Бүгін кейбір облыста үсік жүреді
«Қазгидромет» РМК синоптиктерінің болжамына қарағанда, бүгін атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты республиканың батысында және солтүстік-батысында жаңбыр жауады, шығыс бөлігінде түнгі уақыттарда жаңбырдың арты қарға ұласуы мүмкін.
Республикамыздың солтүстігінде, солтүстік-батысында, шығысында және орталық бөлігінің кей жерінде қатқақ сақталады. Кей жерде жел соғады, оңтүстікте шаңды дауыл болады. Түнде және таңертең кей жерде тұман түседі.
Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Алматы облыстарының кей жерінде түнде және таңертең тұман түседі.
Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының кей жерінде желдің жылдамдығы 15-20 м/с-ға дейін күшейіп, түнде және таңертең тұман түседі.
Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының кей жерінде желдің жылдамдығы 15-20 м/с-ға дейін, екпіні 23 м/с-ға дейін күшейеді.
Батыс Қазақстан облысының кей жерінде найзағай жарқылдап, желдің жылдамдығы 15-20 м/с-ға дейін күшейеді.
Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды облыстарының кей жерінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерінде түнде 3 градус үсік жүреді.