Баланың бас ұстазы – ата-ана

Ақиқатын айтқанда, қазіргі таңда балалар тәрбиесіне қатысты мәселе күн тәртібінде тұр. Неге десеңіз, бүгінгі жасөспірімдер арасында заман талабы яки жаңашылдық деп түрлі жат қылықтарға еріп, ұлттық құндылық пен ата-ана тәрбиесін назардан тыс қалдырып жүргендер бар. «Жаңа өспірім, көкөрім, Бейне қолдың саласы» демей ме Абай Құнанбайұлы. Жас бала жас шыбықтай иілгіш келеді. Оны қоғам, айналасы қалай қарай бағыттаса, солай өсері анық. Ал жас өренді тәрбиелеп жатқан ұялы телефон, әлеуметтік желі, шетелдік кейіпкерлер екеніне кім кінәлі?!
«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деген екен біреу күйінгеннен. Сол секілді бала тәрбиесі деген күнде айтылып, жауыр болған тақырыпқа ұқсар, сірә. Десек те, бұл мәселе қоғам барда, адам барда маңыздылығын жоймақ емес.

Жиынды мектеп директоры ашып беріп, жүргізіп отырды. Бала тәрбиесінде негізгі үш жақ бірлесе жұмыс жасаса, нәтиже де дұрыс болатынына тоқталған мектеп басшысы қай істе де ата-ана мектеппен тығыз байланыс орнатуы қажеттігін айтты. Одан кейін сөз кезегін мектептің әлеуметтік педагогы Айгүл Тәжібаеваға берді. Мектеп оқушыларының әлеуметтік жай-күйіне жауапты маман «Мектептің әлеуметтік картасының моделі» тақырыбында хабарлама жасап, ата-аналарға кеңінен ақпарат беріп өтті. Содан соң жиын «Құқықбұзушылықтың алдын алу – басты міндет» тақырыбындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Друмованың баяндамасымен жалғас тапты. Мектеп оқушыларының тәрбиесіне тікелей жауапты маман күн тәртібіндегі маңызды мәселелер мен қылмыстың өтеуі жаза болатынын айтып, айыппұл көлемдері туралы ақпарат берді. Мектеп психологы Анипа Алжанова «Балалар үшін бірігейік» тақырыбында ата-аналарға кеңес беріп, қазіргі кездегі бала бойындағы мінез-құлықтың өзгеруі, басты проблемалардың туындау себептерінің бірі әлеуметтік желі және жалпы смартфонға тәуелділік екенін айтып өтті. Сондай-ақ ата-аналарға арнайы кеңестерге негізделген жадынамалар таратылды. Баяндамашылар негізгі мәселені көтеріп, ата-аналар назарына арнайы бейнероликтерді ұсынды.
Содан кейін арнайы қонақтарға сөз берілді. Полиция лейтенанты А.Созақбаев кәмелет жасқа толмағандардың түнгі уақытта көшеде жүруі, ұрлық пен құқықбұзушылық әрекеттері және оған қолданылатын жаза түрлері туралы кеңінен баяндады.
– Қазіргі таңда жасөспірімдерге қатысты басты мәселенің бірі – электронды темекі. Күн өткен сайын жаңа бірнәрсе шықса, жасөспірімдер оны бірден қағып алады. Темекі адам денсаулығына өте зиян. Тіпті өлімге апарып соғуы ықтимал. Бағасы қолжетімді болған соң, электронды темекіні кез келген оқушы сатып ала алады. Ата-аналар, балаңызға ақша бергенде де не үшін екенін сұрап, анық-қанығына жетсеңіздер. Содан кейін әдеттегі темекіге ұқсамайтын бұл заттың бар-жоғын тексеріп, балаларыңызды бақылап отырсаңыздар. Электронды темекіні тұтынға адамнан күйген жеміс-жидектің иісі шығуы мүмкін. Осы мәселелерді назарда ұстасаңыздар екен, – деді құқық қорғау саласының маманы.
Жиын соңында мектепішілік ата-аналар комитетінің төрайымы С.Байтөлеева және бірқатар ата-аналар сөз сөйлеп, мектеп әкімшілігіне, ұстаздарға алғыс білдіріп, ата-аналарды бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Көпшілік ата-ана бас қосқан отырыста мектепішілік ата-аналар комитетінің құрамы қайта сайланды.
Мектепішілік ата-аналар жиналысында әйел-Аналар ғана емес, ер азаматтардың да қарасы қалың болуы көңілді қуантты. Себебі, ер азаматтың рөлі, әкенің тәрбиесі маңызды екені анық. Бала тәрбиесі мен қауіпсіздігі басты назарда болуы керек екенін айтқымыз келеді. Себебі бүгінгі бала – ертеңгі болашақ. Ата-ана бала тәрбиесіне қатысты сөз болған әр жерден керек тұсын көңілге түйіп алса, тал бесіктен бастап ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиені жас өркен бойына сіңірсе, сананы шырмаған сансыз сұрақ та азаяр ма еді...
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ