Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала – болашақ кепілі

Бала – болашақ кепілі

Бала – болашақ. бала – елдің ертеңі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жылдық құттықтауында 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялау қажеттігін айтты.

«Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сол себепті келесі жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін» деді Президент.

Шығыстың ғұлама ғалымы әл-Фараби «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін» дейді. Сол айтпақшы, жас ұрпақ тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Кез келген халық ұрпақ тәрбиесін – ұлттың тағдыры, болашағы деп біледі.

Биылғы жылдың Балалар жылы деп жариялануы тегіннен тегін емес. 2022 жылды іс жүзінде балаларды қорғау жылы ретінде өткізіп, білім
беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру сынды салаларда ел болашақтарына жете мән берілуі тиіс. «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп атап өткен Мемлекет басшысының бастамасы қолдауға лайық.

«Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы балаларға ерекше көңіл бөлу керектігін жеткізді. Сондай-ақ Президент аталған ұсыныстың жай ұран немесе мереке ретінде емес, нақты іс жүзінде жүргізілуі керектігін тілге тиек етті. Және билік органдарының балаларды қорғауда нақты шараларға назар аударғаны жөн екеніне тоқталды. «Бала – бауыр етің», «Балалы үй – базар» деп ұрпағын байлық санаған халқымыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Биылғы жыл біздің мемлекетіміз үшін үлкен мүмкіндіктер мен табыс жылы болмақ. Ел ертеңіне сапалы білім мен саналы тәрбие беру – мемлекеттің, әр адамның парызы. Мағжан Жұмабаев «Жас бала – жас шыбық. Жас күнінде қалай иіп тастасаң, солай өседі» дейді. Ұрпақ тәрбиесі қай кезде де маңызды. Ұлт келешегі ұл тәрбиесі мен қызды қырық үйден тыюда жатыр.

Әркім өз сәбиін тәрбиелеуде елімнің ертеңін, халқымның болашағын тәрбиелеудемін деген үлкен жауапкершілікті сезінуі тиіс.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

11 қаңтар 2022 ж. 2 249 0