі, «Алтын алқалы ана» Жанат Сүлейменова.
Болашақтың кілті — талапты да талантты балаларда, озат ойлы оқушылар мен жалынды жастарда. Республикалық байқаудың жеңімпазы атанған талабы таудай талантты Б.Ибрагим алдағы уақытта ата-әжесі мен ата-анасының сенімі мен үмітін ақтайды деп сенеміз. Ал осындай талапты баланың талантын шыңдап, сапалы білім берген «Балапан» шағын орталығының педагогикалық ұжымына шығармашылық сәттілік тілейміз!
Балтабай Ордабеков,
журналист