Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәлімі мол тағылымды іс-шара

Тәлімі мол тағылымды іс-шара

№36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінде тағылы­мы мол іс-шара өткізілді. Бұл жолғы іс-шараның басты мақсаты көктем мерекесін атап өту және ұзақ жыл бойы жемісті еңбек еткен майталман мамандарға құрмет көрсету болды. Соған сәйкес білім ордасының мәжіліс залында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Іс-шараға мектеп-лицей дирек­торы Ж.Төреқұлова бастаған педаго­гикалық ұжым, сала арда­герлері, оқушылар мен құрметті қонақтар қатысты. Әсем ән мен күмбірлеген күй үйлесім тапқан, өнерлі өрендер мың бұрала билеген кешті мектеп-лицей директоры құттықтау сөзбен ашты.

– Біз бүгін қасиетті Рамазан айын­да бас қосып отырмыз. Ең алдымен баршаңызға оразаларыңыз қабыл болсын дегім келеді. Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты – 60 жасқа толған қызметкерлерге құрмет көр­сету. Мұндай іс-шаралар бұған де­йін де ұйымдастырылды. Біз бүгін ұжым болып әріптестеріміз Гүл­сім Құлымбетова, Роза Есбаева, Гүлнәр Күнтәжиеваға құрмет көр­сетіп, алғыс айтқымыз келеді. Атал­ған мамандардың бәрі құрметке ла­йықты. Үш маманға да аудандық білім бөлімі басшысының және білім қызметкерлері кәсіподақ коми­тетінің төрағасының Құттықтау ха­ты та­бысталады. Мектеп-лицейдің педа­го­ги­калық ұжымының атынан зор денсаулық, абырой-амандық тілей­мін, – деді Жанар Шәріпқызы.

Айта кету керек, Гүлсім Құлым­бетова – мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде еңбек еткен білік­ті тәрбиеші. Майталман маман 1988-1994 жылдары №5 «Балдырған» балабақшасында, 2007-2011 жылдары «Айгөлек» балабақшасында тәр­­биеші қызметін атқарды. №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейі жанындағы «Балапан» шағын орта­лығында 2011 жылдан бері жемісті еңбек етіп келеді. Жалпы жұмыс өтілі 42 жылды құрайтын сарапшы са­натты тәрбиешіні мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту про­це­сінде өзіндік орны бар маман де­сек жарасады. Жауапты маман өзіне бекітілген топпен және ата-ана­лармен жұмыс барысында әрдайым ұйымдастырушылық қабі­леті мен жоғары белсенділігін таны­тып, қо­ғам­дық жұмыстарға да белсене атсалысуда. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген, талай бүлдіршіннің респуб­ликалық, облыс­тық, аудандық бай­қау­ларда топ жаруына жол ашқан ардақты жанның өмірлік ұстанымы – таза еңбек ету арқылы мұратқа жету.

Ал, Роза Есбаева – орыс тілі пәнінің мұғалімі. Шәкірттері шыңға шыққан ұстаз өзінің еңбек жолын Шиелідегі №181 орта мектепте бастаған. Әр жылдары Қызылорда қаласындағы 1 май, №212 орта мектептерінде ең­бек еткен. 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінде жұмыс істеп келеді. Оқушыларды ҰБТ-ға дайындау жұмыстарында ұстаздың еңбегі зор. Шәкірті Еркебұлан Сағат­баев республикалық олимпиададан орыс тілі мен әдебиеті пәні бо­йынша екінші орынды иемденіп, аудан абыройын асқақтатқанын айтып өт­кеніміз жөн. Тәжірибесі мол ұстаз еңбек жолында талай белестерді ба­ғын­дырып, жоғары марапаттарға ие болған. Роза Жақсылыққызы оқу­шы­­ларының биікке шығып, сені­мін ақ­та­ғанынан асқан бақыт жоқ деп есептейді.

Көктем мерекесінде құрмет төрі­нен көрінген Гүлнар Күнтәжиева да өз ісіне жауапты маман. Ол ұзақ жыл­дардан бері техникалық қызмет­кер ретінде өз міндетін адал атқарып келеді. Білім ордасының тазалығына жауапты маманға ұжым тарапынан құрмет көрсету Президентіміздің на­ғыз еңбек адамдарына құрмет көр­сету бойынша берген тапсырмасына сай келеді. Ол ұжымдастарына шынайы алғысын айтып, білім беру саласын дамыту бағытында атқаратын жұмыстарына жеміс тілейді.

Осындай майталман мамандарға құрмет көрсету іс-шарасында Наурыз мерекесінің тарихы, мәні мен маңызы насихатталды. Сондай-ақ ұлттық киім киген оқушылар қазақы әндер айтып, көрермендерге қуаныш сыйлады. Іс-шара барысында мектеп-ли­цей ұстаздары мен оқушылары және «Балапан» шағын орталығының бүл­­дір­шіндері өнер көрсетті. Мұнан бөлек аудандық білім бөлімінің мектепке дейінгі білім беру бойынша ай­мақ жетекшісі А.Шоханова мен «Балапан» шағын орталық әдіскері Ә.Берденова әріптестері Г.Құлымбе­то­ваға құттықтау хат табыстап, қам­зол жапты.

Бұл күні мектеп-лицейдің ұйым­дас­ты­руымен қасиетті Рамазан айы­ның құрметіне ардагер ұстаз­дарға және ауыз бекіткен жандарға арналып ауызашар ұйымдастырылды. Ардагерлердің атынан Бек Сәдуа­қас­ұлы бата берсе, Гүлғайша Уважан­қызы бастаған ардагер-ұстаздар шынайы алғысын біл­дірді. Мұнан бө­лек жақында үйі өртеніп кеткен мектеп-лицей қызметкері Базар­күл Назароваға кәсіподақ атынан қаржы­лай көмек берілді. Осылайша бір күнде бірнеше бағыттағы тағы­лым­ды іс-шараны жоғары деңгей­де ұйымдастырған мектеп-лицей ұжымы бірлік пен көркем тірлікті ұштасты­рып, көпке үлгі-өнеге көрсетті.


А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
04 сәуір 2023 ж. 218 0