Су тапшылығы: себебі мен салдары
ХХІ ғасырдың ең өзекті проблемасы – су. Расында адамзат үшін ауадан кейінгі қажеттілік суда. Сусыз тіршілік тығырыққа тіреліп, жойылу қаупі төнеді. Ал су – шектеулі ресурс. Қазір әлем елдері арасында оның көзін иелену үшін күрес шиеленісіп, кейбір аймақтарда геосаясаттың аса маңызды факторына айналып келеді. Бүгінде су қорының проблемасы ең өткір болып отырған аймақ – Африка және Орталық Азия. Оның ішінде Қазақстанның жағдайы – өте күрделі.
Елдегі су ресурсының 40% астамын құрайтын Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл және Шу секілді елдің бас өзендері көрші Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстаннан бастау алады. Оған Сырдарияның Тәжікстан, Өзбекстан аумағынан өтетінін қосыңыз. Бұл жалпы су бойынша сырт елдерге тәуелдіміз дегенді білдірмей ме?
Бір ғана Ертіс өзенін алайық. Қара Ертіс болып басталатын өзеннің 40%-ға жуық көлемі Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының аумағынан өтеді. Демек солтүстік пен шығыстағы өндірістік аймақтардың дамуына Ертістің тікелей әсері бар. Бірі – ауыз су ретінде, екіншісі – аяқ су, үшіншісі – өндірістік су ретінде кәдеге жаратып отыр. Яғни Ертістің суына елдің бес ірі орталығы байланып тұр.
Оңтүстіктегі жағдай да осыған ұқсас. Мәселен, Сырдария өзенінің жағдайын қысқаша шолайық. Ішкі нарықты Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандары мақта, жеміс-жидек пен бақша дақылының жартысына жуығымен қамтып, Қызылорда облысы күріштің 90% өндіріп отыр десек, мұның бәрі Сырдың ырысы екендігі анық.
Бастауын Қырғызстаннан алатын Сырдария өзені Тәжікстан, Өзбекстан аумағынан өтіп, шығыстан батысқа қарай екпіндей ағып, Аралдан ентігін басады. Бұрындары осындай еді. Иә, сырбаз Сырдың суы Аралдың толқындарымен қауышып, теңіз жағалаған жұрттың қуанышы болатын. Өкінішке қарай, қазір Арал теңізі мен Арал қаласының арасы құмды төбелерге айналып, «Үлкен Аралдан» біржолата айырылып қалдық. Ендігі міндет – «Кіші Аралды» сақтап қалу.
Алайда Кіші Аралға және Арал маңындағы көлдерге судың түсуі қалдық принципі бойынша жүзеге асырылуына байланысты соңғы 12 жыл көлемінде теңіздегі су көлемі 27 млрд текше метрден 20 млрд текше метрге дейін азайған. Теңіз өз жағасынан 15-20 метрге шегініп кетті. Аралды қалыпты деңгейде сақтау үшін жыл сайын кем дегенде 3 млрд текше метр көлемінде су құйылуы қажеттігін ескерер болсақ, Солтүстік Аралдың жағдайы өлі аумаққа айналған Үлкен Арал теңізінің тағдырын қайталауы ықтимал. Экология және табиғи ресурстар министрлігі Көкарал бөгетін жөндеу және Сырдария өзенінің Кіші Аралға құяр атырабын қалпына келтіру жобасын жедел арада жүзеге асырмаса, жағдай күрделене түсуі мүмкін.
2021 жылы Арал теңізіне қажетті су көлемінің тек 15,6%, яғни 1,2 млрд текше метр судың 199 миллион текше метрі ғана түсті. Сол жылы Арал өңірінде қуаңшылық салдарынан жайылымдық жерлер құрғап, мал шығыны орын алып, төтенше жағдай жариялануына судың деңгейі әсер еткені анық. 2022 жылы Сырдария өзенінен теңізге жоспарланған мөлшердің тек 16% түсті.
Біле білсек, Сыр өңірінің экономикалық және экологиялық жағдайы, халқының тыныс-тіршілігі Сырдария өзенінің сулылығына және Арал теңізінің жағдайына тікелей байланысты. Жібек жіптей ұзыннан-ұзақ созылып жатқан өңір «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолы, Орынбор – Ташкент темір жолы және Сырдария өзенін бойлай орналасқан аудандарды біріктіреді. Үш магистральды арна Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі тірегі. Бұларсыз өндіріс пен ауылшаруашылығы саласын дамытып, сыртқа тасымалдап, табыс табу әсте мүмкін емес. Соның ішінде Сырдария өзенінің ықпалы тым жоғары екенін жақсы білеміз.
Бұл өңірдің тағы бір ерекшелігі, ішкі нарықты күрішпен қамтамасыз етуде республиканың суармалы суының 30% астамын тұтынып отыр. Ал күріштің басты ерекшелігі – 90 күннен 110 күнге дейін суда тұрып дән байлайды, піседі. Яғни суды көп қажет ететін дақыл. Су тапшылығын азайтуда күріштіктің көлемін азайту керек деген пікірлерді жиі естиміз. Әрине, суды үнемдеу маңызды. Алайда күрішсіз Қызылорда облысының экологиялық ахуалы нашарлап, топырақ тұзданып, «жарамсыз оазиске» айналады. Өйткені Сыр топырағының қатты тұздануын күріш егу арқылы шаймаса, аса тұзды топырақта басқа дақылдардан өнім алу мүмкіндігі өте төмен. Топырақтың тұздануы үздіксіз жүруі салдарынан ауыспалы егіс жүйесі де айналымнан шығады. Бұл – мамандардың тұжырымы.
Күріш алқаптарының көлемін қазіргі деңгейден күрт азайтуға болмайтыны және күріш өсіруге су үнемдейтін тамшылатып немесе жаңбырлатып суару технологиясын қолдану мүмкін еместігі белгілі. Тығырықтан шығудың бір жолы – ауыспалы егіс тәртібін сақтай отырып, лазерлік тегістеу жұмыстарын жүргізу маңызды. Бұл – суды үнемдеудің ең тиімді жолы. Мәселен, күрішті 1 гектар аумақта өсіріп, баптау кезеңінде 28 – 32 мың текше метр аралығында су жұмсалатын болса, лазерлік тегістеуден өткен жерлерде су шығыны 24 мың текше метрге дейін төмендейді.
Әрине, Сыр бойында жергілікті атқарушы органдар су тапшылығын азайту бағытында ауқымды шаралар жүргізуде. Су нысандарын құжаттандыру жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ облыста суармалы жерлерді қалпына келтіру мақсатында 3 жоба әзірленген. Әзірге олардың біреуі (ПУИД-2) іске асырылуда. Осы жобалардың барлығы жүзеге асқан жағдайда инженерлік жүйеге келтірілген суармалы жерлердің 80% қалпына келер еді. Шаруашылық құрылымдары бүгінге дейін 60 мың гектар жерді лазерлік тегістеуден өткізді. Бұл егістік жердің 34% құрайтынын ескерсек, өңірдің бұл жұмысты таяу уақытта аяқтап шығуы үшін қолдау қажет. Сол себепті, Үкімет шаруаларға осы бағытта дем беріп, субсидиялауды жолға қойғаны дұрыс деп ойлаймын.
Қызылорда облысы өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің ерекшелігіне байланысты елдегі барлық суармалы судың 30%-дан астамын тұтынатынын жоғарыда айттық. Аймақта табиғи өсірілімдегі егіс аумақтары жоқ. Суару желілерінің қанағаттанғысыз жағдайына байланысты облыс жыл сайын шамамен 2 млрд текше метр су шығынына ұшырайды екен, бұл дегеніңіз жалпы республикадағы жыл сайынғы су шығынының жартысы.
Мемлекет басшысының қолдауымен су тапшылығын төмендетуге нақты шаралар қабылданды. Президентіміз аталған күрделі мәселені саясиландыруға жол бермей, Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттермен нәтижелі келіссөз жүргізіп, тиісті көлемдегі судың бөлінуіне жағдай жасады. Ал трансшекаралық өзендер арқылы ел аумағына келген суды тиімді пайдалануды үйлестіру – Үкіметтің тікелей жауапкершілігі.
Дегенмен, республика бойынша суару жүйелерін қалпына келтіру және қайта жаңғырту шараларымен қамтылған 319 мың гектар аумақтың тек 15 мың гектары, нақтырақ айтқанда 5% жетер-жетпес көлемі ғана судың ең көп шығынына батып отырған Қызылорда облысының үлесінде. Демек Экология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы министрліктері Қызылорда облысының суармалы жерлерін қалпына келтіру және қайта жаңғырту бағытындағы жобаларын қаржыландыру көлемін арттыруға күш салуға тиіс.
Қысқы-көктемгі мерзімде артық суды жинап, жазда егіске пайдалану да Сыр өңірі диқандары үшін маңызды. Мамандардың пікіріне сүйенсек, ол үшін өңірде «Қараөзек» көлдер жүйесінде 775 млн текше метрлік, Шиелі ауданының аумағында 600 млн текше метрлік «Күміскеткен», Жаңақорған ауданының аумағында 200 млн текше метрлік «Тайпақкөл-Қандыарал» тасқын су жинағыштары салынған жағдайда суармалы жерлерді, көл жүйелерін, шабындық-жайылымдық жерлерді сумен қамтудың мүмкіндігі артады. Әрине, жобада судың көлемін мейлінше Аралға жіберу тетігі де қаралғаны жөн.
Түркістан облысының Мақтаарал, Жетісай, Шардара және Қызылорда облысының барлық ауданында тұратын халықтың әлеуметтік әлеуетін арттырып, елдіктің жолында еңбек сіңіруінде Сырдың суы жетекші рөлге ие екенін айтуға тырыстық. Мұны шешуде сала мамандары Сырдарияның жоғары ағысында орналасқан көршілермен су бөлісу бойынша келіссөздер жүргізгенде Арал теңізінің жағдайын назардан тыс қалдырмай, халықаралық шарттарға сүйеніп, өзеннің суын тең пайдалануда табандылық танытуы керек.
Екіншіден, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, судың шығынын азайтуда су шаруашылығы саласын толықтай цифрландыруға көшіру міндеті тұр. Сосын каналдар мен су қашыртпаларын назардан тыс қалдырмай, үнемі тазалап, қажетті жағдайларда, каналдардың табанын бетондауды қолға алу маңызды.
Үшіншіден, тұтынушылар санасына суды үнемдеп қолдану мәдениетін сіңіруіміз керек. Мәселен, Африкадағы Мали елінің тұрғындары тәулігіне тек 2-3 литр суды қолданады. Бұл – жуынып-шайынып, ауыз су ретінде пайдаланатын мөлшері. Судың сапасы бір бөлек әңгіме. Ал біздің елдің тұрғындары тәулігіне 150-200 литрге дейін су шығындайды.
Қысқасы, келешекте кемелді елге айналудың бір ғана жолы бар. Ол су ресурстарымен өлшенеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2015 жылы 200 мемлекеттің 2030 жылға дейінгі тұрақты дамуы бағдарламасын қабылдап, онда сумен тұрақты қамтамасыз ету – басты көрсеткіш деп таразылады. Еліміздің жалпы ішкі өніміне жұмсалатын су шығыны мөлшерін төмендету де кезек күттірмес мәселе. Яғни таяу болашақта елдің дамуында су ресурстарының қолжетімділігі – бірінші орынға шығады.
Руслан РҮСТЕМОВ,
Парламент Сенатының депутаты
Парламент Сенатының депутаты