Марапат төрінде – мәртебелі маман
Жақсы дәрігер болу үшін адамның ауруын ғана емес, жан-дүниесін де түсіну керек. Ем іздеп келген науқасқа жылы шырай танытып, үнемі күліп қарсы алатын білікті маман пациенттері үшін де сыйлы әрі ондай маманды арнайы іздеп келетіндер де көп. Өйткені, тәні ауырған адамның жанын да емдей білген маман жұртшылықтың құрметіне бөленері хақ. Сол үшін де ақ халақтты абзал жандарға көрсетілер құрмет ерекше.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Бағжан Сматова – өз ісінің нағыз маманы. Он жылдан бері аудандық аурухананың невропотолог-дәрігері қызметін абыроймен атқарып келе жатқан ол алдына келген науқаспен баяу сөйлесіп, баппен түсіндіріп, шығарып салады. Неврология – үлкен сала. Қарап отырсаңыз, заман ба, адам ба, әйтеуір, жұмыс салдарынан не басқа да жағдаймен көпшілік жүйке ауруларына жиі шалдығып жатады. Бас ауруларынан бастап түрлі дерттің түпкі тегі жүйке жүйесінің зақымдалуынан болуы мүмкін. Айтпағымыз, дәрігерден шипа іздеп, көмегіне жүгінушілердің қарасы қалың. Ондайда Бағжан әр пациенттің жағдайын жіті зерттеп, қажетті ем-шараны ұсынады.
– Біздің сала жүйке ауруларымен тығыз байланысты болған соң, көбіне емделушілер ашушаң келеді. Оны түсінуге де болады. Бір күнде қаншама адам қабылдаймыз. Ал ауырып тұрған адам үшін кезек күту де қиынның қиыны. Ондайда науқастарға жылы шырай танытып, жаймен түсіндіру маңызды. Одан кейін жағдайын сұрап, мән-жайды асықпай біле бересің, – дейді саланың қызығы мен қиындығы қатар жүретінін тілге тиек еткен дәрігер.
Дәрігердің қабылдауына кірген адам жылы жүзді маманмен ақтарыла сөйлесіп отыра бергісі келеді. Себебі, ол анық әрі нық-нық сөйлеп, сөйлесушіні өзіне тартып тұрады. Сенімділік, дұрыс сөйлеу – бұның бәрі әсіресе халықпен тығыз жұмыс жасайтын маман үшін өте қажетті қасиеттер деуге негіз бар.
Бағжан Қожамұратқызы өткен жылды табысты қорытындылады. Денсаулық сақтау саласындағы он жылдық еңбегі еленген ол Қазақстан медицина қызметкерінің қоғамының арнайы төсбелгісіне ие болды. «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» деген жазулы куәлігі бар Астана қаласынан арнайы келген медальді білікті маманға аудандық аурухананың бас дәрігері Жалғасбек Үсенов салтанатты түрде тапсырды. Өз саласында біліктілігімен көзге түсе білген Бағжан осылайша өткен жылды «Жыл үздігі» атауымен қорытындылап, жаңа белеске қадам басты. Айтпақшы, бұл ақ халатты абзал жанның алғашқы марапаты емес. Бұған дейін де өз саласында үздік атанып, адал еңбегі үшін 2015 жылы сол кездегі облыс әкімінің арнайы «Алғыс хатына» және әр жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының «Құрмет грамоталарына» ие болып жүр.
Жоғарғы оқу орнын бітірген 2012 жылдан бастап аудандық емханада тұрақты қызмет етіп келе жатқан білікті дәрігердің осы уақыт аралығында бірде-бір рет ескерту мен шағым алмай, адал еңбек етуі Бағжанға берілген марапаттың лайықты екенін дәлелдей түседі.
Талайдың дертіне шипа болар бағыт беріп, қаншама адамның алғысына бөленіп жүрген дәрігер ауданға еңбегі сіңген құрышқол құрылысшы Қожамұрат Сматов пен Несібелі Қыдырбаеваның шаңырағында дүниеге келген. Өзі отбасында төрт ағайынды. Екі қыз, бір ұлдан кейінгі үйдің кенжесі. Тарихы тереңнен сыр тартатын Тереңөзек кентінде туып-өскен ол аудан орталығындағы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектепте білім алған. Кейін жоғары сыныптарда облыс орталығындағы Қазақ-Түрік лицейіне ауысып, білімі мен тәжірибесін қатар шыңдаған. Арманы асқақ, мақсаты айқын бойжеткен жоғарғы білімді еліміздегі жетекші университеттердің бірі С.Асфендияров атындағы медициналық университетте алған. Сегіз жылдық білімнен соң мамандығын жетілдіру мақсатында төрт айлық неврология курсын оқыған. Міне, табандылық пен білімнің арқасында Бағжан дәрігер болып қызмет етіп, халыққа еңбегін сіңіріп келеді.
– Бастапқыда басқа мамандық таңдағым келген. Бірақ анамның себеп болуымен осы саланы таңдадым. Анам маған оң, дұрыс бағыт-бағдар берді. Мен өз мамандығыммен мақтанамын. Себебі дәрігерлік – жауапті іс, адам жанына араша болу – қасиетті парыз. Бір жағынан қызмет, екінші жағынан адамдарға көмектесіп, қоғамға пайдалы болу шабыт сыйлайды, – дейді кейіпкеріміз.
Бағжанның бастапқы арманы ағылшын тілі маманы болу еді. Ата-анасының бағыттауымен дәрігерлік саланы таңдаған ол ешқашан өкінген емес. Бірақ өзінің бала күнгі арманын да аяқ асты етпеген. Тіл үйренуді қосымша алып жүрген ол қазір төрт тілді жетік меңгерген. Ағылшын, түрік және орыс тілдерінде өз ана тіліндей еркін сөйлейтін ол тіл білудің қазіргі заманда негізгі қажеттіліктердің бірі екенін айтады.
Мамандықтың ең қадірлісі – дәрігерлік. Ақ халат киіп, антқа адал болу, халық денсаулығы үшін еңбек ету екінің бірінің қолынан келмейді. Медицина саласын таңдаған адамға ептілікпен қатар үлкен жүректілік те қажет-ақ. Осы ретте еңбегі еленіп, тұрғындар алғысына бөленіп жүрген Бағжан Сматованы айтулы марапатымен құттықтай отырып, жауапты қызметіне сәттілік тілейміз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ