Тасиды қаның, ашиды жаның...
Интернатта оқып жүр
Талай қазақ баласы
Жаңа өспірім, көкөрім,
Бейне қолдың саласы, – деп келетін қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңін оқыған боларсыз. Бұл өлең білім, ілім жолы, қазақ баласының көзі ашық, көкірегі ояу болуын, алған білімін ел игілігі үшін жұмсаса екен деген игі ойдан туындаған.
Талай қазақ баласы
Жаңа өспірім, көкөрім,
Бейне қолдың саласы, – деп келетін қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңін оқыған боларсыз. Бұл өлең білім, ілім жолы, қазақ баласының көзі ашық, көкірегі ояу болуын, алған білімін ел игілігі үшін жұмсаса екен деген игі ойдан туындаған.
ХІХ ғасырдың 80-жылдарында халықты отарлау, орыстандыру саясатымен әкімшілік орталықтарында әртүрлі орыс-қазақ мектептері ашылып, олардың жанынан интернаттар құрылғаны белгілі. Ақын осы кезеңнің мұңын айтып, қазақ баласы ілім іздедім деп, шоқынып кетпесе екен, алған білімі «адвокат, тілмаш» болуға ғана жетіп, ғылым мен дін жолынан алшақ қалмаса екен дейді.
Қазақ ұғымында «көк» сөзі «жас, жаңа шыққан» деген мағынада қолданылады. Оңы мен солын енді таныған жасөспірім «қолдың саласындай», яғни «бес саусақ бірдей емес». Өмірге деген көзқарасы енді ғана қалыптасып жатқан жастың бағытын қалай бұрса, болашағы солай қарай кетері анық. Көкөрім жас «орыс тілі, жазуын» білгеніне риза болып, «Балам закон білді» деп ата-ана қоса қуанса, дін жолынан адасып, «иждиһатсыз» болғандықтан ғылымға да көңіл қоймауы бек мүмкін. Дана Абай осындайдан қауіптенеді. Ақын қазақ баласының дәрежесі тек орыс тілін біліп, закон жаттаумен шектелмейтінін айтқысы келген іспетті. Ол мұнымен орысты жамандамайды. Себебі ол өзі де орыс әдебиетінен қуат алып, орыс тілін жетік білген. Тек қазақтың тіл білсе дандайсып, елге пайдасынан кесірі тиетіндігінен сақтандырады.
Адамның басқадан нені үйрену керегін, қай тұсын іліп алатындығын оның ойы мен ыждаһаттылығына, көкірек көзінің ашықтығына орай деп біледі. Салтыков пен Толстойды оқыса өзге ұлттан үйренеріміз көп екендігін айтады. Абай Құнанбайұлының өзі де орыс ілімін танып, Салтыков пен Толстойды қана оқып, аударма жасаған. Өлеңінде ілімді дұрыс жағынан пайдалана алсаң өмірлік азық, кейінгіге мұра, қате кетсең, өзіңе де, ұлтыңа да жау дегенді меңзейді.
Абай ақынның әр айтқан сөзі, өз заманында көтерген мәселесі – бүгінгі күні де өз маңызын жоймаған қоғамдық мәселелер. Өлеңді оқып отырсақ, бұл – Абай заманының ғана мәселесі секілді, сол кезеңді айтқандай. Бірақ бүгінгі күн тұрғысынан қарасақ, тағы да осы мәселе алдымыздан көлбеңдеп шыға келеді. Көз алдыңызда жүрген ұл-қызыңыз жоғарғы оқу орнына басқа қалаға барады. Жаңа орта, жаңа адамдар... Одан кейінгі тәрбиесі араласар ортасына тікелей байланысты болады. Бірақ, іргесі мықты үйдің оңайлықпен құламайтынын ата-аналар бала тәрбиесінің алғашқы кезеңдерінде ескеруі қажет.
Рас, қазір «шет елде білім аламын» деген кісіге шектеу жоқ, қиындығы да шамалы. Мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар, жоғарғы оқу орындары арасындағы келісім негізінде де студенттерге қолдау көрсетіледі. Бұндай мүмкіндіктің болуы – егемен еліміздің ғылым мен білімдегі үлкен жетістіктерінің бірі. Ондағы мақсат – шет елдің тілін, мәдениетін, жетістігін көрсін, білсін, үйренсін, соны елге әкеліп дамытсын, халықтың жағдайын жақсартуға жұмсасын дейді. Дегенмен қазіргі күннің де «ыждаһатсыз, михнатсыз», «аз білгенін көпсінген», «қаны бұзықтарын» көз көріп, құлақ естіп жүр. Шетел шетел ма, ауылда туып, топыраққа аунап өсіп, бірнеше жыл қала көріп «қалабай» болып қалатындарға қаның қайнамай тұрмайды. Өссін, дамысын, көрсін, тек туған жерге, елге сатқындық қылу – опасыздың ісі. Өзге тілде сөйледің екен деп сол ұлт сені бауырына баспайды. Сондықтан өз елін, тілін менсінбеу – надандықтың көрінісі.
Шығыстың ғұлама ғалымы әл-Фараби: «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін» дейді. Ал адам сенген, заман сенген жастарымыздың арманы – шет елде өмір сүру болғанына кім кінәлі? Адам ба, заман ба? Бір көршімнің көзбен көрмесе де айтулы шет елде тұрғысы келетінін сонша армандағанын көріп жағамды ұстап, қайран қалдым. Оқу үшін емес, біржола елден кету үшін. Себебін түсінгім келмесе де, сұрадым. Уәжі – біреу. Шетелде өмір сүру керемет екен-мыс. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болдың» мәнін түсінбейтін қазақша білмейтін қазақ көршім өз елінде сұлтан болып жүргенін ұқпайтын да секілді. «Тасиды қаның, ашиды жаның...» Айтасың, «баяғы жартасқа» соғылып, өзіңе ғана естіледі. Жаңғырық...
«Ауруын жасырған өледі» деген, көз көріп, құлақ естіген мәселені сөз еттік. Әсілінде, бұл дегеніміз құлдырау емес. Әрине, бүгінгі күннің қаһармандары жетерлік. Елдің елдігін, халықтың тұтастығын, тілдің тазалығын сақтау үшін, еліміздің керегесі кең, терезесі өзге елмен тең, шаңырағымыз биік болуы үшін, жұртымыздың жалғасты өмірі жарық, жастарымыздың болашағы жарқын болуы үшін, ұлттық тәрбиенің жарқын үлгісін көрсетіп, халқымыздың ұлықтығын, ұлылығын насихаттап жүрген азаматтар қаншама? Тәуелсіз елді, «елім» дер ерді нәсіп қылған Аллаға сансыз мадақ.
Мәселені көтердік. Себеп қандай? Не жетіспейді? Себеп – жалғыз. Жетпейтіні – ұлттық тәрбиенің, ұлттық сананың кемдігі. Патриоттық намыстың, елім деген көкіректегі оттың болмауы. Ғасыр бұрын бүгінгінің күйін, халін өз заманынан да көріп, артына өшпейтін мәңгілік мұра қалдырған Абай Құнанбайұлын дана, дара емес деп ешкім айта алмайды. Ұлт ақынын айтып қана қою жеткіліксіз, оны «көзбен көріп, ішпен біліп», жүрекпен сезіну керек.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ