Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Рухани жаңғыру тәрбиеден басталады

Рухани жаңғыру тәрбиеден басталады

Жаңа Қазақстанға қадам басқан халқымыз ел дамуының ұлттық болмысын, рухани жаңғыруының жарқын үлгісін нақты мақсатпен айқындады. Рухани жаңғырудың түпкі мақсаты – біртұтас ұлт болу.

Өзінің өміршеңдігін дәлелдеп ке­ле жатқан «Болашаққа бағдар: руха­ни жаң­ғыру» бағдарламасы әрбір қазақ­­­­с­тандықты патриотизмге тәрбие­лейді. Осы құнды қасиеттің барлық құнды­лықтармен үйлесім тауып, ел игілігі жолындағы бас­­­ты мақсатқа жетуіне негіз болады. Яғни көнеден келе жатқан ұлттық дәс­түрлердің адами құндылықтармен қайта жаңғыруына, озық үлгілерін жан­дандыруға мүмкіндік береді. Бұл келешек ұрпақтың бойындағы ұлтжандылық, патриоттық рухын кемелдендіреді. Мем­лекеттік тіл мен діннің, мәдениеттің асылын алға жетелеудің маңызды құралы болады. Осынау алып күшке ие болған рухани жаңғыру адамзаттың санасын тәрбиелейді. Сондықтан бүгін біз ұрпақ тәрбиесі туралы аз-кем сөз қозғамақпыз.

Еліміздің жарқын келешегі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа дұрыс тәрбие мен білім берумен байланысты. Себебі бүгінгі ұрпақ – елдің ертеңі, қалыптасып жатқан жаңа қоғам, туған елді түлетуші тұлға.

Рухани жаңғыру бағдарламасының не­гіз­гі өзегі де ұлт тәрбиесімен үйлеседі. Себебі Мәңгілік ел болу үшін саналы ұрпақ­тың адамгершілік қасиеті мен білі­мі өркениетке бастайтын даңғыл жол. Жаңа ғасырдың жетістігі намысшыл ұл мен қайсар қыз десек әбден болады. Қазақ­тың сайын даласын аманат еткен ата-бабамыздың өсиетін ұлықтайтын ұр­пақ барда Тәуелсіздіктің тұғыры нық болары сөзсіз.

Негізгі тақырыпқа көшсек. «Өсіп келе жатқан ұрпақтың тәрбиесін осы күні өзіміз ақсатып алған жоқпыз ба?», «Тәрбиенің осалдығынан ертеңгі күні опық жемейміз бе?» деген сауал аға ұрпақты мазалайтыны рас. Мұндай сауалға бір ғана мысалмен жауап беру жеткіліксіз болар. Дегенмен жас ұрпақтың тым еркін әрі өзімшіл болып бара жатқанына күн сайын куә болып жүрміз.

Жайдары жаздың салқын кешкі ауа­сында орталық алаңға шығып, аудан тұрғындары мен қонақтары секілді бір мезгіл таза ауада тынығу әдетемізге айналды. Туған жердің көркін келтіріп тұр­ған Алтын сағаттың маңына күн са­йын келетіндердің де қарасы қалың. Алаңда ебін тауып кәсіппен айналысып, жас жеткіншектерге қызметін ұсынып жүр­гендер де бар. Дегенмен қазіргі бозбала мен бойжеткеннің жүріс-тұрысына қайран қалмауға амал жоқ. Ұялы телефонмен сөйлесу мәдениетін айтпағанның өзінде, отырысы мен тұрысына қарап тәрбиенің төмендеп кеткеніне еріксіз қын­жы­­ласыз.

Жастардың сәл нәрсеге келіспей қа­лып, жаға жыртысуға, қол көтеріп, төбе­­лесуге дейін баратынын көзіміз көргені үшін ұяласың. Себебі мұн­дай көрініс – жас жеткіншектің отба­сындағы тәрбиесінің анық көрінісі. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген­нің ауылы осы күні алыстап кеткен бе деген сөз ойға оралады. Бұрын ата-ананың атына кір келтірмеу бірінші орында тұратын. «Кімнің баласы?» дегенде жақсы адамның баласы атану үшін жаманнан бойыңды аластатып жүруге тырысатынсың. Ал қазір бұзақы болу, жаман сөз айту ауызекі сөзге айналып барады. Балағат сөз айту, жұдырықтасудың соңы қылмысқа, жанжалға апаратынын жас жеткіншек кеш түсінеді. Оның салдары ата-анаға шара қолданып, ел-жұрттың алдында абыройсыз болатынын көңілді көншітпей қоймас.

«Баланы жастан» деген мақал хал­қымызда өте дұрыс айтылған. Сондай-ақ, дана халқымыз «Қызыңды бөтен үйге қондырма, ұлыңды бөтен үйден тойдырма» деп көрегенділік танытқан. Десек те бұл аталы сөздің де қадірі кетіп бара жатқан сыңайлы. Қандай ата-ана ұл мен қызын жаман болсын дейді. Бірақ қызды қырық үйден тыйған халқымыз бала тәрбиесіне аса мән берген.

– Қырық жыл ұстаздық етіп, бала тәр­биесіне, біліміне атсалыстық. Бұрын­ғының балалары мен қазіргінің жастарын салыстыруға келмейді. Бұрынғы балада ұят, үлкенді сыйлау деген болатын. Осы күнге дейін алдымыздан кесе өтпейтін шәкірттеріміз бар. Ал қазір жастар дөрекі. Үлкеннің сөзін бөліп, өзім білемге салады. Бұл бір ғана отбасының мәселесі емес. Бұл қоғамның, білім беретін ұстаздардың, ата-ананың алдындағы өзекті мәселе. Қазір үлкендерге қаталдық жетіспейді. Баланың бар жағдайын жасап, не керек бәрін алып береді. Айтқанын істейді. Бесіктегі баланың өзін ұялы телефонмен жұбатады. Санасын осы бастан улап жатқанымыз өкінішті. Жас ата-аналар осы мәселеге көңіл бөлсе екен. Ертең нағыз қатігез ұрпақ болып өспесін десеңіз, ата-ананың тілін алуға, мейірімді, бауырмал болуға тәрбиелеу керек. Әрине, баланы тыңдау да қажет, оның ойымен, пікірімен санасқан жөн. Бірақ, тым әсірелеп жіберудің қажеті жоқ. Үйде мінезін көрсетпеген балаңызды, сыртта, достарының ортасында қандай екеніне мән беріңіз. Қазір баршылық заман адамды, әсіресе бұғанасы қатпаған баланы аздырады. Кейін өмірден опық жемеуі үшін ата-ана алдымен өзін тәрбиелеп, баласына жақсы қасиеттерін көрсету керек. Бала айтқанды емес, көргенін істейді деп бекер айтпаса керек, – дейді ардагер-ұстаз А.Ізбасарова.

Шын мәнінде «Адамның бір қасиеті мінез» демекші сабырлы, шыдамды, әді­летті, шыншыл мінез көркем келеді. Ал тұрпайы, ерсі сөздерді айтатын бала үйіндегі тәрбиесінің кемдігін көрсетеді. Қара­пайым болса да баланы жастайынан тазалыққа үйрету арқылы ұқыптылық, әдептілік секілді қасиетті бойына сіңіре­сіз. Жалпы айтқанда отбасында баланы ма­дақтаудың да, жазалаудың да орны бөлек. Ата-ана баласымен сөйлесуге уа­қыт тауып, тәрбие туралы ойлы сөз айтып отырса, келешекте ондай бала тәртіпті, адамгершілігі мол болып өсетіні сөзсіз.


Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
20 тамыз 2022 ж. 251 0